Халық ауыз әдебиетінің түрлері
Пән және сабақ туралы мәлімет
- Пән
- Қазақ әдебиеті
- Сынып
- 9
- Сабақтың тақырыбы
- Мақал-мәтелдер. Жұмбақтар
- Сабақтың түрі
- Жаңа сабақ
- Сабақтың типі
- Жаңа сабақты меңгеру
- Әдістер
- Түсіндірмелі, сұрақ-жауап, интерактивті, топтастыру
- Пәнаралық байланыс
- Тарих, қазақ тілі
- Көрнекілік
- Сызба, жұмбаққа қатысты суреттер, сөзжұмбақ, интерактивті тақта
Сабақтың мақсаты
Білімдік
Интерактивті тақтаны қолдана отырып мақал-мәтелдер мен жұмбақтардың түрлерін, құрылымдық ерекшеліктерін меңгерту. Мақал-мәтелдерді күнделікті өмірде орынды қолдана білуге үйрету және олардың тіл көркі екенін ұғындыру.
Тәрбиелік
Мақал-мәтелдер арқылы оқушыларды адамгершілікке, отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу; жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге баулу.
Дамытушылық
Оқушылардың сөздік қорын, тіл байлығын арттыруға ықпал ету. Шығармашылық тапсырмалар арқылы ойлау қабілетін дамыту.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сыныптың сабаққа дайындығын тексеру, назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын сұрау және қорытындылау
Сұрақ-жауап әдісі (оқушылар бір-біріне сұрақ қояды).
- Халық ауыз әдебиеті дегеніміз не?
- Ауыз әдебиетінің жазба әдебиетінен айырмашылығы неде?
- Жанрдың неше түрі бар?
- Ауыз әдебиеті қандай жанрлардан тұрады?
- Халық ауыз әдебиетінің негізгі түрлерін атаңдар.
III. Тұрмыс-салт жырларын топтастыру
- Баланың дүниеге келуіне байланысты жырлар
- Үйлену салтына байланысты жырлар
- Көңіл күйді білдіретін өлең-жырлар
- Бата-тілектер
IV. Көрініс
Оқушылардың алдын ала дайындаған қысқа көрінісі арқылы тақырыпқа кіріспе жасау.
V. Жаңа сабақ: мақал-мәтелдер
1) Жалпы түсінік
Мақал-мәтелдер мен жұмбақтар — бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған көне замандарда туған. Қалыптасу, даму және жаңару үдерісінде олар талай ғасырмен бірге жасасып, қоғамдағы өзгерістерге сай түрленіп отырған.
2) Мақал-мәтелдердің тақырыптық түрлері
Отан, туған жер, атамекен
Еңбек
Ерлік, батырлық
Ынтымақ, бірлік, татулық
Достық, жолдастық
Оқу, білім, өнер
Адамгершілік және мінез-құлық
Отбасы, ата-ана, үлкенді сыйлау
Төрт түлік, кәсіп, егіншілік
3) Құрылымдық ерекшеліктері
Ырғақ, ұйқас, жинақылық: мақал-мәтелде поэзияға тән үнділік пен ықшамдылық айқын көрінеді.
Ердің ісі — келіс, ездің ісі — керіс.
Сөзді үнемдеу, ишара: кейде ой толық айтылмай, тұспал арқылы жеткізіледі; түсіп қалған сөз мәні контекст арқылы аңғарылады.
Ақыл — жастан, асыл — тастан.
Ағаш тамырымен, адам досымен мықты.
Тура және ауыспалы мағына: мақал-мәтел ойды кейде тікелей, кейде астарлап береді.
Тура мағына
Өнер алды — қызыл тіл.
Ер қанаты — ат.
Елін сүйген — ер болар.
Ауыспалы мағына
Қызым, саған айтам; келінім, сен тыңда.
Не ексең, соны орасың.
Бейнелі тіл: мақал-мәтелдерде көркем сөз өрнегі, образды ойлау тәсілдері мол ұшырасады.
VI. Жұмбақ: таным мен қиялды шыңдайтын жанр
Жұмбақ — адамның дүниетану жолындағы ойы мен қиялының деңгейін танытатын, ауыз әдебиетінің көне түрі. Ол баланы жастайынан қиялдауға, табиғатты және қоршаған ортаны бақылауға, аңғарымпаздық пен тапқырлыққа баулуға бағытталған. Жұмбақтың тақырыптары алуан түрлі.
Жұмбақ шешу
Қобдиыңда қайырлы
Қазынаның бәрі бар.
Тауысып көз майыңды,
Қалағаның табылар.
Тал басында түндіксіз отау.
Қалқиып ұзын құлағы,
Елеңдеп ылғи тұрады.
Көзіңе көрінбейді,
Қолыңа ілінбейді.
Бірақ та құлағыңа
Ұдайы күбірлейді.
Өмірді өлшейді, ешкімнен сұрамайды.
Тілін алмайды, тетігін бұрмайды.
Он көзі бар өзінде,
Он цифр бар көзінде.
Көзіне саусақ саласың,
Жырақтан хабар аласың.
Теңізді шайқайды,
Егісті жайпайды.
Ең биікке шығады,
Кешке қарай бұғады.
Таң қаламын кейде мен,
Шалбарым мен жейдемді
Түсірді қағазға,
Өзгертпей бейнемді.
VII. Шығармашылық жұмыс
Оқушылар өздері жұмбақ құрастырып, сыныптастарына жасырады.
VIII. «Жалғасын тап» және «Мен білемін» ойыны
Екі оқушы кезек-кезек мақал айтып жарысады (шамамен 2 минут). Қалған оқушылар жалғасын тауып, мәнін түсіндіреді.
Сабақты қорытындылау (сұрақтар)
- Мақал-мәтелдердің тақырыптары қандай болады?
- Мақал-мәтелдер бізге не үшін қажет?
- Мақал-мәтелдердің өзіне тән қандай ерекшеліктері бар?
- Мақал мен мәтелдің айырмашылығы қандай?
- Жұмбақтың адам өміріндегі орны қандай?
Үй тапсырмасы
- М. Әлімбаевтың «Өрнекті сөз — ортақ қазына» кітабын оқу.
- Оқылған материал бойынша реферат жазу.
- Өздерің жұмбақ құрастыру.
Бағалау
Оқушылардың белсенділігіне, жауаптарының нақтылығына және шығармашылық тапсырманы орындауына қарай бағаланады.