Толғауды тыңдау

Сабақ тақырыбы

Сөйлем. С. Мәуленов. «Жырау».

Сабақтың мақсаты

  • Оқушыларға жыр, жырау, жыршы ұғымдарын түсіндіру, оларды ажыратуға үйрету.
  • Қиын сөздердің мағынасын таныстыру және мәтінмен жұмыс барысында қолдана білуге бағыттау.
  • Бұқар жырау туралы мәлімет беру, оның елін сүйген, халқының қамын ойлаған ұлы тұлға ретіндегі бейнесін үлгі ету.
  • Қазіргі жыраулар жайлы ақпарат беру және толғау тыңдату.

Білімдік

Сөйлем туралы түсінікті кеңейту, сұрақ қоя білуге үйрету.

Дамытушылық

Оқу әрекеті арқылы теориялық ойлау, сөйлеу дағдыларын дамыту, шығармашылыққа жетелеу.

Тәрбиелік

Сөз қолданысын байқату арқылы сөз құдіретін түсінуге тәрбиелеу.

Оқыту әдіс-тәсілдері

Сұрақ-жауап Көрнекілік Түсіндіру Дәлелдеу Ізденушілік

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық:

Қайырлы күн, досым!
Қайырлы күн болсын.
Бейсенбі күні
Сәттілікке толсын.
Бүгін алар бағамыз
Түгелімен бестік болсын.

2) Үй жұмысын тексеру

Сұрақ-жауап әдісі бойынша өткен материалды қайталау:

  1. Заттың атын білдіретін сөздерге қандай сұрақтар қойылады?
  2. Заттың қимылын білдіретін сөздерге қандай сұрақтар қойылады?
  3. Қандай? Қай? сұрақтарына жауап беретін сөздер тауып айтыңдар.
  4. Қанша? Неше? Нешінші? сұрақтарына жауап беретін сөздер тауып айтыңдар.

«Үндемес» ойыны

Мұғалім цифрларды көрсетеді: 1, 5, 7, 9, 10.

3) Жаңа сабақ

Сабақтың мақсаты хабарланады: сөйлем туралы білетіндеріңді ортаға салыңдар.

Ой қозғау

1-қатар

к п а і т

2-қатар

оқушы оқыды кітап

Проблемалық сұрақтар

  • Балалар, бірінші қатарда нелер жазылған?
  • Әріп деген не?
  • Жоғарыдағы әріптерден қандай сөз құрауға болады?
  • Ал екінші қатарда не берілген?
  • Сөз дегеніміз не?

1-тапсырма

Екінші қатардағы сөздерден сөйлем құрастырып көрейік.

Сөйлем ережесі

  • Сөйлем аяқталған ойды білдіреді.
  • Бас әріптен басталып жазылады.
  • Сөздер бір-бірінен бөлек жазылады.
  • Айтылу мақсатына қарай тиісті тыныс белгісі қойылады.

2-тапсырма: Ой сергіту

«Мұқият бол!» (сигналдық карточкамен жұмыс)

Көк

Сөздер оқылғанда

Қызыл

Сөйлемдер оқылғанда

Сары

Буындар оқылғанда

Дыбысбуынсөзсөйлем

Оқулықпен жұмыс

148-жаттығу

  1. Әр сөйлемнен соң дауыс кідірісін жасап оқыңдар.
  2. Әр сөйлемде неше сөз бар екенін анықтаңдар.
  3. Сөйлемдегі сөздердің бір-бірінен бөлек жазылатынын аңғарыңдар.

149-жаттығу (ізденушілік деңгей)

  1. Орны ауыстырылып берілген сөздерден сөйлем құрастырып жазыңдар.
  2. Әр сөйлемнің бірінші сөзін бас әріптен бастап жазыңдар (алғашқы үш сөйлем).

Сергіту сәті

Өнер қуған баламыз,
Кілең бестік аламыз.
Әнші ертең боламыз,
Күйші ертең болармыз,
Мүмкін жыршы болармыз,
Әлде биші болармыз.
Кім болсақ та әйтеуір,
Аман-есен болайық.

Шығармашылық тапсырма

Оқылатын сөздердің ішінен «кім?» сұрағына жауап беретін сөздерді атаңдар: әнші, биші, жыршы, күйші.

Бұл сөздерді бір сөзбен қалай атаймыз? Өнер адамдары.

Сөздік жұмысы

Әнші

Ән айтатын адам.

Биші

Бидің қыр-сырын меңгерген, жақсы билейтін адам.

Күйші

Домбырада күй тартатын адам.

Жыр

Халық ауыз әдебиетіндегі поэзиялық мұра, өлеңмен айтылатын шығарма.

Жыршы

Жыр айтушы, таратушы. Жыршылар көбіне домбыра немесе қобыздың сүйемелдеуімен жырды мақамдап орындайды.

Жырау

Өз жанынан жыр шығарып айтатын, дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі.

Тарихтан есімдер

Асан қайғы, Қазтуған жырау, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, Шал ақын.

Әдебиетпен жұмыс: С. Мәуленов «Жырау»

Өлеңді мәнерлеп оқып, мағынасына назар аудару. Түсініксіз сөздерге талдау жасау.

Қисса

Әңгіме, аңыз; ауыз әдебиетіне тән эпикалық жанр, дастан.

Абыз

Ел ісіне араласқан ғұлама, көріпкел; кеңесші тұлға.

Шешендік сөз

«Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас.»

— Бұқар жырау

Бұқар жырау туралы

Бұқар Қалқаманұлы — қазақтың аса көрнекті жырауы әрі мемлекеттік қайраткері. Ұзақ ғұмыр кешіп, көптеген тарихи оқиғалардың куәгері болған.

Тәуке хан тұсында беделді билердің бірі ретінде танылып, шығармаларында елдің бірлігі, татулық, батылдық секілді өзекті мәселелерді көтерді.

Ол Абылай ханның кейбір іс-әрекеттерін сынап, тек ақылшы ғана емес, мемлекеттік саясатқа ықпал еткен беделді би деңгейіне көтерілді.

Бұқар жырау қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы, Далба тауының баурайында дүниеден өткен.

Қазіргі жыраулар және толғау тыңдау

Қазіргі кезде де жыраулар бар. Олар жыр мен толғауды орындап, бұрынғы жыраулар қалдырған асыл мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келеді.

Бекболат Тілеуханның орындауында Қазтуған жыраудың «Қайран Еділ» толғауын тыңдайық.

Толғаудың идеясы

Бұл толғауда халықтың туған мекені — Еділді тастап, басқа жаққа қоныс аударуы меңзеледі. Шығарма атамекенге, туған жерге деген ыстық сезім мен зор махаббатты айқын танытады.

Қорытындылау

  • Сөйлем дегеніміз не?
  • Сөйлем неден құралады?
  • Қандай жыраулармен таныстық?

Үйге тапсырма

151-жаттығу орындау, сөйлем ережесін қайталау. С. Мәуленов «Жырау».