Махаббат шуағы
Сабақ туралы мәлімет
Мектеп
Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласы, №4 ЖОББ мектебі
Пән
Өзін-өзі тану
Мұғалім
Жандосова Айжан Жандосқызы
Тақырып: «Махаббат — өмір өзегі»
Сабақтың негізгі өзегі — махаббат пен сүйіспеншіліктің адам өміріндегі құндылық ретіндегі мәнін ашу, оқушылардың жүрегінде ізгі ниет пен жылылықты күшейту.
Сабақ мақсаты мен міндеттері
Сабақ мақсаты
Оқушыларға махаббат пен сүйіспеншілік ұғымдарының құндылық ретіндегі мәнін түсіндіру және олардың өмірлік маңызын сезіндіру.
1) Мәнін ұғындыру
Махаббат пен сүйіспеншіліктің адам өміріндегі орны мен ықпалын түсіндіру.
2) Қарым-қатынасты дамыту
Сүйіспеншілікке негізделген жылы қарым-қатынастарды қалыптастыру.
3) Тәрбиелік бағыт
Оқушыларды Отанын, туған жерін, ата-анасын сүюге тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- «Өзін-өзі тану» сабағының «5-Т» ережесін қайталау.
- Сабаққа қатысқаны үшін әр оқушыға 20 ұпай беру.
- Оқу құралдарын (5 зат) тексеріп, ұпайларды түгендеу.
2) Тыныштық сәті
Ойша саяхат: «Су асты патшалығы»
Көзіңізді жұмыңыз да, бірнеше рет терең тыныс алыңыз. Денеңізді босатыңыз.
Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз. Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз.
Шалғайдан қара ноқат көрінеді. Ол жақындаған кезде оның дельфин екенін аңғарасыз. Ол сізді теңіз түбіне алып бару үшін келген. Дельфин өте әдепті: сізді сабырмен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз.
Су астында жүзу қандай керемет! Жан-жағыңызға қараңыз: кемпірқосақтай құбылып, арлы-берлі қалықтаған әсем балықтар, суда тербелген ғажайып балдырлар көз тартады.
Тереңдеген сайын әлем өзгере түседі. Ана жаққа көз тастаңыз: орасан үлкен сегізаяқ! Су асты дүниесі неткен қызықты әрі ғажап.
Бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда тұңғиық тыныштық орнаған. Сол тыныштықты сезініп, осы күйде біраз болыңыз.
Енді жоғарыға, өз әлемімізге қайтуға дайындалыңыз. Айналаға тағы бір мәрте зер салыңыз: ғажайып түстерге қарап, тыныштыққа құлақ түріңіз. Бұл тыныштық самалдай әсер береді.
Дельфин кері қарай жүзіп, сізді су бетіне шығарады. Жағаға жақындағанда дельфиннің арқасынан түсіп, оны сипап, керемет саяхат үшін іштей алғыс айтыңыз.
Сыныпқа оралып, өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз. Осы түйсінген тыныштықты бойыңызда сақтауға тырысыңыз.
3) Үй тапсырмасын тексеру
№9 сабақ: «Махаббат шуағы».
4) Мұғалімнің сыйы
Мәтін: «Жан ана»
Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол — Ана. Балапанына қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай қамқор болатын да — Ана.
«Ана» деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, соғыстың болмауын тілейді.
Біз — қазақ деген ұлы халықтың ұрпағымыз: Қыз Жібек пен Баян Сұлудың, Мәншүк пен Әлияның ізін жалғар буынбыз. Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі.
«Ат биеден туады, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өседі.
Ана — барлық өмірдің бастауы. Ол сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсылыққа жетелеуді қалайды. Адам бойындағы асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды.
«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер емес. Анасыз өмірді, анасыз әлемді елестету мүмкін емес. Әрбір пенде бұл өмірге келгені үшін анасына қарыздар.
Құдайдан кейінгі құдірет иесі — Ана. Сондықтан бізді жарық дүниеге әкелген ана алдында бәріміз басымызды иеміз. Халық арасында ананы қадірлеу туралы даналық сөздер көп.
Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде де ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» делінген. «Жұмақтың кілті — ананың табанында» деген өсиет те жүрекке жақын.
Мен де анамды қатты жақсы көремін. Сыйлаймын, амандығын тілеймін. Бірақ кейде байқамай ренжітіп аламын. Өзім шыдамсыз, тез ашуланатын кездерім болады. Кейде анама қарсы сөйлеп қаламын да, кейін қатты өкініп жүремін.
Анам — кешірімді, ақылды, байсалды жан. Ол менің мінезімді біледі. Кейде ол да маған қырсығып қалуы мүмкін, бірақ көп ұзамай бәрі орнына келеді. Мен анама барып, көңілін табуға тырысамын: бетінен сүйіп, жылы сөз айтамын.
Анамның жүрегі ауырады, кейде қатты сырқаттанып қалады. Сондай сәтте жаным шырқырап, Тәңірден амандығын тілеймін. Достарым, туыстарым қаншалықты көп болса да, анамдай жанашыр жан табылмайтындай көрінеді.
Анашым — отбасымыздың тірегі. Тіпті әкем де, үлкен-кіші туыстарым да бір істі бастарда анаммен ақылдасады. Ол көп мәселенің шешімін тауып, жол көрсетіп, кеңес береді.
Анам — табиғатынан жаны да, келбеті де үйлесім тапқан ажарлы кісі. Оны шын жүректен жақсы көремін, тек кейде өз қателігіме өзім ренжимін. Анам мені түсінеді деп сенемін.
Құдайым, мамам аман болсын. Барлық аналар аман болсын.
Талқылауға арналған сұрақтар
- Адамның шын ықыласпен істеген іс-әрекеттері қандай сезім тудырады?
- Сүйіспеншілік сезімдерін қалай білдіресіңдер? Кімге?
- Туған жер мен табиғат қандай сезім тудырады?
- «Бәрінің бастауы — махаббат!» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
5) Дәйексөз
«Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Оның алдында адамды ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз келеді».
6) Шығармашылық жұмыс
«Ана» тақырыбы бойынша топтастыру (ой картасы): анаға қатысты асыл қасиеттерді, іс-әрекеттерді, сезімдерді жинақтау.
7) Топпен ән айту
Ән: «Ана туралы жыр»
Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған.
Даланың әр күнін, жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың қанатын самғаған,
Балалық құштарым өзіңе арналған.
Қайырмасы:
Әлдилеп, аялап өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ — құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін.
Көңілді көктемдей көзіңнен танимын.
Өтеуге борышым, анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын сыйлар ем, кеш мені,
Сыйлар ем ай-күнін — қолыма түспеді.
8) Үй тапсырмасы
№10 сабақ: «Туған ел».
9) Соңғы тыныштық сәті
Баяу әуен қосылады
Оқушылар денесін тік ұстап, көзін жұмып отырады. Мұғалім жай дауыспен бағыт береді:
Әрқайсымыз оң қолымызды жүрегімізге қойып көрейік. Жүрегіміздің жылуын сезінейік. Осы жылуды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық!
Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет! Көздеріңізді ашуға болады.