Құрметті арулар

Автор

Қамалиден Айгерім Сағындыққызы

Салтанатты кеш сценарийі

Іс-шараның мақсаты

«Қыздар, қыздар, сұлу қыздар…» атты кештің негізгі мақсаты — жас ұрпақ тәрбиесіне зор еңбек сіңіріп жүрген азаматшаларға құрмет көрсету, еңбегін елеп-ескеру, мадақтау, сондай-ақ оқушылардың адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу.

Сонымен бірге қазіргі қоғамдағы әйел-ананың рөлін айқындай түсу, қыз балаларға рухани тәрбие беру, халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын ұғындыру, білім мен өнерге ынталандыру көзделеді.

Сахналық атмосфера

Кеш басталар сәтте сахна сыртынан «Қыздар, қыздар, сұлу қыздар» әні баяу естіледі. Музыка бәсеңдеп, жүргізушілер ортаға шығады.

Кештің ашылуы

1-жүргізуші

Сәлемдесу

Армысыздар, мектебімнің асылдары, Жайнаған көңілдердің жасы бағы. Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би, Сіздер үшін мереке шашулары!

2-жүргізуші

Кешті жариялау

Қайырлы күн, қымбатты арулар! Эпостағы Қыз Жібек пен Баян, аңыздағы аналар — Айша бибі мен Абақ, Абайды туған Ұлжан, ел билеген Айғаным аналардың сіңлілері — ардақты арулар! Өздеріңізге арналған салтанатты жиынды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!

Музыкалық номер

Би орындалады.

Қазақ қызы — көрік пен кемелдің белгісі

1-жүргізуші

Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Жанары, жаны жаздай жайраңдаған. «Қыз өссе — елдің көркі» деген сөзді, Қапысыз қалай айтқан қайран бабам!

2-жүргізуші

Сүймеген сені азамат — азамат па? Көңілім тәрізді аппақ, таза мақта. Бәрін айт, бірін айт та — лайықсың, «Қазақтың қызы» деген ғажап атқа!

Көктеммен үндес мереке

Мерекенің көктемнің алғашқы шуақты күндерімен дөп келуі — ерекше жарасым. Аналар мерекесі кезінде табиғат жадырап, күн күліп, дархан даламыздың әр өңірін жылылық тербейді. Осындай күнде жылы лебіз айтқанға не жетсін.

Сөз кезегі

Ұстаздар қауымын, аяулы аруларымызды құттықтау үшін сөз мектеп директорына беріледі.

Көркем оқу

М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңі оқылады.

Музыкалық номер

«Анашым — әкешім» әні орындалады.

Сұлулықтың шынайы өлшемі

1-жүргізуші

Қыз сұлу көрінеді қылығымен, Жарыса төгілген қос бұрымымен. Бұл күні сұлулықтың үлкені — осы: Қыз сұлу көрінеді білімімен. Қыз сұлу көрінеді шашыменен, Ай қабақ қиған қара қасыменен. Қыз сұлу көрінеді толған айдай, Он бес пен он сегізде жасыменен.

2-жүргізуші

Қыз сұлу көрінеді өрнегімен, Тізілтіп сөз маржанын тергенімен. Майысып бұратылып, майда басып, Жаныңа наз қылықпен келгенімен. Дарытқан бар асылды өз елінен, Қыз сұлу көрінеді өнерімен. Құлпырады мектебімнің арулары, Өткендей сұлулықтың елегінен.

Музыкалық номер

«Ана әні» орындалады.

Анаға тағзым

1-жүргізуші

Арулар — асыл жандар! Шуақ боп шашылғандар, Қуат боп тасығандар, Құшақ боп ашылғандар! Арулар — асыл жандар!

2-жүргізуші

Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді! Құрметті арулар, асыл жандар! Өздеріңізге арнап жыр жазбаған ақын, ән арнамаған сазгер бар ма?

Қылқалам шеберлері де нәзік жандардың хас сұлулығын өнеріне арқау етіп, бүкіл әлемге сұлулықты паш етеді.

Көркем оқу

Нәзік жандарға арнап қалам тербеген ақындардың бірі — белгілі ақын Исраил Сапарбаев. Оқушылардың орындауында «Қадірлі қазақ қызы» өлеңін қабыл алыңыздар.

Өлең

«Қадірлі қазақ қызы» оқылады.

Музыкалық номер

«Гүлдер» биі (бастауыш сынып оқушылары).

1-жүргізуші

Қазақ қыздарының ежелден жер қорғап, билік тізгінін ұстағаны белгілі. Бұл қасиет бүгін де жалғасуда. Отбасында бала тәрбиелеп, сонымен қатар қоғамдық және мемлекеттік істерге араласып, ұстаздық жолда талмай еңбек етіп жүрген арулар — қандай құрметке де лайық.

2-жүргізуші

Шабытым шалқып келгенде, шарықтап самғап қалайын, Жырымнан тізіп ақ моншақ, мойныңа алқа тағайын. Өлеңнен соғып ән мүсін, тойыңа шашу шашайын, Асылым, анам, сен үшін сырымды бүгін ашайын!

Тақырыптық ой

Бізге қажымас қайрат, таусылмас күш-қуат беретін — аналар. Аристотель, Фирдауси, Жәнібек пен Абылай, Абай, Шоқан, Махамбет пен Исатай, Мағжан, Қайрат, Нұрсұлтан — бәрі де ананың ақ сүтін емген ұрпақ.

Ақын жырлағандай: «Бүкіл әлем аналардың ақ сүтінен нәр алған, бүкіл әлем аналардың үмітінен таралған…». Ендеше, тіршіліктің бұлағы — әйел-ананы бүгін ерекше дәріптейік.

Көрініс

Оқушылардың орындауында «Ана жүрегі» көрінісі ұсынылады.

Музыкалық номер

Заманауи би орындалады.

Көктем лебі — аналар мейірімі

1-жүргізуші

Япырай! Неткен көктем! Көктем! Көктем! Дүние-ау, сен осындай көкпеңбек пе ең? Мәңгі бақи түлеген қаз-қалпында, Табиғат, керемет ең — неткен, неткен!

2-жүргізуші

Иә, осындай тамаша уақытта, жер-ана бусанып, тіршілікке жан біткен мезгілде біздің аналарымыз да табиғатпен бірге жасарып кеткендей.

Сіздерге әрқашан — әр күні, әр сағатта — ақ тілегімізді арнаймыз. Сіздерге арқа сүйейміз, еркелейміз. Сіздер барда біз әрқашан бала болып қала береміз.

Музыкалық номер

«Ана әні» (7–8-сынып оқушылары, ұлдар) орындайды.

Қорытынды құттықтау

2-жүргізуші

Құрметті ару жандар, аяулы аналар! Сіздер бір отбасын ғана емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербете алатын адамзат баласының рухы мен жігерісіздер.

1-жүргізуші

Сіздер — Тәуелсіз еліміздегі бейбіт өмір мен бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімнің ұйытқысысыздар. Отанымыздың игілігі жолында аянбай тер төгіп, елдің саяси, әлеуметтік, рухани өмірінде табысты еңбек етіп келесіздер.

Жүргізушілер (бірлесіп)

Құрметті арулар! Осымен өздеріңізге арналған салтанатты жиын мәресіне жақындады. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға береке мен бірлік, еңбектеріңізге толағай табыс, дендеріңізге саулық тілейміз!