Қарлығаш - құс
Сабақ тақырыбы: «Қарлығаштың қасиеті» (презентациямен)
Сабақ мазмұны қарлығаштың адамға пайдасын, табиғатқа жанашырлық пен мейірімділік құндылықтарын ашуға бағытталған.
Сабақ мақсаттары
- Оқылым: мәтінді оқыту арқылы негізгі ойды анықтау, мәнерлеп оқуға үйрету.
- Даму: ауызша және жазбаша баяндау дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
- Тәрбие: жанашырлық пен бауырмалдық сезімдерін ояту, бір-бірін және ата-ананы құрметтеуге, ұқыптылық пен тазалыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен ресурстар
- Слайдтар мен иллюстрациялар
- Қима қағаздар, карточкалар, флипчарт
- Топтық жұмысқа арналған тапсырмалар
Сабақ барысы
I. Қызығушылықты ояту
Психологиялық дайындық
Сөйлетер сөзді шеберлеп, Өзіңнің ана тіліңмін. Байыптап жақсы оқысаң, Негізі менде білімнің.
Топқа бөлу
Оқушылар құстар, аңдар, ағаштар, бунақденелілер атаулары жазылған карточкалар арқылы 4 топқа бөлінеді.
Үй тапсырмасын тексеру
«Автор орындығы» стратегиясы арқылы «Табиғатты аяла» тақырыбында жазылған әңгімелер мен құрастырылған өлең шумақтары тыңдалады (әр топтан бір оқушы оқиды).
II. Мағынаны тану
Жұмбақ
Бұдыр-бұдыр балшықты, Жинады да талшықты. Ұқсатып қамытқа, Үй салады жабыққа.
Шешуі: қарлығаш
1-тапсырма: Ассоциация
«Қарлығаш туралы не білеміз?» Әр топ «қарлығаш» сөзіне ассоциация құрып, флипчартын қорғайды. Бір-бірін қайталамау шарты сақталады.
Талқылау
«Қасиет» сөзін қалай түсінеміз? Топтардың жауаптары тыңдалады, ортақ тұжырым жасалады.
Сергіту сәті
Қарлығашқа ұқсайық, Қане, қанат қағайық. Ұшып-ұшып алайық, Орнымызға қонайық.
Оқулықпен жұмыс (слайд арқылы)
- Мәтін тізбектеп оқылады, мәнерлеп оқуға назар аударылады.
- Мәтіннен алынған мәлімет бойынша флипчарт толықтырылады.
- Мәтіннің неге «Қарлығаштың қасиеті» деп аталғаны ашылады.
2-тапсырма: Топтық жұмыс
1-топ
Қарлығаштың суретін салады.
2-топ
«Қарлығаш» сөзінен жаңа сөздер құрастырады.
3-топ
Қарлығаштың ұясының суретін салады.
4-топ
Қарлығаштың шаруашылыққа пайдасы туралы айтады.
Сергіту сәті (қимылмен)
Аппақ болып таң атты, Түтін тік боп шығады. Қарлығаштар қанатын Самғап биік ұшады.
3-тапсырма: Қосымша материал (Jigsaw–1)
Оқушыларға қима қағаздармен мәтіндер үлестіріледі. Әр топ берілген бөлікті оқып, мазмұнын түсіндіріп, кейін бір-біріне жеткізеді.
1-топ: Қарлығаштың сипаты
Қарлығаш — айыр құйрықты, қанаттары ұзын әрі үшкір, шағын денелі қара ала құс. «Қарлығаш» атауы «қара», «ала», «құс» сөздерінің кірігуінен шыққан деген түсінік бар. Басқа құстардан айырмашылығы — жемін ұшып жүріп ұстайды, суды да ұшып жүріп ішеді. Бауыры ақшыл, арқасы қоңыр, жасыл жылтыр. Әлемде қарлығаштың 80-ге жуық түрі бар.
2-топ: Қазақстандағы түрлері және пайдасы
Қазақстанда қарлығаштың 5 түрі кездеседі: жар қарлығашы, құз қарлығашы, қос реңді қарлығаш, сепкіл төс қарлығаш, кент қарлығашы. Олар еліміздің көп өңіріне тараған; орман-тоғай, өзен-көл маңында, шөлді және таулы аймақтарда жиі ұшырасады. Қарлығаш — жыл құсы әрі пайдалы құс: зиянды жәндіктерді, әсіресе шыбын-шіркейлерді көп жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді.
3-топ: Ұя салуы
Қарлығаш ұясын топырақ пен сазды сілекейімен араластырып қалайды. Ішіне майда шөп, қауырсын, мамық төсейді. Кейбір түрлері жарға ін қазып ұялайды. Ұялары тостаған тәрізді, беті ашық немесе қапшық тәрізді болып, кіріп-шығатын тесігі қалдырылады. Балапандары ұядан құлап кетпесін деп, кейде аяқтарын қылмен байлап кетеді деген дерек айтылады.
4-топ: Аңыз-әңгіме (Төле би)
Ертеде Жоңғар шапқыншылығы кезінде ауыл адамдары елін-жерін тастап қаша жөнелген екен. Сол ауылда Төле би ғана қозғалмай, киіз үйін жықпапты. Қалмақтың әскер басы себебін сұрағанда, Төле би шаңырағын көрсетіп: «Қарлығаш ұя салды, балапандары әлі жас, ұша алмайды», — деген екен. Әскер басы оның адамгершілігіне риза болып, Төле биді «Қарлығаш би» деп атаған деседі.
Ойын: «Бұл қай құс?» (слайд)
- Ақ көгершін — бейбітшілік құсы.
- Аққу — сұлулықтың белгісі.
- Бұлбұл — әнші құс.
- Тоқылдақ — орман дәрігері.
4-тапсырма: Сөйлем құрау (жазба жұмысы)
1-топ
Құстар, келеді, көктемде, жылы, жақтан.
2-топ
Мейірімді, құс, қарлығаш.
3-топ
Біз, қорғаймыз, құстарды.
4-топ
Досымыз, құстар, біздің.
Оқушылар берілген сөздерден сөйлем құрап, дәптерге жазады.
Қарлығашқа байланысты ырымдар
- Қарлығаш биіктеп ұшса — күн ашық болады; жер бауырлап ұшса — жаңбыр жауады.
- Қарлығаш жылы жақтан оралғанда қораға қонса — қой егіз туады, ақ мол болады.
- Үй жақтауына немесе шатырға қонса — сол үйдің жан басы көбейеді.
- Түсіңде қарлығаш көрсең — бақытқа кенелесің.
III. Ой толғаныс
5-тапсырма: Қасиеттерді ажырату
Топтарға жағымды және жағымсыз қасиеттер жазылған парақшалар беріледі. Оқушылар оларды тақтадағы тиісті орынға жапсырады.
Жағымды қасиеттер
Жағымсыз қасиеттер
«5 жолды өлең» стратегиясы
- Не?
- Қарлығаш
- Қандай?
- Балажан, таза
- Не істеді?
- Ұшты, салды, қонды
- Қорытынды ой
- Қарлығаш — құс. Қарлығаш — өте пайдалы құс.
Бағалау
Оқушылардың мәнерлеп оқуы, топтық жұмысқа қатысуы, шығармашылық тапсырмаларды орындауы ескеріледі.
Үй тапсырмасы
- Тақырып мазмұны бойынша сурет салу.
- Қарлығаштан басқа киелі, қасиетті құстар туралы материал жинау.