Аталы сөз - баталы сөз

Жаңа жыл кешінің ашылуы

Армысыздар, қадірлі ата-аналар, қымбатты ұстаздар, аяулы оқушылар! Жаңа жыл кешін ашуға рұқсат етіңіздер! Қызығы мен қиындығы қатар өрілген 2012 жыл аяқталуға жақын. Ал 2013 жыл — Жылан жылы — табалдырықтан аттағалы тұр. Осы мереке әр шаңыраққа денсаулық пен бақыт, береке мен бірлік, жақсылық пен қуаныш әкелсін.

Сахналық нұсқау

Залға 10–11-сынып оқушылары жай музыка ырғағымен қолдарына бенгаль оттарын ұстап кіреді. Шыршаны айнала шеңбер құрып, вальс билейді.

Жүргізушілердің құттықтауы

1-жүргізуші

Армысыздар, оқушылар, ұстаздар! Білім іздеп, инемен құдық қазғандар. Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді — бүгін сіздер үшін ән шырқалып, би де биленеді.

2-жүргізуші

Хош келдіңіздер, ақ пейілді ата-аналар! Жүздеріңізден мейірім мен нұр тамған. Алдарыңызда жауқазындай құлпырған — алаңсыз, балғын шақтың ұл-қыздары.

1-жүргізуші

Таусылмасын ой-көшіңіз, ағайын! Қысылмай сөйлейік, ақ тілекті ағытып бастайық: бүгінгі кеш — Жаңа жылдың тойы.

2-жүргізуші

Жүздеріңізден шаттық арайын көремін. Сол қуаныш әр күніңізге серік болсын. Таусылмасын Жаңа жылдың думаны — құтты болсын Жаңа жыл, ағайын!

Құттықтау сөз және рәсімдік бөлім

1-жүргізуші: Аталы сөз — баталы сөз. «Асқар тауда асыл көп, аталы сөзде ақыл көп» — демекші, сөз кезегін үлкендерге береміз.

2-жүргізуші: Ағалар, ақ жүзін самал өпкен, еңбегің еліңе бағалы еткен. Аянбай атқарып жүрген қызметіңізді біз қамқорлық деп білеміз. Ендеше құттықтау сөзді __________________________________ ағайға береміз.

Ән-шашу

«Жаңа жыл» әні орындалады.

1-жүргізуші: Перзентін «асылым», «алтыным», «жасыл желегім», «жарқыным», «жұлдызым» деп әлдилеп, тілеуін тілейтін ата-анаға да сөз берейік.

2-жүргізуші: «Дүниенің жарық күні — анамыз, жарық күннен қуат алған санамыз» — деп, 10–11-сыныптардың ата-ана комитеті төрайымдарына сөз кезегін ұсынамыз.

Өнер бағдарламасы

Көркемөнерпаздар қойылымы

Сіздердің назарларыңызға мектептің көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің орындауында «Асыл әжем» ұсынылады.

Би бөлімі

Жаңа жылды ән мен жырмен бастайық, Жылан жылын шашу бимен ашайық. Ендеше кезекті биге беріп, бишілерді қошеметпен шақырайық!

1-жүргізуші: «Қара жорға» биі — 10-сынып оқушыларының орындауында.

2-жүргізуші: Ал, кәнеки, тойға келген халайық! Шалқытайық, шаттық әнге салайық. Ұстаз бен ата-ана жарассын — балқыта бір билеп алайық.

Ертегі кейіпкерлерін шақыру

1-жүргізуші: Тоқтаңыздар, Аяз-ата мен Ақшақарды шақырайық! Қане, бәріміз бірге: «Ау-у-у-у-у, Аяз-ата!»

Көрініс

Аяз-ата мен Ақшақар сахнаға кіреді. Олармен бірге сайқымазақтар және Жаңа жыл келеді.

Орындаушылар: сайқымазақтар, Ескі жыл, Жаңа жыл, Аяз-ата, Ақшақар.

2-жүргізуші: Құрметті Аяз-ата, Ақшақар, Жаңа жыл — қош келдіңіздер! Сіздерді көрмегелі бір жыл өтті, сағынып қалыппыз. Біздің өнерлі ұл-қыздарымыз өз өнерін көрсетсін — төрлетіңіздер!

Балалар ән айтып, би билеп, шағын нөмірлерін ұсынады.

Концерттік бағдарлама

1-жүргізуші: Елдің жырын жырлаған, қайғысында толғаған. Домбырасыз жүрекке ем қонбаған. Ән мен өлең, тәтті күй — әр жүректі қозғаған. Ендеше кезекті концерттік бағдарламаға береміз:

  1. Оқушылар ән, би, ойын, көрініс, пародия және күлкі керуенін ұсынады.
  2. Лотерея ойыны ойнатылады.
  3. Диско-шоу ұйымдастырылады.

Қорытынды тілек

2-жүргізуші: Жаңа жылда шаттық тілейміз!

1-жүргізуші: Жаңа жылда бақыт тілейміз!

2-жүргізуші: Жаңа жылда достық тілейміз!

1-жүргізуші: Баршаңызға жақсылық тілейміз!

Құрметті қауым, жасыл шыршамен қоштасайық. Көріскенше күн жақсы болсын, ағайын! Сау болыңыздар!

Мәлімет

Автор
Жакашева Ұлбал Бейсенбаевна
Лауазымы
Орыс тілі пәні мұғалімі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Мекеме
Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш селосы, Жамал Ермегияев атындағы орта мектеп