Жұпарбай ата
Жамбыл облысы, Шу қаласы
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы: Әли Жанар Бейбітқалиқызы
Отбасылық альбомның кейіпкері
Ұлы Отан соғысы үшін жанын құрбан етіп, қыршынынан қиылған аяулы азаматтарымыз туралы, олардың соңында жесір қалған ата-анасы, бауырлары, жұбайы мен балалары туралы ойға шомған сәтте ақынның мына бір шумағы еріксіз көңілге оралады:
Соғыс жұлып кетті оның тірегін,
Соғыс бұзды қуанышын, реңін.
Тұрды Ана, жолдасынан айырылып,
Тұрды құшып тек қана оның жүрегін.
Төрт жылға созылған зұлмат соғыс ызғары кімнің отбасына кері әсерін тигізбеді?! Қаншама шаңырақтың берекесін кетіріп, қаншама жанның көз жасын көл етпеді?! Елді ойран қылған, әкеден де, бауырдан да айырған, ана мен баланың үмітін үздірген қанды соғыс орны толмас зардабын қалдырды.
Жеңіс пен оның салмағы
Елдің жұмылған жұдырықтай бірлігінің, жанкешті ерлігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында жаудың беті қайтарылып, Ұлы Жеңіс келді. Біз жеңіске жеттік, шаттыққа бөлендік. Алайда сол жеңістің астарында халықтың маңдай тері, көрген қасіреті, төгілген көз жасы жатыр. Соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмады. Сірә, оның зардабын көрмеген жан кемде-кем шығар.
Ескі сурет сөйлегенде
Отбасылық альбомды ақтарып отырғанда, еріксіз сырты мүжілген ескі суретке көзің түседі. Соғыс жылдары түсірілген бұл кадрда қолына қалақ ұстаған жап-жас баланың кейпі тұтас бір дәуірдің ауыр тынысын сездіреді. Сол сурет бірден ойға жетелеп, өз-өзінен сұрақ тудырады: балалықтың орнын еңбек пен жауапкершілік басқан сол жылдарда ол қандай күй кешті?
Мен сөз ететін кейіпкер — Жұпарбай ата. Ол соғыстың ызғарын әлі ұмытқан емес. Өткенді еске алғанда, сол күндердің салмағы жүзінен аңғарылады.
Жұпарбай атаның әңгімесі
«Ол кезде біздің отбасы Тәжікстанда тұрған. Әкем — Меңдібаев Нұртай (1901 жылы туған), анам — Нұрғаным Көпжасарқызы. Менен басқа екі інім және қарындасым бар еді», — деп бастайды ол әңгімесін.
Соғыс басталған жылы Жұпарбай ата 12 жаста болған. Ең алдымен ағасы Байсалов Сейтқасым Меңдібайұлы (1922 жылы туған) майданға аттанады. Ол кезде ағасы 18–19 жаста екен. Қорғантөбе атты көрші ауылда мұғалім болып жүрген жерінен әскер қатарына алынып, тікелей соғысқа жөнелтіледі.
1942 жылы әкесі де қырманда жұмыс істеп жүрген жерінен соғысқа алынады. Сол уақытта үйде тағы бір сәби дүниеге келеді. Әкесі «соғыстың арты жақсы болсын» деген ниетпен кенже ұлына Жақсыбай деп ат қойып кетеді. Сөйтіп, анасы мен төрт бала үйде қала береді.
«Сенің армияң — артыңдағы бауырларың»
Кенже інінің құжаттарын реттеу кезінде Жұпарбай ата орталықтағы әскери комиссариатқа кіріп: «Әкем де, ағам да соғысқа кетті. Мен де барамын», — дейді. Бірақ оған: «Сенің армияң — артыңдағы бауырларың. Соларды өсіріп жеткіз», — деп жауап береді.
Осы сөз жасөспірім Жұпарбайдың тағдырын айқындағандай болады. Ол жұмыс ауыр ма, жеңіл ме демей, совхоздың егістігіне де, үй сылағына да, мал бағуға да араласады. Балалықтың балдәурені оған бұйырмай, бар ойы бауырларын аман-есен жеткізуге ауысады.
Келген хаттар, үзілген хабар
Ағасы Байсалдан үш хат қана келеді. Біріншісінде пойызбен кетіп бара жатқаны жазылған. Екіншісі мен үшіншісінде: «Украина түбіндеміз, соғысқа аттанғалы тұрмыз, үзеңгіге аяқ салып…» деген мазмұнда хабар береді. Ал әкесінен бір ғана хат келіп, содан кейін мүлде хабарсыз қалады.
Соғыс аяқталғаннан кейін, 1947 жылы анасы Нұрғаным сырқаттан қайтыс болады. Анадан айырылған балаларды Өзбекстандағы Қоқан, Бесарыс жақтағы туыстары көшіріп әкетеді. Жұпарбай ата 19 жасқа келгенде туыстары үйлендіргенін айтады.
Хаттар есіне түскен сайын, ағасы туралы сөз бастаса, Жұпарбай атаның дауысы дірілдеп, жанары жасаурайды. Себебі ағасының жазып үлгергені — осы үш-ақ хат.
Үміт үзілмеген іздеу
Ата-анадан бір, бауырдан екі айырылған ауыр тағдыр жас та болса, оны бір кісідей қайраттандырады. Тағдыр тауқыметі ерте есейткен Жұпарбай ата тамыры тереңге кеткен бәйтеректей болып өсіп-өніп, бүгінгі күні немере-шөбересінің ортасында Жамбыл облысы, Шу қаласында ғұмыр кешіп келеді.
«Қара қағаз» келмеген соң, сенім де сөнбеді
Жұпарбай атаға әкесі мен ағасынан «өлді» деген қара қағаз келмеген. Сондықтан ол үмітін үзбей, іздеу салып көреді. Талай жанды табыстырып, талай отбасын қуанышқа бөлеген «Бармысың, бауырым» жобасына, сондай-ақ Ресейдегі «Жди меня» бағдарламасына да үміт артқан. Алайда оның үміті ақталмайды.
Кейін Ресейдің Подольск қаласындағы орталық мұрағатқа хат жазады. Мұрағаттан «қаза болғандардың тізімінде жоқ» деген жауап келеді. Уақыт өткен сайын бауырларының бейнесі көмескілене бастаса да, көңілдегі үміт оты сөнбейді.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегенді берік ұстанған ата бүгін 87 жаста. Ұрпағының амандығын тілеп отырған осындай жандарды мақтан тұтамыз.
Түйін
Жеңісті бір табан болса да жақындатуға үлес қосқан, тылдағы ауыр еңбекті арқалап, отбасын аман сақтауға бар ғұмырын арнаған Жұпарбай ата туралы осындай тебіреністі ойды жазуды өзімнің парызым деп білдім.
Соғыс талай адамға қиыншылық әкелді. Әрбір отбасы бұл зұлматтың зардабын көрді: бала әкеден айырылды, бауырдан айырылды; біреуі елге оралса, енді бірі із-түзсіз кетті. Қазақ жұрты енді ешқашан мұндай қасіретті көрмесін деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!