Сыр сандық өлеңін мәнерлеп оқу. Сабақ мақсаты
Сабақ мақсаты
Білімдік
Ақынның өмірі мен шығармашылығын толықтыра отырып, «Сыр сандық» өлеңін оқыту; тақырыбы мен идеясын, көркемдік ерекшелігін ашу. Лирикалық кейіпкер, бейнелеу құралы және символ туралы түсініктерді кеңейту.
Дамытушылық
Сөз еркіндігіне баулу, шығармашылық ізденіске бағыттау, сөз өнеріне қызығушылықты арттыру. Поэзияны түсінуге, оның сырына үңілуге жетелеу.
Тәрбиелік
Адамгершілік қасиеттерді дәріптеу, әсемдікті таныту, эстетикалық-рухани бағдар беру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
Сабаққа дайындық, көңіл күйді қалыптастыру.
II. Жаңа сабақты меңгерту
Бүгінгі сабағымыз ХХ ғасыр әдебиетінің көрнекті қайраткері, сұлу жанды Сәкен ақынға арналады.
Эпиграф
Өмірде жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын.
Қазақты көргің келсе, міне, осы деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын, —
С. Мәуленов
Ой қозғау
Үй тапсырмасы ретінде ақынның өмірі мен шығармашылығын оқып, танысып келу тапсырылған. Ендеше, ақын өмірімен қаншалықты таныстық?
I. Не біліп келдік?
- 1. Сәкен қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
- 2. Сәкеннің ата-анасы кімдер? Сейфолла қандай әке? Сәкенге қандай іс-әрекеттері үлгі болды? Анасының ертегілерін тыңдап өскен Сәкен білім алуда қандай деңгейге жетті?
- 3. Ақынның алғашқы жинағы қай жылы, қай жерде басылып шықты?
- 4. Сәкеннің қандай шығармаларымен таныстық? Естеріңде бар ма? Үзінділерден жатқа айта аламыз ба?
- 5. Естеліктер сыр шертеді: М. Әуезов пен Г. Серебрякованың естеліктерінен үзінділер.
III. Мағынаны тану
Нені білгіміз келеді?
«Сыр сандық» өлеңін мәнерлеп оқу.
Мұғалім түсіндірмесі (негізгі мазмұн)
«Сыр сандық» өлеңі 1926 жылы жазылған. Ақын оны «Досқа жазылған хат» деп атаған. Өлеңнің тууына 1923 жылы Қызылжар қаласында болған бір оқиға себеп болады.
Естеліктерде (филология ғылымдарының докторы С. Талжанов дерегі бойынша) халық комиссары Сәкенді бір сапарында вокзалдан күткен досы Шәріпжан Тотоев аяғын сындырып алады. Алайда кейінгі бір кездесуде ол Сәкенді танымай, шақыртқанға келмей қояды. Осы жайт ақынның көңіліне қаяу түсірген.
Дегенмен өлеңнің өзегінде бір адамның әрекетін әшкерелеуден гөрі шынайы адал достық туралы ой жатыр. Ақын өмір мен достық жөнінде терең толғанады: адалдық пен арамдық, мансап пен ар-ұждан, достық пен қастық арасындағы шекараны айқындап, адам үшін ең құнды байлықтың бірі — достық екенін жырлайды.
Көркемдік өзек: бейне мен символ
Дос көңілі шыңдағы қоймаға, алтын сарайға баланады — бұл құндылық пен беріктіктің белгісі.
Лирикалық кейіпкер (ақынның өзі) достық сезімін құзды шыңға, нулы шатқалға, мөлдір суға, қымбат жасауға ұқсатады.
«Сұлу пернелер» — адам бойындағы жақсы қасиеттер. Сол асыл мінез шын достыққа бастайды.
IV. Өлең жолдарына талдау
Өлеңді қайта оқып, мәтіннен айшықты сөздер мен сөз тіркестерін теріп, дәптерге жазу.