Оқушыларға мәтінді оқыту
Сабақтың мақсаттары
Бұл сабақ оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға, мәтінді мәнерлеп әрі сауатты оқуға баулуға, сондай-ақ нанның адам өміріндегі айрықша орнын ұғындыруға бағытталған.
Білімділік
Ойлау қабілетін арттыру, мәтінді мәнерлеп әрі сауатты оқуға тәрбиелеу.
Дамытушылық
Нанның ең маңызды ас екенін және оның оңайлықпен келмейтінін түсіндіру.
Тәрбиелік
Адамгершілікке, кішіпейілділікке, еңбексүйгіштікке баулу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру.
II. Үй тапсырмасын тексеру және бағалау
- «Балалар елін бағындыру» ертегісінің мазмұнын айтқызу.
- Жауаптарды бағалау.
III. Үй тапсырмасын бекіту (сұрақ-жауап)
- Ертедегі балалардың достары кімдер?
- Теледидардың пайдасы қандай?
- Неліктен оның алдында ұзақ отыруға болмайды?
IV. Жаңа сабақ: «Нан туралы аңыз»
Ой қозғау: Балалар, біздің дастарханымызға нан қалай келеді?
Нан — адам баласы үшін ең қадірлі де қасиетті ұғым. Осы үш әріптің өзінде өмірдің өзегі болатын үлкен мағына бар.
V. Мәтінмен жұмыс
- Мұғалім мәтінді мәнерлеп оқиды.
- Оқушыларға түсіндіреді, мазмұнын талдайды.
VI. Ассоциация әдісі: Қазақта нанның қандай түрлері бар?
Таба нан
Қатырма
Шелпек
Бауырсақ
VII. Оқулықпен жұмыс
- Оқушыларға мәтінді оқыту.
Сергіту сәті
Нан қоқымын шашпаңдар,
Оны аяқпен баспаңдар.
Қоқымдарды жинап ап,
Тауықтарға тастаңдар.
Шығармашылық жұмыс
Сурет бойынша әңгіме құрастыру. Оқушылар өз әңгімелерін оқып береді.
VIII. Дәптермен жұмыс: мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер
Нанға байланысты қандай мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді білесіңдер?
- Нан — тамақтың атасы, ынтымақ — көптің батасы.
- Қамбасында дәні жоқтың, дастарханында наны жоқ.
- Тістем нанның қадірін тарыққанда білерсің, анық достың қадірін зарыққанда білерсің.
- Қоныс көркі — там, дастархан көркі — нан.
- Нанға құрмет — елге құрмет.
- Дастарханында наны жоқтың, тамағының сәні жоқ.
Қорытынды
Атақты күрішші Ыбырай Жақаев нан туралы ойын былай білдірген:
«Егер менен “Әлемдегі ең асыл не?” деп сұраса, бөгелместен “Нан” деп жауап берер едім. Себебі нан әлемнің жарығы — күннен нұр алады, адамға күннің нұрын құяды. Оның өмірін күндей жарқыратады».
Үй тапсырмасы
- Мәтінді мәнерлеп оқу.
- Мақал-мәтелдерді жаттау.