Мақсатына қарай вирустар
Сабаққа саяхат: «Антивирустар патшалығына саяхат»
Армысыздар, оқушылар! Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы — «Антивирустар патшалығына саяхат». Өмірдегі сияқты, «компьютер әлемінде» де түрлі кедергілер кездеседі. Біздің саяхатымыздағы басты кедергі — компьютерлік вирустар. Ал антивирустар патшалығы компьютер әлемін вирустардың «жауынгерлік шапқыншылығынан» қорғайды, яғни вирустардың компьютер тағына «отырып алуына» жол бермейді.
Сіздерге сәттілік тілей отырып, саяхатымызды бастайық. Іске сәт!
Проблемалық ситуация
- Адамдар ауырған сияқты, компьютерлер де «ауырады». Көп жағдайда бұл жұқпалы ауруларға ұқсайды.
- Қазіргі кезде «Компьютеріме вирус түсті», «компьютерім вирустан істен шықты» деген сөздерді жиі естиміз. Бұл нені білдіреді?
- Вирус компьютерге қайдан түседі? Вирус жұқса не істейміз?
Компьютерлік вирустың анықтамасы
Компьютерлік вирус — арнайы жазылған шағын көлемді программа. Ол өздігінен басқа программалардың алдына немесе соңына қосымша жазылып, оларды «бүлдіруге» кіріседі және компьютерде өзге де келеңсіз әрекеттерді орындауы мүмкін. Ішінен вирус табылған программа «жұққан» немесе «бүлінген» деп аталады.
«Вирустар саябағына» қош келдіңіздер
Алдымен вирустардың түрлерін жіктеп алайық: оларды мекендеу ортасына, жұмыс логикасына және мақсатына қарай бөлуге болады.
Мекендеу ортасына қарай
-
Файлдық
Қолданбалы программалардың ішіне енгізілетін код блоктары. Программа жүктелгенде вирустық код іске қосылады.
-
Жүктейтін
Негізгі жүктеу жазбасын немесе жүктеу секторын зақымдайды. ОЖ жүктелгенде жұқпалы тасушыдан вирус жұғады.
-
Макровирустар
Word құжаттары мен Excel кестелеріне жұғады. Жұғу құжат файлын ашқанда орындалады.
Жұмыс логикасы және мақсатына қарай
- Ұстауыш вирустар
- Логикалық бомбалар
- Құрттар
- Троян аттары
Мақсатына қарай
- Бейсауат
- Насихатшы
- Шантаж жасаушы
- Мағынасыз
Вирус жұққандағы негізгі белгілер
- Кейбір программалар мүлде іске қосылмайды немесе дұрыс жұмыс істемейді.
- Экранда әдеттен тыс мәліметтер мен символдар пайда болады.
- Компьютер баяулайды, жұмыс жиі тоқтап қалады.
- Файлдар мен қапшықтар жоғалып кетеді немесе өлшемі өзгеріп кетеді.
- Дискідегі файлдардың саны кенеттен өзгеруі мүмкін.
- Операциялық жүйедегі бос орын көлемі түсініксіз түрде кішірейеді.
- Компьютер жұмысы жиі жаңылысады.
Вирусты кім жасайды және не үшін?
1) Зиян келтіру мақсатында
Оларды білікті бағдарламашылар қызғаныш, кек, мансапқұмарлық сияқты себептермен немесе бәсекелес фирмаларға зиян келтіру үшін жазады.
2) Пайда табу мақсатында
Кейбірі антивирустық бағдарламаларды сатудан ақша табу мақсатымен вирус таратады.
Тест: «Вирустар саябағынан» шығу
Енді осы вирустардың ішінен «шығудың» бір жолы — білімімізді тексеру. Төмендегі тапсырмалар тақырыпты бекітуге көмектеседі.
1) Өздігінен көбеюге қабілетті арнайы программалар?
- Компьютерлік вирустар
- Компьютерлік бомбалар
- Программалық вирустар
2) Ішінде вирус табылған программа қалай аталады?
- Емделетін
- Көрінбейтін
- Бүлінген
3) Мекендеу ортасына қарай вирустарды нешеге бөлуге болады?
- 5
- 3
- 2
4) ОЖ жүктелгенде жұқпалы тасушыдан жұғатын вирус?
- Файлдық
- Жүктейтін
- Макровирустар
5) Макровирустарға қатысты дұрыс тұжырым?
- Жұғу құжат файлын ашқанда орындалады
- Операциялық жүйені жүктегенде жұғады
- Вирустық код программа жүктелгенде жіберіледі
6) Жұмыс логикасына және мақсатына қарай:
- Логикалық бомбалар, құрттар, троян аттары, ұстауыш вирустар
- Бейсауат, насихатшы, мағынасыз, шантаж жасаушы
- Жүктейтін, макровирустар
7) Қазіргі кезде шамамен неше вирус түрі бар?
- 15 000
- 10 000
- 25 000
8) Мақсатына қарай вирустар:
- Логикалық бомбалар, құрттар, троян аттары, ұстауыш вирустар
- Бейсауат, насихатшы, мағынасыз, шантаж жасаушы
- Жүктейтін, макровирустар
9) Қарапайым қолданбалы программаларға еніп алып, рұқсат етілмеген әрекеттерді орындайды:
- Троян аттары
- Құрттар
- Логикалық бомбалар
10) Программалық құралдар кешеніндегі қателіктер мен дәлсіздіктерді пайдаланатын вирустар:
- Троян аттары
- Ұстауыш вирустар
- Логикалық бомбалар
Жарайсыңдар! Вирустардың шабуылына төтеп бердіңдер. Енді «антивирустар патшалығына» жол ашық.
Антивирустар патшалығы
Антивирустық бағдарламалар әртүрлі міндет атқарады: біреуі тек анықтайды, біреуі емдейді, енді бірі алдын алады. Төменде негізгі түрлері берілген.
Детектор-программалар
Тек бұрыннан белгілі вирустардан қорғай алады. Жаңа вирус түрлеріне көбіне дәрменсіз болады.
Доктор-программалар («фагтар»)
Вирус жұққан программалар мен дискілерді «емдейді»: вирустың әсерін алып тастап, бастапқы қалпына келтіреді.
Доктор-ревизорлар
Доктор мен ревизордың гибриді: файлдағы өзгерістерді анықтап қана қоймай, оларды автоматты түрде түзетіп, қалпына келтіреді.
Ревизор-программалар
Алдымен программалар мен дискінің жүйелік аймағы туралы мәліметтерді «есте сақтайды», кейін салыстырып, сәйкессіздік тапса, пайдаланушыға хабарлайды.
Мысалы, Д. Мостов дайындаған ADif ревизоры кең танымал.
Полифагтар
Вирусты табумен қатар, жұққан программадан вирустық кодты жояды. Қуатты сканер-полифагтардың бірі — И. Данилов жасаған Dr.Web. Ал ең кең тараған сенімді шешімдердің бірі — Е. Касперский зертханасы әзірлеген Kaspersky Anti-Virus.
Сүзгі-программалар
Жедел жадта резиденттік түрде орналасып, вирустарға тән қауіпті операцияларды «ұстап», пайдаланушыға дер кезінде хабарлайды. Одан кейінгі шешімді қолданушы қабылдайды.
Вакцина-программалар
Программалардың жұмысына қатты әсер етпей, оларды вирус «жұққандай» етіп модификациялайды да, вирус әсерінен сақтауға тырысады. Дегенмен, бұл тәсіл әрдайым тиімді бола бермейді.
Практикалық тапсырма: «Бүлінген хатты» қалпына келтіру
Компьютер әлемін вирустардың жаулап алмауы үшін ақпараттық сауаттылық қажет. Төмендегі екі «хаттағы» қателерді түзетіп, сөйлемдерді мағынасына сай қалпына келтіріңіздер.
1-хат
«Сканер мен пернетақтаны іске қосып компьютерді қосу керек. Монитормен мәтін жазып, суретті компьютерге енгізу үшін принтерді пайдаланамын. Жазылған ақпаратты қағазға басып шығару үшін жүйелік блок қолданамын.»
2-хат
«Компьютерде мәтін жазу үшін Paint мәтіндік редакторды пайдалануға болады. Ал сурет салғым келсе WordPad стандартты программасымен сала аламын. Мен пернетақтамен жұмыс істегенді ұнатамын, өйткені онда көптеген құжаттарды сақтауға, сканерлеуге болады.»
Осылайша, «Антивирустар патшалығына» саяхатымыз аяқталды. Бүгін сіздер вирустардың түрлерін, негізгі белгілерін және антивирустық бағдарламалардың қызметін жүйелеп қайталадыңыздар.