Жақсы сөз - жарым ырыс дейді халқымыз
Әдептілік — асыл қасиет
Бұл тәрбие сағаты әдептілік пен адамгершілік құндылықтарын түсіндіруге, жақсы мен жаманды ажыратуға, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуға баулиды. Сонымен бірге ата-анаға мейірімді болу, туған жерге және айналадағы дүниеге ұқыптылықпен қарау, мектеп мүлкін күтіп ұстау сияқты күнделікті әдеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Мақсаты
- Жақсы және жағымсыз қылықтарды ажыратып, әдеп әліппесін бойға сіңіру.
- Жаман әдеттен аулақ болып, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға үйрету.
- Ұқыптылыққа, имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу; мектеп мүлкін сындырмауға баулу.
Көрнекілігі
Әдептілікке қатысты нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, гүлдер, шарлар.
Негізгі ой
«Жақсы сөз — жарым ырыс». Әдептілік — адамның ішкі мәдениеті мен сыртқы әрекетінің үйлесімі: сәлемдесу, алғыс айту, кешірім сұрау, көмектесу, ұқыптылық таныту.
Кіріспе: сәлем — сөздің анасы
Қош келдіңіздер
Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Мектебімізде өтіп жатқан онкүндік аясында өзін-өзі тану пәні бойынша ұйымдастырылған 4 «А» сынып оқушыларының «Әдептілік — асыл қасиет» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Өлең шумақтары
Білер қазақ баласы —
Сәлем — сөздің анасы.
Алдымыздан кезіккен
Көп танысты көреміз.
Бәріне де ізетпен
Біздер сәлем береміз.
«Сәлеметсіз бе, ағай!» — деп,
«Сәлеметсіз бе, апай!» — деп,
«Есенсіз бе, әжей!» — деп,
«Амансыз ба, атай!» — деп
Ұл-қыз сәлем береміз —
Өнегелі өренбіз.
Күнделікті амандасу әдебі
Мектепке барғанда жолыққан жанның бәріне ақ пейілмен:
«Қайырлы таң!» деймін.
Күндіз кездескен кісілерге:
«Қайырлы күн!» тілеймін.
Үйге кешке келгенде:
«Кеш жарық!» деп кіремін.
Оқудан келе жатып, көлеңкеде отырған көрші атаға сәлем беру — ізеттіліктің белгісі.
Бақ ішінде еңбек етіп жүрген атаға қол қусырып, бас иіп амандасу — құрметтің көрінісі.
Әдептілік ережелері
Ізгі сөзді ұмытпа
Үйде, мектепте, көшеде «Сәлем!», «Сәлеметсіз бе!», «Қайырлы күн!» сияқты жылы сөздерді жиі қолдан.
Үлкенге құрмет
Жасы кішілер үлкендерге алдымен сәлем береді. Ал ұл балалар қыздарға сыпайы түрде амандасады.
Әдеп белгісі
Кітапханада, емханада немесе көшеде жөн сұрағанда, еппен бас изеп сөйлесу — мәдениеттіліктің нышаны.
Музыкалық үзіліс
Сүйіндік Айзада: «Бақытты балалық шақ» әні.
«Не деу керек?» — сыпайы сөздер сабағы
Алғыс
Апаң базардан алма алып келіп, ең үлкенін, жақсысын саған берді. Не деу керек?
«Рахмет, апа!» деу керек.
Кешірім
Көшеде жүріп көршіңді байқамай қағып кеттің. Мұндайда не деу керек?
«Кешіріңіз» деу керек.
Сәлем
Доп қуып жүріп танысыңды көрдің, бірақ не деуді ұмытып кеттің. Дұрысы:
«Сәлеметсіз бе!» деу керек.
Көмек
Үй артындағы қоқысты қарт кісі белі зорға иіліп тазалап жүр. Не деген жөн?
«Көмектесейін» деу керек.
Оқулықты құрметтеу
Оқулық мектептен тегін берілсе де, оның артында үлкен еңбек бар. Сондықтан кітапты таза ұстап, жыртпай, бүлдірмей, қадірлеу керек.
Көрініс: салақтық пен ұқыптылық
Салақ бала
Бұл бала қай бала —
бай-бай!
Батпаққа малынған,
ұят-ай, балақай!
Көрінбе ешкімнің көзіне,
жүр енді сен бұлай!
Ұқыпты бала
Бұл бала қай бала —
бай-бай!
Қарашы үстіне, өзіне —
бір кіршік түсті ме көзіңе?
Тап-таза ақ қағаздай,
киімі мұнтаздай!
Жарайсың, балақай!
Тазалық — ішкі мәдениет
Айнаға қарамайтын, беті-қолы кір, шашы ұйысқан, тырнағы алынбаған бала — тазалықтың қадірін білмеген бала.
Ұқыпты бала төсегінен тұрып, шашын тарап, беті-қолын жуып, айнаға қарап, қағаз-қаламын реттеп, жайлап киініп, мектепке жинақы шығады.
Би
Бишілер тобы: «Ақбұлақ» биі.
Мақал-мәтелдер: ойды түйіндейтін сөз
Адамгершілікке, еңбекке, оқу-білімге, достыққа және ақылдылыққа байланысты мақал-мәтелдерді еске түсірейік:
Еңбек және білім
- Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
- Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
Ақыл және достық
- Ақыл — адам көрігі, ақылдың сабыр серігі.
- Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды.
Тәрбие түйіні
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген мақалға оқушылардың жауабы:
Аулақ жүріп жаман қылық-әдеттен,
Үйренеміз жақсы мінез әдеппен.
Сұрақ-жауап: жақсы мен жаманды ажырату
Жағымсыз қылықтар
Кітап түбі қырқылған, күнделігі жыртылған, сабаққа самарқау — бұл қандай бала?
Жауап: салақ бала.
Ұлға да, қызға да ұрынып, төбелеспей жүрмейтін — бұл қандай бала?
Жауап: сотқар бала.
Сабақ айта білмейтін, шақырмасаң жүрмейтін, кітап бетін ашпайтын — кім?
Жауап: жалқау бала.
Ұнамды қасиеттер
Үлкенді сыйлап, сәлем берген баланы кім дейміз?
Жауап: әдепті бала.
Кітап-дәптері мен қаламын кір шалмаған баланы кім дейміз?
Жауап: ұқыпты бала.
Талабы таудай, жақсы оқитын баланы кім дейміз?
Жауап: үлгілі бала.
Ойын: «Күн шуағы»
Ойынның шарты
Тақтаға күн тәрізді сары дөңгелек қағаз ілінеді, ортасына «Мен» деп жазылады. Оқушылар күннің шуағы сияқты сары жолақтарға өз бойындағы бір жақсы қасиетті жазып, кезекпен іледі. Нәтижесінде жақсы құндылықтарға толы үлкен күн құрастырылады.
Түйін
Біз бірігіп жақсы сөздерге толы, шуағы мейіріммен төгілген күн құрастырдық. Күн шуақтары бізге жылулық сыйлайды. Ендеше, біз де сол күн сияқты айналамызға тек жылылық пен жақсылық сыйлайық.
Қорытынды
Әдептілік — әр күнгі қарапайым әрекеттерден басталады: амандасу, алғыс айту, кешірім сұрау, қолұшын беру, тазалық сақтау, кітапты қадірлеу. Осындай дағдылар адамды көркем мінезге, қоғамды бірлік пен ізгілікке жетелейді.