Дулат Бабатайұлы қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет мысал жазған ақын
Дулаттың асыл мұрасы
Бұл тәрбие сағаты ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүріп, туған елінің тарихи кезеңін жырлаған ақын Дулат Бабатайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын терең танытуға арналған. Ақынның ой-толғаулары арқылы оқушыларды елін сүюге, адамгершілікке баулып, шығармашылық ізденіске ынталандыру көзделеді.
Білімділік
Елдіктің жыршысы, еркіндіктің жоқшысы Дулат Бабатайұлының өмірі мен шығармаларын терең таныстыру.
Тәрбиелік
Ақын мұрасы арқылы елін, халқын сүюге, кісілік пен жауапкершілікке тәрбиелеу.
Дамытушылық
Оқушының шығармашылық ізденісін арттыру, ой айту мәдениетін дамыту.
Көрнекіліктер
- Д. Бабатайұлының суреті
- Плакатқа жазылған Дулат туралы пікірлер
- Ақпараттық материалдар, үзінділер, деректер
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Дулат Бабатайұлы 1802 жылы дүниеге келген. Ескіше оқып, сауат ашқан, білімді ақын өз өлеңдерін қолжазба кітап етіп жазып отырған. Дулат арқылы Аягөз өңірінен шыққан Ақтамберді жыраудың толғаулары ел ішінде кең тарап, ақсақалдар жадында сақталып қалғаны айтылады.
Ақынның алғашқы жинағы «Өсиетнама» деген атпен 1880 жылы Қазанда басылды. 1991 жылы шығармаларының бір бөлігі «Замана сазы» атымен «Жазушы» баспасынан жинақ болып шықты.
Дулат Бабатайұлы қазақ әдебиеті тарихында мысал жанрын алғаш игерген ақындардың бірі. Оның мысалдары үлгі-өнеге мен ақылға құрылады: кішіпейілділік, бірлік, әділеттілік дәріптеліп, мақтаншақтық пен менмендік, орынсыз пасықтық сыналады. Сондықтан мысал өлеңдерінің тәрбиелік мәні ерекше.
Ақын сөз қадірін терең таныған, тілге жүйрік, нақыл мен мәтелге бай шешен болған. Дулат шығармалары қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасуына елеулі үлес қосты.
Тарихи тақырып пен елдік идея
Ақын «Ата қоныс Арқада» атты өлеңінде Арқаны жайлаған қазақтардың бір кезең тарихын баяндайды. Елдің ерлік күрес арқылы жұрттығын сақтап, туған жерін қалмақ шапқыншылығынан қорғай білгенін айта отырып, сол дәуірдің ерлігін, дербестігін мадақтайды.
Шонжарды шоқ тілімен тулататын,
Қарық қылып, көп елді шулататын.Бүгінде мерейтойы өтіп отыр,
Ақиық арқадағы Дулат ақын.Ал енді кейіпкер шығармамның,
Шығады көңілімнен сыңарманның.Ішінде серкесіндей көрінеді,
Он жеті ақын шыққан Сыбандардың.Ешқашан айтар сөзін ірікпеген,
Тұнба боп, тула бойда жүріпті өлең.Дүркіреп дүйім ел-жұрт жатқанында,
Мен дағы маңдай терім сылып көрем.Қошемет қайда барсаң бөленгенің,
Басына тік көтерді көлемді елің.Зергері асыл сөздің, орақ тілдің,
Жоғалмас қалды артында өлеңдерің.
Дулат ақын, заман жырын толғаған,
Бодандықтан тәуелсіз жұрт болуды қорғаған.Отарлаған патшаға әділет іздеп,
Жыр найзасын жолдаған.Билеуші, қиянатшыл озбырлармен де алысты,
Сөз құдіретімен байлап-матап қарысты.Жауға шауып, қылыш-найза сермемей,
Майданға түсіп, өлең-жырмен сайысты.Уа, жарандар, ғибрат ал сөзінен,
Келген өтіп, бұлдыр заман тезінен.Игіліктің ерте-кеші жоқ деген,
Бүгінгі ұрпақ, тілдесейік енді өзіңмен.
Туған жері және рухани мұрасы
Дулат Бабатайұлының туған жері — қазіргі Аягөз ауданына қарасты Ақшатау ауылы маңындағы Қызылағаш қыстауы. Ақынның Ақжайлау мен Сандықтасқа арналған өлеңдері бар. Осы өңірде ақын бабаға арнап кесене тұрғызылған.
Дулат — өз заманының сыншыл ақыны. Ол қазақ халқының ары мен ожданы, бостандығы мен тәуелсіздігі жолына сөз өнерін қызмет еткізді. Ел қамы туралы, кейінгі ұрпақты тәрбиелеуге үндейтін мағыналы толғауларын кезінде жас та, кәрі де сүйсіне тыңдаған.
Шынардан биік санам бар,
Ақылдан алпыс санам бар,
Қорған құрыш сөзім бар.
Жырымды менің тыңдаған —
Сөз ұғатын соңғы адам,
Шыңдаудан әсте тынбаған,
Сарқырап аққан жылғадан,
Жыр арнасы — суатпын.
Абайға ықпалы және әдеби баға
Дулат Бабатайұлы қазақтың ұлы ақыны Абайға ұлағатты ұстаз болғаны айтылады. Ақындық жолда алғаш бата берген тұлғалардың бірі ретінде де аталады.
Мұхтар Әуезов Дулатқа: «қазақ халқының қамқоры, Абайды идея жағынан тәрбиелеуші» деп баға берген.
Отаршылдыққа қарсылық және азаматтық үн
Дулат Бабатайұлы ауыртпалығы көп, өзгерісі мол ғасырмен құрдас болды. Ол патшалық Ресейдің қазақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін және одан туған зобалаңды өз көзімен көріп, оған ашық наразылық білдірген ел ағаларының бірі.
Отарлау саясатының елді талан-таражға салып, халықтың дербестігін жоюға бағытталған әрекеттеріне қарсы шықты. Халықты күреске шақыруды мақсат еткен ел қамқоры, сыншыл да сыршыл күрескер ретінде танылды.
Ұзақ уақыт бойы ақынның ұлтын, туған жерін жан-тәнімен сүйіп жазған өлеңдері «ұлтшылдық» деп бағаланып, кең дәріптелмей келді.
Өлеңнен үзінді: «Асқар таудың сәні жоқ…»
Би мен бектің сәні жоқ,
Елін қорғай алмаса,Тура жолға салмаса,
Ыстығына күймесе,Суығына тоңбаса.
Батырлықтың сәні жоқ,
Елірген тұлпар ерттеліп,Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай толғанып,Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып,Ұлын қорып жауынан,
Ереулеген ер дауынанТұтамдап оқ жанбаса.