Мұғалім ғазиз мұғалім, Төгілген арай шуағым
Кіріспе
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Баутин ауылы, «Ақбота» балабақшасының хореографы — Жағалбаева Нұрсулу Саматқызы.
Бұл мәтін — «Ұстаз — елдің жүрегі» атты мерекелік шараға арналған жүргізуші сөзі мен балалардың жүрекжарды тілектерінен құралған әдеби-музыкалық бөлім.
Жүргізуші сөзі
Жүргізуші
Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өнеріңнен бастау алар бар адам.
Ұрпақпенен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер туса алдан әлі.
Ән — шашу, әсем әуен, түрлі өнер,
Бүгінгі күн сіздерге арналады.
Ұстаз… Қандай қасиетті сөз. Әр адамның жүрегіне ерекше бейнесімен жақын, өзектес ұғым. Адам баласының қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғымы болса, соның бірі — Ұстаз.
Олай болса, қадірлі ұстаздар, сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.
Бүгінгі «Ұстаз — елдің жүрегі» атты мерекелік шарамызды ашу үшін балабақша директоры Бердібаева Сания Ретханқызына сөз береміз.
Өлең және ән
Жүргізуші
Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Сарқылмас мәңгі бұлағым.
Ұланың бүгін тойыңда,
Арнайды саған бұл әнін.
Орындайды: Дүйсеғали Амина
Ұстаз — ұлағатты есім. Ол шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие береді, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар ұсынады.
Жүргізуші
Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін.
Шәкірттерің оқытқан
Келіп тұр жолдап сәлемін.
Ендеше, балаларымызды ортаға шақырамыз.
Балалардың тақпақтары
Мерейлім
Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Төгілген арай шуағым.
Арманым қонса қолыма,
Арқаң деп сеніп ұғамын.
Мейіржан
Өлеңді де үйреткен,
Биді де әсем билеткен.
Мейірімді ұстазым,
Бас иемін құрметпен.
Жарас
Ән салғызып, билеткен,
Ылғи бізбен жүреді.
Тақпақты да үйретіп,
Ойнатады, күледі.