Қазақ дейтін халқымыз
Наурыз мерекесіне арналған сыныптан тыс шара
«Ата салтым — асыл қазынам»
Наурыз — жыл басы. Бұл діни мейрам емес, тарихи маңызы зор ұлт мейрамы. Іс-шараның өзегі — ата-бабадан жалғасқан ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің мәнін ашып, оқушылардың өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Мақсаты
- Қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу.
- Наурыздың ұлт мейрамы ретіндегі тарихи мәнін түсіндіру.
- Ұлттық тәрбиенің сабақтастығы туралы түсінік беру.
- Оқушылардың ұлттық құндылықтарға құрметін күшейту.
Қатысушылар
- 6, 7, 8-сынып оқушылары
- Ұстаздар мен қонақтар
- Екі жүргізуші
- Әділқазылар алқасы
Әділқазылар құрамы:
- ________________________________________
- ________________________________________
- ________________________________________
Жүргізушілердің құттықтауы
Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Көктеммен бірге келген қазақтың ұлт мейрамы — Наурыз, яғни Жаңа жыл мерекесі құтты болсын!
Өлкеме Наурыз келді, көктем келді,
Құлпырып, гүлге орап, көк пен жерді.
Халқымның салт-дәстүрін аялаған,
Арманы асқақтады көптен бергі.
Бүгін Наурыз мерекесі аясында салт-дәстүрге арналған «Ата салтым — асыл қазынам!» атты танымдық сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Сайыс басталмас бұрын әділ баға беретін әділқазылар алқасымен танысайық.
Командалар
Сайысқа 6–8-сынып оқушылары қатысады. Ортаға сайыскерлерімізді шақырамыз:
I топ
6-сынып: ________________________________
II топ
7-сынып: ________________________________
III топ
8-сынып: ________________________________
Жыр жолдары
Ата салтым — асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.
Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалған.
Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен-кіші, балдырған.
Сайыс кезеңдері
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрады. Әр кезең ұлттық танымды тереңдетіп, тіл мәдениетін және топтық жұмысты дамытады.
-
I кезең — Таныстыру
Топтың аты, ұраны, төсбелгісі.
-
II кезең — «Салт-дәстүрім — қазынам»
Салт, ғұрып, дәстүрге қатысты билеттер бойынша жауап беру.
-
III кезең — Сұрақ-жауап
Қоржыннан асық алу арқылы сұрақтарға жауап беру.
-
IV кезең — «Қыз қуу»
Мақал-мәтелдердің жалғасын табу.
-
V кезең — Ұлттық ойындар
Әр топ бір ұлттық ойыннан көрініс көрсетеді.
-
VI кезең — Ырымдар мен тыйымдар
Үш топ қазақтың ырымдары мен тыйымдарын айтып жарысады.
II кезең: «Салт-дәстүрім — қазынам»
Топ басшылары кезекпен билет суырып, топ мүшелерімен ақылдаса отырып жауап береді. Жауап беру кезінде ұғымның мағынасын қысқаша түсіндіру маңызды.
Салтқа байланысты сұрақтар
-
1-билет: Шілдехана
Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той.
-
2-билет: Кіндік кесер
Нәресте туған сәтте кіндігін кесетін әйел — кіндік шеше. Бұл — мәртебелі, абыройлы іс.
-
3-билет: Бесікке салу
Жаңа туған баланы бесікке бөлеу. Бесік — қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы.
-
4-билет: Қырқынан шығару
Бала туғанына 40 күн толғанда 40 қасық су құйып шомылдырады. Бұл — дені сау өссін деген ақ тілек.
-
5-билет: Тұсау кесер
Сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен жасалатын ғұрып.
-
6-билет: Сүндетке отырғызу
Ер бала 3, 5 немесе 7 жасқа толғанда өткізілетін рәсім.
Ғұрыпқа байланысты билеттер
-
1-билет: Ат қою
Қазақ халқы жаңа туған сәбиге жақсы есім берген. Көбіне баланың атын беделді адам қойып, бата берген.
-
2-билет: Айдар
Ер балаға жасалатын ғұрып: төбе шашын ұзартып өсіреді. Сәбилерде кекіл, тұлым да қалдырылады.
-
3-билет: Кекіл
Баланың шашын алып, маңдайына бір шөкім шаш қалдырып, жиегін тегістеп қияды. Оны кекіл дейді.
Дәстүрге қысқаша анықтама және билеттер
Дәстүр — халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық құндылықтарының жиынтығы.
-
1-билет: Тыштырма
Сәбиді бесікке салғанда бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәтті өткізіп «тыштырма» деп ырым жасайды. Әйелдер оны бөлісіп, бала-шағасына үлестіріп береді.
-
2-билет: Базарлық
Алыс сапардан оралған адамның жақындарына әкелген сыйлығы.
-
3-билет: Байғазы
Жаңа киімге байланысты берілетін ақшалай немесе заттай сый.
-
4-билет: Тілашар
Бала 7 жасқа толғанда жаңа киім кигізіп, оқу құралдарын дайындап, шағын той жасайды. Бұл — тілашар тойы.
-
5-билет: Жеті ата
Халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген: Бала — Әке — Ата — Арғы ата — Баба — Түп ата — Тек ата.
-
6-билет: Асату
Ет желініп болған соң төрде отырған ақсақал табақта қалған етті балалар мен жігіттерге ауыз тигізіп, асатады.
III кезең: Қоржындағы асық — сұрақ-жауап
Қоржында нөмірленген асықтар болады. Әр топ кез келген асықты алып, сол нөмірге сәйкес сұрақтарға жауап береді.
Асық 1
-
Үш мақсатты ата:
Жол мақсаты — жету, дау мақсаты — біту, сауда мақсаты — ұту.
-
Үш арсыз:
Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.
Асық 2
-
Үш биді ата:
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би.
-
Үш алыс:
Кәрі мен жас, жақсы мен жаман, алыс пен жақын.
Асық 3
-
Жігіттің үш жақын жұртын ата:
Ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт.
-
Үш сауап:
Шөлге құдық қазған; өзенге көпір салған; жолға ағаш еккен.
Асық 4
-
Үш байлық:
Денсаулық, ақ жаулық, он саулық.
-
Үш тәтті:
Жан тәтті, мал тәтті, жар тәтті.
Асық 5
-
Үш жүзді ата:
Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз.
-
Үш даусыз:
Мінез, кәрілік, ажал.
Асық 6
-
Төрт қонақ:
Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғыма қонақ.
-
Төрт түліктің пірі:
- Түйе пірі — Ойсылқара
- Жылқы пірі — Қамбар ата
- Сиыр пірі — Зеңгі баба
- Қой пірі — Шопан ата
- Ешкі пірі — Шекшек ата
Асық 7
-
Бес асыл:
Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым.
-
Бес қатер:
От, жау, борыш, ауру, сөз.
Асық 8
-
Бес қару:
Мылтық, найза, садақ, қылыш, айбалта.
-
Бес дұшпан:
Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.
Асық 9
-
Жеті күн:
- Бүгін — дүйсенбі
- Ертең — сейсенбі
- Бүрсігүні — сәрсенбі
- Арғы күні — бейсенбі
- Ауыр күні — жұма
- Соңғы күні — сенбі
- Азына — жексенбі
-
Жеті атаны таратыңыз:
Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.
IV кезең: «Қыз қуу» — мақал-мәтел жалғастыру
Бұл кезең мақалмен сөйлеу мәдениетін дамытады. Әр топтан бір қыз және бір ұл шығып, берілген үзік сөздерден мақал құрастырады.
I жұп
-
Ұяда ____________, ұшқанда ____________.
Жауабы: Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.
-
Ата ____________, бала ____________.
Жауабы: Ата — бәйтерек, бала — жапырақ.
-
Ер ____________, ез ____________.
Жауабы: Ер бір өледі, ез мың өледі.
II жұп
-
Өле ____________, бөле ____________.
Жауабы: Өле жегенше, бөле же.
-
Таяқ ____________, сөз ____________.
Жауабы: Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді.
-
Мал ____________, жер ____________.
Жауабы: Мал баққандікі, жер жыртқандікі.
III жұп
-
Тентектің ақылы ____________.
Жауабы: Тентектің ақылы түстен кейін кіреді.
-
____________ сүйіндіреді, ____________ күйіндіреді.
Жауабы: Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді.
-
Мысыққа ____________, тышқанға ____________.
Жауабы: Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек.
Ата дәстүр абырой көтергенге —
бұл сөздер сүйектен өтер демде!
Тоқталамыз енді біз, ал халайық,
қанатты сөз, мақал мен мәтелдерге.
V кезең: Қазақтың ұлттық ойындары
Бұл бөлімнің мақсаты — ұлттық мұраны сахналық әрекет арқылы жаңғырту. Әр топ бір ұлттық ойыннан көрініс көрсетеді.
Еске салу
Сайысымыздың түпкі мәні — заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүрдің тозбайтын құндылық екенін ұғындыру.
VI кезең: Ырымдар мен тыйымдар
Үш топ қазақтың ырымдары мен тыйымдарын кезекпен айтып, мазмұны мен тәрбиелік мәнін қысқаша түсіндіреді.
Қорытынды
Әділқазылар сөзі
«Ата салтым — асыл қазынам» сайысын аяқтамас бұрын сөз кезегін әділқазылар алқасына береміз.
Тәрбиелік түйін
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, салтын сүйген әрбір жас — ертең халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің де, дәстүрінің де жанашыры болатын азамат. Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда, құрметті оқушылар! Сау болыңыздар!
Автор туралы мәлімет
- Өңірі: Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Тасарал ауылы
- Мектебі: Тасарал жалпы білім беретін орта мектебі
- Пәні: Орыс тілі мен әдебиеті
- Мұғалім: Балтышева Галия Арынқызы