Күз қандай керемет мезгіл

Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылы • «Жауқазын» мектепке дейінгі бөбекжайы МКҚК

Тәрбиеші: Сапашева Гүлжанат Нұрланқызы

Күз сыйы

Залдың іші күз мезгіліне сай безендірілген. Балалар әуенмен залға кіреді.

Кіріспе сөз

Жүргізуші

Құрметті қонақтар, ата-аналар, бүлдіршіндер! Күз қандай керемет мезгіл! Қазан толып, еңбек жемісі жиналып, адамзаттың нағыз тойлайтын шағы емес пе?

Иә, пішен шабылып, астық орылып, мал жайлаудан түскен соң, шаруаның реттелгеніне қуанған халқымыз күзде сабан той жасап отырған. Сол ізгі дәстүр балабақшамызда да жалғасуда.

Олай болса, «Балапан» тобының «Күз сыйы» атты ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Күз туралы жолдар

Кездескен соң күзімен,

Бұтағынан үзілді

Ай жапырақ — сары алтын,

Айналаның бәрі алтын.

Сұрақ-жауап

Жүргізуші:

Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

Балалар: Күз мезгілі.

Жүргізуші:

Күз мезгілінде неше ай бар?

Балалар: Қыркүйек, Қазан, Қараша.

Жүргізуші:

Дұрыс айтасыңдар, балалар. Қазір соның Қараша айы.

Жүргізуші:

Күз мезгілінде табиғатта қандай ерекшеліктер болады?

Күзде күн салқындайды, кейде жаңбыр жауып, жел соғады. Құстар жылы жаққа ұшады, адамдар жылы киіне бастайды. Жапырақтар сарғайып, жерге түседі.

Ортақ тақпақ

Дәнге толып қызыл қырман,

Қырман басы қызыл думан.

Мөлдіретіп жүзімдерін,

Келді алтын күзің менің.

Молшылық күз — береке күз,

Береке күз — мерекеміз!

Музыкалық бөлім

Жүргізуші:

Өте жақсы, балалар. Енді әнге кезек берейік.

Ән: «Қошақан» (ән орындалады)

Балалардың тақпақтары

Еркеназ

Армысыздар, халайық,

Бармысыздар, халайық.

Күзгі тойды жұп жазбай,

Келіңдер, қарсы алайық.

Ерназ

Қуандырып біздерді,

Өлкемізге күз келді.

Кел, жемісті алтын күз,

Кемелденсін халқымыз.

Мансұр

Жайдарлы күз, жарқын күз,

Аяулы күз, алтын күз.

Дәнге толы кең дала,

Дариядай шалқар күз.

Гүлназым

Сау-сау етіп жапырақ,

Сабағынан үзілді.

Қоңыр тартып атырап,

Көкте құстар тізілді.

Халилулла

Ақтарады мырза күз,

Уылжыған жемісін.

Күзге біз де ризамыз,

Аянбаған ел үшін.

Әділет

Алтын, сары, қызыл, көк —

Алуан-алуан жапырақ.

Күзгі бақта күлімдеп,

Көз тартады атырап.

Жүргізуші

Тамаша! Күздің көркі мен берекесін жырлаған балаларымызға алғыс айтамыз.