Орындалып ойларымыз, Тойға ұлассын тойларымыз

Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем!

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Наурыз — көнеден келе жатқан, бүгінде жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мерекесіне айналған ұлық мейрам. Бұл — жақсылықтың жаршысы, берекенің бастауы, тіршілікке нұр, көңілге гүл сыйлайтын қасиетті күн.

Мәні

Күн мен түн теңелетін шақ

Қар еріп, жер көктеп, тіршілік жаңаратын мезгіл.

Тілек

Береке мен бірлік

Ақ көңіл, адал жүрекпен көрісіп, игі ниет айту.

Дәстүр

Наурыз көже

Үй-үйді аралап, дәм татып, татулықты күшейту.

Іс-шараның мақсаты

  • Наурыз мерекесі туралы білімді тереңдету.
  • Оқушылардың тілін, мәнерлеп өлең оқуын, ән айтуын, би билеуін, сөйлеу мәдениетін және сөздік қорын дамыту.
  • Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтеуге тәрбиелеу.

Кіріспе сөздер

Аида

Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар, қымбатты ата-аналар! Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы. Халық қастерлейтін осы шуақты күн әр шаңыраққа құт-береке әкелсін!

Алтынбек

Уа, халайық! Бүгін — Ұлыстың ұлы күні, ақ түйенің қарыны жарылған күн. Бұл — күн мен түн теңелетін мезгіл. Қар еріп, жер көктеп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасаратын шақ. Бұл күні үлкендер үй-үйді аралап, Наурыз көжеден дәм татады.

Аида

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ұлыс бақытты болсын, төрт түлік ақты болсын! Өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, ақ көңілмен көрісетін қасиетті Наурыз құтты болсын!

Алтынбек

Кел, балалар, ойнайық, Наурыз тойын тойлайық. Баянды боп мереке, қыр гүліндей жайнайық! Бүгін 5 «А» сыныбы ұсынатын «Наурыз – мерекем, Наурыз – берекем!» атты мерекелік думанға қош келдіңіздер!

Айда

Бұл әлемде мереке көп — қуанышты, әдемі. Ал біз үшін ең жақсысы — қымбатты Наурыз мейрамы!

Өнер мен дәстүр көріністері

Ән

Ортаға әнші қызымыз — Кабир Әсем.

«Қазақы дастархан»

«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй…» — Абай сөзімен өрілген ән шашуы.

Салт-дәстүр көрінісі

Наурызға тән жол-жоралар мен ғұрыптар.

Наурыз күні дүниеге келген сәбидің ат қою, шілдехана тойынан көрініс ұсынылады.

Би

Көңілді күй, ширақ қимыл, ұлттық нақыш.

  • «Балбырауын» — қол соғып, қошеметпен қарсы алыңыздар!
  • «Қара жорға» — мерекенің көркі, жұрттың серпітер сәті.

Күй

Ахмет Жұбановтың мұрасы.

«Қарлығашым» күйі

Орындайтын: Хибатова Наргиза.

Наурыз — жыл басы

Наурыз — жыл басы. Бұл ежелден келе жатқан мереке. Ата-бабамыз үшін жаңа жыл көктемнен басталады. 22 наурызда аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Жан-жануар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиіп, жер бетіне шаттық орнайды.

Жырдан шашу

Көргенге қуанасың таза ауаны,
Құлаққа естілгенде жаз әуені.
Жыл сайын тойланатын мәңгі бақи,
Наурызым құтты болсын, қазақ елі!

Той дегенде қазақтың жаны кірер,
Бағаңды жас білмесе, кәрі білер.
Наурызың құтты болсын, нар ағалар,
Наурызың құтты болсын, бар інілер.

Жылдың басы — Наурыз,
Жырдың басы — Наурыз.
Наурызға біз арнап,
Жырдан шашу шашамыз.

Жарапазан: игі тілек дәстүрі

Наурыз күні атқа мінген жігіттер ел аралап, жарапазан айтқан. Игі тілекпен келген жарапазаншыларға жұрт бауырсақ, құрт, ірімшік ұсынып, шапан жауып, белдеріне жібек орамал таққан.

Әли

Айтамыз жарапазан отбасына, Тілейміз денсаулықты бас-басыңа. Тілесек денсаулықты бас-басыңа, Амандық келер әр күн отбасыңа. Айтамыз жарапазан ауылыңа, Береке, бірлік берсін қауымыңа. Береке, бірлік берсе қауымыңа, Бас имес кімдер келіп ауылыңа.

Алтынбек

Айтамыз жарапазан еліңізге, Байлаңыз жақсы орамал белімізге. Байласаң жақсы орамал белімізге, Кетеміз мақтай-мақтай елімізге. Айтқанмен жарапазан тоямыз ба? Дәстүрін халқымыздың қоямыз ба? Дәстүрін халқымыздың біз ұмытсақ, Дүниеде екі бірдей оңамыз ба?

Наурыз көже: дастарханның берекесі

Мұғалім сөзі

Наурыз тойдың межесі — әжелердің көжесі. Қане, дәм татып қойыңыздар.

Қонақтарға көже үлестіріледі.

Наурыз батасы

Берекелі мерекеде бата — халықтың ең ізгі тілегі. Бүгінгі Наурыз тойымызға наурыз батасын жасы үлкен ата-әжелеріміз береді.

Бата мәтіні

Уағалайкум ассалам! Кеңпейілді қазақ елім, Кемелденген ғажап елім! Ұлыс күні құтты болсын! Ел іргесі мықты болсын! Бақыт әкеп ұлыс күні, Баянды боп тыныштығы, Әнші құстар баққа қонсын! Алтын табақ аққа толсын! Шаттығының сәтті күнін, Татулықтың тәттілігін, Көрсін ұрпақ қайырымды! Бұлт шалмасын ай-күнімді! Жаңа күнім жадырасын! Төл көбейіп, жамырасын! Еккен егін өнімімен, Еңбегіңнің сенімімен, Тірлігіңнің жемісімен, Бірлігіңнің жеңісімен Бағы жанып кәрі-жастың, Басынан бақ арылмасын! Орындалып ойларымыз, Тойға ұлассын тойларымыз! Әумин!

Алтынбек: Осы айтылғандар бір Алланың құлағына шалынып, періштелер «әумин» десін!

Қорытынды

Қадірменді халайық, «Өнерді аяп қалды» демеңіз, Мезгіл де біраз жерге таяп қалды. Қош болып тұрыңыздар, көріскенше — Осымен думанымыз аяқталды.

Шақыру

Құрметті қонақтар, баршаңызды Наурыздың ақ отауына шақырамыз! Наурыз дастарханынан дәм татыңыздар.