Салауатты өмір салты жоба қорғау

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, негізгі білім беретін №221 Аққұм мектебі

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Бердіқожаева Меруерт

Сабақтың тақырыбы

«Әкем, шешем және мен» (отбасылық сайыс)

Сабақтың мақсаты

Оқушыларға салауатты өмір сүрудің мәнін түсіндіру, оның маңызын насихаттау, денсаулықты бағалауға және салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. Денсаулық пен салауаттылық туралы түсініктерін кеңейту.

Сабақ түрі

Сайыс сабақ

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Тірек сызбалар
  • Нақыл сөздер

Сабақ барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару
  • Әнұран
  • Тәрбие сағатының тақырыбы және мақсатымен таныстыру
  • Сыныпты екі топқа бөлу: «Болашақ» және «Денсаулық»

Талқылауға арналған сұрақтар

  1. Денсаулықтың адам өміріндегі маңызы қандай?
  2. «Салауаттылық — өмір салты» дегеніміз не?
  3. Адамның салауатты өмір сүруіне не кедергі болуы мүмкін?

Қосымша бөлім: Малтабар Айзаттың «Зиянды әдеттер» тақырыбындағы жобасын тыңдау.

Әділқазылар алқасы

  • Н. Шораева — тәрбие ісінің меңгерушісі
  • Г. Сейітова — мектеп педагог-психологы

Сайыс кезеңдері

  1. «Ойымды жалғастыр» — денсаулыққа байланысты мақал-мәтелдер
  2. «Ойланайық, талдайық» — жағдаяттарды талдау
  3. «Салауатты өмір салты» — жоба қорғау
  4. «Шығармашылық шыңы» — шығармашылық тапсырма
  5. Сайысты қорытындылау

1-кезең: «Ойымды жалғастыр»

Тапсырма: мақал-мәтелдің жалғасын табу.

«Денсаулық» тобы

  • Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады.
  • Сырқат — тән жарасы, қайғы — жан жарасы.
  • Денің сау болса, жарлымын деме.

«Болашақ» тобы

  • Тазалық — саулық негізі, саулық — байлық негізі.
  • Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде.
  • Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ.

2-кезең: «Ойланайық, талдайық»

Тапсырма: жағдаятқа талдау жасап, өз пікірлеріңді дәлелдеу.

«Денсаулық» тобына жағдаят

Арман мен Жандос сабақтан кейін денсаулық туралы ой бөлісті. Арман анасының әңгімесіне сүйеніп, «денсаулықты сатып алуға болады» деді. Жандос бұл пікірмен келіспей, «денсаулықты ақшаға сатып ала алмаймыз» деп жауап берді.

Сіздер не дер едіңіздер?

«Болашақ» тобына жағдаят

Самат өз денсаулығын бақылап, күтім жасауды қолға алмақ болды. Бірақ неден бастарын білмеді. Ойлана келе, күн тәртібін құрудан бастау дұрыс деп шешті: уақытты дұрыс әрі пайдалы өткізу де денсаулыққа тікелей әсер етеді.

Саматтың ойы дұрыс па? Өздерің Саматтың орнында болсаңдар, күн тәртібін қалай құрар едіңдер?

3-кезең: «Салауатты өмір салты» (жоба қорғау)

Әр топ «Салауатты өмір салты» тақырыбы бойынша өз жобасын таныстырып, негізгі тұжырымдарын дәлелдейді.

4-кезең: «Шығармашылық шыңы»

Тапсырма: берілген жолдарды мағыналы әрі ұтымды түрде толықтыру.

«Денсаулық» тобы

… баламыз, … аламыз.

… … санамыз.

«Болашақ» тобы

… күлеміз, … жүреміз,

… … сүреміз.

5-кезең: Қорытынды және тренинг

Тренинг жүргізуші

Педагог-психолог Г. Сейітова

Негізгі ұстаным

Денсаулықты жас кезіңнен бастап сақта.

Омыртқа жотасы — дененің тірегі

Мақсаты

  • Адам ағзасының қызметі мен құрылымы туралы білім қалыптастыру
  • Көз және омыртқа ауруларының алдын алу жаттығуларын үйрету
  • Өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу

Пайдасы

Мойын омыртқасына арналған жаттығулар көз жанарын және есту қабілетін жақсартады, жұмыс істеу қабілетін арттырады, бастың ішкі қан қысымын тұрақтандыруға көмектеседі.

Жаттығулар

  1. Денені тік ұстап, иекті барынша төмен түсіріп, иекті кеудемен төмен–жоғары сырғыту.
  2. Денені тік ұстап, басты сәл артқа шалқайтып, иекті жоғары қарату; иекпен жоғары созылып, қайтадан төмен түсіріп, дем алып, қайталау.
  3. Омыртқаны тік ұстап, құлақты иыққа жақындату үшін басты оңға, кейін солға бұру; бірнеше рет орындау.
  4. Басты оңға және солға баяу айналдыру.

Есте сақта!

Омыртқа қаншалықты сау әрі дұрыс қызмет атқарса, адамның жалпы денсаулығы да соншалықты жоғары болады.

Көз — көру мүшесі

Мақсаты

  • Жақыннан көрмеушілік туралы түсінік қалыптастыру
  • Көзді дұрыс күту ережелерімен таныстыру
  • Көзді шынықтыру жаттығуларын меңгерту

Маңызды ережелер

  • Оқу және жазу кезінде арақашықтықты 35–40 см сақтау.
  • Жазу кезінде жарық сол жақтан түскені дұрыс; тым артық жарық та зиян.
  • Нашар жарықта, көлікте немесе жатып кітап оқу — көзге зиян.
  • А дәрумені жетіспесе, көру қабілеті нашарлауы мүмкін.
  • Темекі, алкоголь, есірткі — көз жанарын әлсіретеді.

Көзге арналған жаттығулар

  1. Тік отырып алдыңғы жаққа қарау, кейін көзге күш түсірмей төмен және жоғары қарау; бірнеше рет қайталау.
  2. Көзді оңға және солға 6 рет қозғалту.
  3. Басты қимылдатпай, тек көзбен: төменгі сол бұрышқа → жоғарғы оңға → төменгі оңға → жоғарғы солға қарау.
  4. Көзді демалдыру үшін жиі-жиі жыпылықтату.
  5. Көзбен горизонталь бойынша «сегіздік» сызу: оңға және солға қайталау.
  6. Басты қозғамай, көзді оңға және солға шеңбер бойымен айналдыру.
  7. Қабақты барынша қысып, қайта жазу (жұмып-ашу).

Есіңде ұста: «Мың бір хадистен»

1

Денім сау болсын десең — тамақты ішер алдында және ішіп болғаннан кейін қолыңды жу. Тамақтың берекесі де осында.

2

Тістеріңді тазалап жүр, себебі ол — пәктік. Пәктік иманға шақырады, ал иман иесін жәннатқа жетелейді.

3

Алла тағала пәк, пәктікті жақсы көреді. Үй-жайыңды және жүріп-тұратын жолдарыңды таза ұста.

Ән

«Ойлан, балам» (үнтаспадан тыңдату)

Сабақты қорытындылау: Ұлықпан Хакімнің жеті өсиеті

Күндердің күнінде Ұлықпан Хакім қатты науқастанып, төсек тартып жатады. Шәкірттері жиналып, емдеуге кіріскенде, ол: «Босқа әуре болмаңдар. Менің сауығуыма үмітім аз. Бірақ сендерге қалдырар жеті өсиетім бар. Соған бой ұсыныңдар, өзгелерге де таратыңдар», — дейді.

Жеті өсиет

  1. Ерте тұру
  2. Ортаның тазалығын сақтау
  3. Дене шынықтыру
  4. Денені үнемі таза ұстау
  5. Үнемі сергек жүру
  6. Артық тамақ ішпеу
  7. Көп ұйықтап, жалқау болмау

Бұл қағидалардың барлығы — денсаулықты сақтаудың негізгі кепілі. Шығыста: «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл — үшеуімен бақытты болады» деген нақыл бар. Сол айтқандай, дені сау, құрыш білекті, батыл жүректі, салауатты өмір салтын орнықтыруға дайын ұрпақ болып өсіңдер.