Сын тұрғысына ойлауды бағалау

Бастауыш білім Сын тұрғысынан ойлау RWST Шығармашылық жұмыс

Басымдық

Білім сапасын арттыру және оқушыны белсенді субъект ретінде қалыптастыру.

Нәтиже

Еркін пікір айту, дәлелдеу, тыңдау мәдениеті, топта жұмыс істеу.

Құрылым

Қызығушылықты ояту → Мағынаны тану → Ой толғаныс.


Кіріспе

Бүгінгі білім беру саласының басым бағыты — білім сапасын арттыру. Оқушының белсенділігі мен танымдық іс-әрекеті арқылы шығармашылығын дамыту, қажетті жағдайда ерекше шешім қабылдай алатын тұлға қалыптастыру және оқытуды ізгілендіру — қазақ мектебінің алдында тұрған маңызды міндеттер.

Уақыт талабына сай оқушының шығармашылық қабілетін дамыту үшін жаңа ақпараттық технологияларды тиімді қолдану қажет. Білімнің жаңа мазмұнын іске асыруға жаңа технологиялар керек-ақ. Дегенмен жаңалықты меңгеру мен жүзеге асыру барысында дұрыс түсінбеушілік түрлі кедергі тудыруы мүмкін.

Сын тұрғысынан ойлау әдіс-тәсілінің ерекшелігі

Педагогикалық технологиялардың тиімді бағыттарының бірі — Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту (RWST). Бағдарламаның мақсаты — барлық жастағы оқушыларды, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларын да, кез келген мазмұнды сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарымның бірін таңдай отырып, сапалы шешім қабылдауға үйрету.

Оқу үдерісін даралауда оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау — оның өзіндік танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағыттау деген сөз. Осыған орай мен оқушыларға жекелей тапсырмалар беріп, шығармашылық деңгейде жұмыс жүргізуді жөн көрдім. Бұл деңгейде оқушы құбылысты өз бетінше талдап, шағын зерттеу жұмысына бейімделеді. Мұндай жұмыс — бала үшін «кішкентай жаңалық ашумен» тең.

Негізгі мақсат

  • танымдық міндеттерді қалыптастыру;
  • шығармашылық қабілет пен қызығушылықты жетілдіру;
  • білімге құштарлықты ояту.

Осы мақсаттарды жүзеге асыруға Сорос–Қазақстан қоры ұйымдастырған «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» курсына қатысуым едәуір көмектесті. Сабақта түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтуына, ойын ұштауына және өзіне деген сенімін арттыруына мүмкіндік беруге тырыстым.

Бұл бағдарлама жаңа буын оқулықтарының талаптарын жүзеге асыруда, оқушылардың білім деңгейін көтеруде және шығармашылыққа баулуда тиімді. Сын тұрғысынан ойлау — сынау емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын ойлау әрекеттерінің жүйесі. Ол — мәселе бойынша өз пікірін айтып, оны дәлелдей алу.

Бастауыш сынып оқушыларының ізденісін дамыту

Сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамыту үшін оқушылар сабақ барысында өзара байланысты нақты стратегияларды қолданады. Бұл жоба мұғалімнен ашық талқылау ұйымдастыруды және дәлелді ойлауды талап етеді. Оқушы өз ойын айтады, тыңдайды, салыстырады, талдайды — нәтижесінде шешім қабылдауға үйренеді.

Осы кезеңдерде жұпта талқылау, топтау, түртіп алу, болжау сияқты тәсілдер оқушының белсенділігі мен ынта-жігерін арттырады. Оқушы бұрынғы білімін еске түсіреді, жазады, жұбымен және тобымен талқылайды. Осылайша ойы шыңдалып, тілдік дағдысы да дамиды.

RWST жобасы: 3 фаза

1-фаза: Қызығушылықты ояту

«Миды ояту» тәсілі арқылы оқушы бұрынғы білімі мен сезіміне сүйеніп, жаңа білімге «мазмұн қалап», алға саналы түрде жылжиды. Жаңа идея мен мәліметті үйрену және оны өз білім негізімен ұштастыру қажеттілігі айқындалады.

2-фаза: Мағынаны тану

«Түртіп алу» (INSERT) әдісінде оқушы мәтін мазмұнымен жұмыс істеп, жаңа идеяның бұрынғы біліммен байланысын анықтайды. Ақпараттың маңызын бағалап, белгісізден белгіліге қарай қозғалады.

3-фаза: Ой толғаныс

Үйрену процесінің қорытынды кезеңі. Оқушы алған білімін «сыртқа шығарып», түсінгенін өз сөзімен жеткізеді, тұжырым жасайды, көзқарасын нақтылайды.

Сын тұрғысынан ойлауды үйретудегі негізгі шарттар

  1. 1.Ойлауды дамыту үшін уақыт қажет.
  2. 2.Оқушыға ойланып, толғануға және ойын ашық айтуға мүмкіндік беру.
  3. 3.Әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау мәдениетін қалыптастыру.
  4. 4.Үйрену барысында белсенді іс-әрекетті жүйелі қолдау.
  5. 5.Бір-бірін тыңдауға және құрметтеуге тәрбиелеу.
  6. 6.Өз пікірін дәлелмен ашық жеткізуге үйрету.
  7. 7.Сын тұрғысынан ойлауды бағалау (рефлексия, кері байланыс) құралдарын қолдану.

Сын тұрғысынан ойлау — өз алдына сұрақтарға жауап іздеу, жан-жақты пікірлесу, талдау жасау. Яғни оқушы санасын тақырыпқа байланысты ояту, ой шақыру, тұжырымдау, көршісімен пікір алмасу, топтасу.

Топтық жұмыста оқушы бірлесіп әрекет етеді: тыңдайды, салыстырады, мәдениетті әрі батыл сөйлеуге үйренеді, ортақ тұжырымға келудің құндылығын түсінеді. Бұл — оқушылардың қауымдасып жұмыс істеу дағдысын қалыптастырып, қызығушылығын оятады.

Іс-тәжірибемнен: оқушылардың шығармашылық жұмыстары

Сабақта қолданған жұмыс түрлері

  • Сурет арқылы ретін тауып, әңгіме құрастыру
  • Тірек сөздермен жұмыс
  • Әңгімені өз ойымен салыстыру
  • «Авторға хат» (кейіпкердің орнына өзін қою)
  • Мәтін оқуда: «Неліктен жазды? Қай кезең?» сияқты сұрақтар
  • Өлең шығару
  • Кубизм әдісімен терең талдау
  • Қызықтырған тұстарын жазу (дерек жинау)
  • Мақал-мәтел келтіру, мағынасын талдау
  • Мәтінді жан-жақты талдау, мазмұнын терең ұғыну

«Жақсылардың жақсысы» ертегісі: болжау кестесі

Сіз шын мәнінде не болды деп ойлайсыз? Оған қандай дәлелің бар? Не болды?
Жабық бөлмеде сынатын нәрсе бар. Әкесі: «ойнап жүріп сындырып қоймасын» деді. Себебі әкесі есікті үнемі жауып, ашпай қоятын. Әкесі кітап, ұршық, өрмек тығып қойды. Қызы өскенде ғана түсінетін болғандықтан, есікті ашпады.
Қайнекей Жармағамбетов

Қайнекей Жармағамбетов «Ормандағы оқиға»: ББҮ, семантикалық карта және «Авторға хат»

ББҮ стратегиясы

Білемін Білгім келеді Үйрендім
Орманда ағаштар көп. Өсімдіктер мен жануарлар тіршілік етеді. Орманды жерлердің қазіргі жағдайы. Орман — халық байлығы, тынығу орны және қорғаныш. Еліміздегі орман алқаптары туралы білдім.

Семантикалық карта (ағаш түрлері)

Сипаттама Қайың Сексеуіл Қарағаш
Бұта және кішкене ағаш түріндегі өсімдіктердің бір туысы. Діңдері қисық, жиі бұтақталған.
Жарықты жақсы көретін, тез өсетін, қабығы ақ түсті, көп жылдық өсімдік. +
Құрғақшылыққа төзімді, тамыры тереңге кететін, отынға пайдаланылатын ағаш түрі. +

РАФТ әдісі: «Авторға хат»

Р: оқушы · А: тобылғы · Ф: хат · Т: «қызғаншақ тобылғы»

Сәлеметсіз бе, Тобылғы!
Сізге хат жолдап отырған оқушыңыз Гүлшат. Мен сізге қатты ренжідім. Неге мұндай әрекетке бардыңыз? Сіздің бойыңызда қызғаныш пайда болды деп ойлаймын. Қызғаныш — жаман әдет. Екінші рет осындай іске бармаңыз. Мен сізге сенемін.
Сәлеммен, Гүлшат.

Р: оқушы · А: автор · Ф: хат · Т: Қайнекей ағаға хат

Сәлеметсіз бе, Қайнекей аға!
Мен сіздің «Ормандағы оқиға» атты әңгімеңізді оқыдым. Тілі жеңіл әрі қызық екен. Бірақ мәтіннің аяқ жағы ұнамады, көңіліңізге алмаңыз. Мен сіздің орныңызда болсам, ағаштарды жинап, Тобылғыны ортаға алып, кемшілігін айтар едім. Ағаштар оның ісін кешірер еді деп ойлаймын. Жалғыз өмір сүру қиын ғой.
Сәлеммен, Таңшолпан.

Оқушылардың шығармашылық мәтіндері

Текемет · Нәсіпбек Айтов

Мені әжем қалай текемет қылды? Мен әуелі жүн едім. Әжем мені түтіп, тазартып, шидің үстіне салды. Сосын ыстық су әкеліп, үстіме құя бастады. Мен күйіп қалдым, бірақ білдірмедім. Қайта-қайта ыстық су құйылды. Бір кезде көп адамдар мені баса бастады. Мен үндемей жылап жаттым. Жан-жағымнан тартқылап, сабағанда «өлдім-ау» дедім. Сәлден соң ағаштың басына жайғанда, бәрін ұмытып, қуанышымда шек болмады. Міне, мен осылай әдемі текемет болып шыға келдім.

«Мен қалай құмырсқа болдым?» · (ертегі) · Рзағали Назым

Ерте, ертеде бір кемпір мен шал болыпты. Олардың жалғыз ұлы еріншек, жалқау екен. Күндердің күнінде кемпір мен шал қартайып, баласына ренжіп: «Қарашы, анау кіп-кішкентай құмырсқа жаз бойы бір тынбай еңбек етеді», — дейді. Мұны түсінбеген бала: «Кішкентай құмырсқаның қолынан не келеді?» — деп ойлайды. Сол сәтте ол құмырсқаға айналып кетіпті. Еңбекпен тапқан бір түйір дәнін арқалап келе жатып, сайға түсіп кетеді. Шыға алмай қиналады. Бір кезде оянып кетсе, түсі екен. Қуанып: «Еңбекқор құмырсқа болғанша, еңбекқор адам болайын», — дейді.

Өлеңдер

Монолог · Байдуллаева Фариза

Мен арамын, арамын, Бал жинауға жарадым. Арасынан гүлдердің Бал бар ма деп қарадым.

Өтірік өлең · Айжан

Бара жатып жұмысқа, Шағып алды құмырсқа. Құмырсқаны қуам деп, Кешігіп қалдым жұмысқа.

Айтыс үлгісі · Гүлшат

Ай, ай, Марат-ай, Салақтығың ұят-ай. Ұмытпайды тамақты, Ұмытады-ау сабақты-ай.

Мұғалімнің ой-толғанысы

Сабақта оқушыларымның өз бетінше ойлануына көбірек көңіл бөлдім. Олардың рөл таңдап, сезімге бой алдыруы және соны өз сөздерімен жеткізе алуы жақсы нәтиже берді. Оқушылардың танымдық белсенділігі артты, білім сапасы көтерілді.

«Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы» сияқты стратегиялар ойды жинақтауға және салыстыру жасауға ықпал ететінін оқушылардың жауаптарынан байқадым. Стратегияларды тиімді қолдану арқылы оқушылардың тілі, ойлауы, еркін сөйлеуі дамып, топпен жұмыс барысында бір-бірін тыңдауға және құрметтеуге үйренді.

Белгілі бір тақырыпты сын тұрғысынан қарап, ой толғау, суреттеу, еске түсіру және болжау — оқушыны «жаңа әлемнің жаңалығын ашқандай» күйге жеткізіп, әрі қарай пікір айтуға ынталандырады.

Қорытынды

Бастауыш сынып оқушыларын оқытуда тиімді әдістерді жүйелі пайдалану — білімге қызығушылықты арттырып, терең ойлау дағдысын қалыптастырады. Бұрын оқушы мұғалім мен оқулыққа ғана бағынатын тыңдаушы болса, енді ол сын тұрғысынан ойланып, өз ойын дәлелдей алатын тұлғаға айналады.

Бұл технология — оқу мен үйренуді ұйымдастыратын нақты құрылым. Сыныпта топпен және жұппен жұмыс жасау арқылы оқушылар өзара пікірлесіп, ең ұтымды жауапты табуға үйренеді. Берілген сұраққа іздене отырып, әр оқушы өз ойын еркін айтып, дәлелдеп, қорғауға мүмкіндік алады.

Сондықтан «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы қазіргі уақытта мұғалім үшін аса қажет, нәтижесі айқын технологиялардың бірі деп есептеймін.