Жұмбақты қалай түсінесің

Тренинг-сабақ (Ана тілі, 4-сынып)

Бұл сабақ тренинг форматында ұйымдастырылып, оқушыларды топпен жұмыс істеуге, өз ойын ашық әрі дәл жеткізуге, бір-бірін тыңдауға және халық ауыз әдебиетінің негізгі жанрларын ажырата білуге бағытталады.

Сабақ тақырыбы

Жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер.

Сабақ мақсаты

Білімділік

Оқушыларды халық ауыз әдебиетінің түрлерімен: жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдермен таныстыру.

Дамытушылық

Бұл жанрларды бір-бірінен ажырата білуге, мәнін терең түсініп, мағынасын аша алуға, тілін дамытуға ықпал ету.

Тәрбиелік

Халық мұрасы арқылы ұлттық сезімді оятып, кішіпейілділікке, ізеттілікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Сабақтың форматы мен ресурстары

Негізгі мәліметтер

Әдісі
Сұрақ-жауап
Түрі
Тренинг-сабақ
Пәнаралық байланыс
Ағылшын тілі, орыс тілі, дүниетану

Көрнекі құралдар

  • Үлестірмелі қима қағаздар
  • Тренинг ережелері жазылған плакат
  • Топ ұпайларын белгілейтін көрсеткіш

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Топтарға бөлу.

Топқа бөлу сөздері:

Есік Кереге Уық Шаңырақ Бақан

Тренинг ережелері

  1. Тыныштық сақтау.
  2. Бір-бірін тыңдау.
  3. Қол соғу арқылы қолдау білдіру.
  4. Ойды ашық айту.

Бағалау және рөлдер

  • Әр дұрыс жауап 5 ұпаймен бағаланады.
  • Әр топ өз ішінен: топ басшысын, уақыт есептеушіні, жазып отырушыны, таныстырушыны сайлайды.
  • Топ басшысы қатысымды бақылап, сабақ соңында қорытынды бағалауға жауап береді.

II. Жаңа сабақ: тренинг форматы

Сабақтың негізгі мақсаты — ұйымшылдықты арттыру, топтасып жұмыс істеуге баулу, ой бөлісуге және пікірді еркін айтуға дағдыландыру.

1-бөлім. Кіріспе: «Білгенге маржан, білмегенге арзан»

Әр топқа тапсырма таратылады. Ойлануға 2 минут беріледі.

  • №1. Жаңылтпашты қалай түсінесің?
  • №2. Жұмбақты қалай түсінесің?
  • №3. Нақыл сөзді қалай түсінесің?
  • №4. Мақал дегеніміз не?
  • №5. Мәтелді қалай түсінесің?

Ойын

«Орамал тастамақ»

2-бөлім. «Халық айтса, қалт айтпайды»

Топ басшылары келіп тапсырмалар алады. Орындауға 2 минут, түсіндіруге 2 минут беріледі.

А) Мақал-мәтелдердің мағынасын ашып түсіндіру

  • №1. Оқу — білім азығы, білім — ырыс қазығы.
  • №2. Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп.
  • №3. Жер — ырыстың кіндігі, білім — ырыстың тізгіні.
  • №4. Өнер — ағып жатқан бұлақ, білім — жанып тұрған шырақ.
  • №5. Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол.

Ә) Тақырыпқа сай 3 мақал айту

Әр топқа тақырып беріледі. Ойлануға 1 минут уақыт.

Қыс Отан Кітап

Ойын

«Ұршық»

3-бөлім. «Ойлан, тап!»

А) Жұмбақтың жауабын 3 тілде айту

Әр топқа жеке-жеке жұмбақ жасырылады. Шешуін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде айту қажет. Ойлануға 10 секунд.

№1. Бір үйге көзсіз боп басыңды сұғасың, бұл үйден көреген болып шығасың.

Жауабы: мектеп / школа / school

№2. Ымырт түссе шығамын, таң атқанда батамын. Көк теңізде шашылып, көзімді ілмей жатамын.

Жауабы: жұлдыз / звезды / stars

№3. Тындырып адам жұмысын, тазартып үйдің ішін. Кейде дауыл соғады, кейде ішіне сорады.

Жауабы: шаңсорғыш / пылесос / vacuum cleaner

№4. Ішегіне мұз қатқан, өзін-өзі мұздатқан.

Жауабы: тоңазытқыш / холодильник / fridge

№5. Жылыны суытпайды, суықты жылытпайды.

Жауабы: термос / термос / thermos

Ә) Сөзден жұмбақ құрастыру

Әр топқа сөз жазылған карточка таратылады. Топ өз сөзіне жұмбақ құрастырып, қарсы топқа жасырады. Ойлануға 2 минут.

Түлкі Жұмыртқа Қайшы Кітап Бор

Ойын

«Сөз ойла, тез ойла»

4-бөлім. «Кім жылдам?»

Топ басшылары оқылған жаңылтпаштарды жаңылмай, қайта айтып береді.

№1. Бала бал арасын қуалады, бал арасы баланы қуалады.
№2. Ықылас пен Ыбырай ыдыстарын тасымай, Ырыскүлден үлгі алмай, ынтасыз жүр — тілді алмай.
№3. Ескекті есекші еседі, ескекші ескекті еседі.
№4. Гүлім гүлге қарап күлімдеді, көгілдір гүлге қонған аралар гуілдеді.
№5. Әбдіреде әбігер әтеш отыр, әбігер әтеш отырған әбдіреңді әжем қолмен ашып отыр.

III. Бекіту және қорытынды

  • Тренинг-сабақ ұнады ма?
  • Сабақ басында қойған мақсатымызға жеттік пе?

IV. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуына қарай бағалау жүргізіледі: жұмыстар қорытындыланып, белсенділік мадақталады. Топ басшылары өз топ мүшелерін жазбаша түрде бағалап тапсырады. Нәтижесінде оқушылар толық бағаланады.

V. Үй тапсырмасы

Әр топ шағын кітапша (жинақ) құрастырып келуге тапсырма алады.