Бүгінгі танысатынымыз өздік есімдігі

Есімдік және өздік есімдігі

Бұл сабақта есімдік туралы жалпы түсінік беріледі, өздік есімдігінің анықтамасы, мағыналық және тұлғалық белгілері, қолданылу ерекшеліктері түсіндіріледі. Сонымен бірге оқушылардың өз ойын жүйелі, сауатты әрі дәлелді жеткізу дағдысы қалыптастырылып, адамгершілікке, жауапкершілікке және үлкенді сыйлауға тәрбиелеу көзделеді.

Мақсат

  • Есімдік туралы жалпы түсінік қалыптастыру
  • Өздік есімдігінің анықтамасын, мағыналық және тұлғалық белгілерін меңгерту
  • Ойды жүйелі, сауатты, дәлелді жеткізуге үйрету
  • Адамгершілікке, жауапкершілікке, үлкенді сыйлауға тәрбиелеу

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Көрнекілік
  • Талдау, ажырату, салыстыру
  • Дәлелдеу

Көрнекіліктер

  • Тірек-сызбалар
  • Интерактивті тақта
  • Ойын түрлері

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру

  • Сынып ұжымымен амандасу, оқушылардың назарын сабаққа аудару
  • Сабақтың мақсатымен таныстыру және күтілетін нәтижені нақтылау

II. Үй тапсырмасын пысықтау

Теориялық бөлім сұрақ-жауап әдісі арқылы жүргізіледі. Интерактивті тақтада өткен тақырыптар бойынша пысықтау сұрақтары ұсынылады:

  • Сөз таптары дегеніміз не?
  • Қазақ тілінде неше сөз табы бар? Оларды ата.
  • Есімдік дегеніміз не? Есімдіктің неше түрі бар?
  • Біз есімдіктің қандай түрлерімен таныстық?

Оқушылар қазақ тілінде тоғыз сөз табы бар екенін, зат есім, сын есім, сан есіммен танысқанын, осы үш есім сөздің орнына қолданылатын сөз табы есімдік екенін, есімдіктің жеті түрі бар екенін айтып қорытындылайды.

Практикалық бөлім

Оқушылар сілтеу есімдіктерін қолданып, өздері таңдаған тақырыпқа жазған әңгімелерін оқиды. Сілтеу есімдіктерінің мағыналық және тұлғалық ерекшеліктері талданады.

Ескерту: Бұл, сол, ол сияқты сілтеу есімдіктеріне көптік не септік жалғаулары жалғанғанда, түбір соңындағы -л- дыбысы түсіп қалады. Ал тәуелдік жалғауы жалғанғанда, түбір соңындағы -л- дыбысының орнына -н- дыбысы жазылады. Сондай-ақ ауызекі тілде бұ, со, о түрінде қолданылатыны ескеріледі.

III. Жаңа сабақ: өздік есімдігі

Негізгі ой

Есімдіктер — өте ерте заманда қалыптасқан сөздер тобы. Есімдіктің жеті түрі бар: жіктеу, сұрау, сілтеу, өздік, жалпылау, белгісіздік, болымсыздық.

Анықтама

Өздік есімдігі бір ғана сөз арқылы жасалады: өзі. Мағынасы жағынан адамның өзіне тән нәрсені, қимылдың не заттың сол адамға қатысты екенін білдіреді.

Қолданылуы

Өздік есімдігі көбіне түбір күйінде ғана емес, тәуелденіп, септеліп, жіктеліп, көптеліп қолданылады.

Тәуелденуі және тәуелденген түрінің жіктелуі

Жақ Тәуелдеулі түрі Тәуелдеулі түрінің жіктелуі
I жақ Менің өзім Мен өзіммін
II жақ Сенің өзің Сен өзіңсің
II жақ (сыпайы) Сіздің өзіңіз Сіз өзіңізсіз
III жақ Оның өзі Ол өзі

Септелуі (үлгі)

Септік Жекеше Көпше
Атау Өзім Өздерің
Ілік Өзімнің Өздеріңнің
Барыс Өзіме Өздеріңе
Табыс Өзімді Өздеріңді
Жатыс Өзімде Өздеріңде
Шығыс Өзімнен Өздеріңнен
Көмектес Өзіммен Өздеріңмен

Қорытынды анықтама: Өздік есімдігі — белгілі бір нәрсенің не қимылдың адамның өзіне тән екенін білдіретін есімдік түрі.

IV. Бекіту кезеңі

1) «Кім жылдам?» ойыны

Берілген өлең жолдарынан өздік есімдіктерді тауып, толық анықтама беріңдер.

Ана тілін — арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Өзін-өзі билеген ер бақытты,

Өзін-өзі билеген ел бақытты.

Туған тілім — тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр бойдағы.

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.

Ана тілім — күшім менің, қуатым,

Жырым сендік жүрегімнен туатын.

Өзім — тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім — құран, бағынамын сөзіме.

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе.

Өз алдына ел болу үшін өз тілі, әдебиеті бар ел ғана жарайтынын ұмытпауымыз керек.

А. Байтұрсынұлы

2) Тақтамен жұмыс

Екі оқушы тақтаға шығып, «Өз кітабым» тіркесін жекеше және көпше түрде тәуелдеп жазады.

Тұлға Үлгі
Мен Менің өз кітабым — өзімнің кітабым
Сен Сенің өз кітабың — өзіңнің кітабың
Сіз Сіздің өз кітабыңыз — өзіңіздің кітабыңыз
Ол Оның өз кітабы — өзінің кітабы
Біз Біздің өз кітаптарымыз — өздеріміздің кітаптарымыз
Сендер Сендердің өз кітаптарың — өздеріңнің кітаптарың
Сіздер Сіздердің өз кітаптарыңыз — өздеріңіздің кітаптарыңыз
Олар Олардың өз кітаптары — өздерінің кітаптары

3) Балама тест

Тест қорытындысын оқушылар жұппен (немесе топпен) өзара тексереді.

1) «Өзім, өзі, өзің» есімдіктері өздік есімдікке жата ма?

а) иә    ә) жоқ

2) «Бұл, сол, ол» есімдіктері сұрау есімдігіне жата ма?

а) иә    ә) жоқ

3) Есім сөздердің орнына есімдік қолданыла ма?

а) иә    ә) жоқ

4) «Мен, сен, ол» есімдіктері сілтеу есімдігіне жата ма?

а) иә    ә) жоқ

5) «Кім, не, қай, қалай» есімдіктері жіктеу есімдігіне жата ма?

а) иә    ә) жоқ

4) Кітаппен жұмыс

Мақал-мәтелдерді көшіріп жазып, өздік есімдіктерді тауып, олардың қандай тұлғада тұрғанын анықтаңдар. 198-жаттығу.

Үлгі: өзінің — өздік есімдік; түбірі — өз; — III жақ тәуелдік жалғауы; -нің — ілік септік жалғауы. Сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады.

V. Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен тапсырмаларды орындау сапасына қарай қалыптастырушы бағалау жүргізіледі.

VI. Үй тапсырмасы

Өздік есімдікті қолданып, қысқа өлең жолдарын жазыңдар.