Желтоқсан оқиғаларының сипаты
Сабақ туралы
Тақырыбы
Желтоқсан желі ызғарлы
Мақсаты
- Желтоқсан оқиғасын еске түсіру.
- Желтоқсанда құрбан болған қазақ жастары туралы деректерді таныстыру.
- Танымдық ой-өрісті дамыту.
Тәрбиелік мәні
Оқушыларды елін, жерін, ұлтын сүюге, азаматтық жауапкершілік пен рухани беріктікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Газет-журналдар, кітаптар, буклеттер, суреттер, қанатты сөздер, бейнематериалдар.
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
- Сыныпты сабаққа дайындау.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
Жаңа сабақ
- Желтоқсан оқиғаларының сипаты.
- Жастар қозғалысының себептері.
- Жаппай жазалау.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы өз елінің, жерінің білімді, қайратты, ұлтжанды, намысшыл, иманды тұлғаларын тәрбиелеуді арман-мұрат еткен. Бүгінгі парызымыз да — рухани, идеологиялық-әлеуметтік, экономикалық және ғылыми-техникалық ілімдерден нәр алып, ел дамуына үлес қосатын жастарды тәрбиелеу.
Желтоқсан оқиғасы әркімнің жадында, тарихтың жылнамасында мәңгі жазылып қалды. Өйткені бұл — дүниені дүр сілкіндірген, еркіндік пен теңдікті талап еткен ел ұландарының батыл бас көтеруі еді. Ол империялық үстемдікке қарсы ашық наразылықтың айқын белгісі болды.
Тәуелсіздіктің түп-тамыры Желтоқсан оқиғасымен тікелей байланысты екеніне ешкім дау айта алмас. «Түбін білмеген — тексіз» деген қазақтың нақыл сөзі де осындайда еске түседі: тәуелсіздікке бастау болған рух сонау бабалардың ар-намысынан нәр алады.
Бейбіт шеруге шыққан жастардың бір бөлігі қанды қақтығыста қаза тапты, ал аман қалғандары өздері аңсаған азаттықтың таңын көріп, бүгінде арамызда жүр. «Уақыт — емші» деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз еске түскенде жан жарасы қайта қозып, жүрек сыздап қоя береді.
Есімдері ел жадында
Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев сынды қаһармандарды ұмыттыру мүмкін емес.
Д. Қонаевтың қызметтен босатылып, республика тізгінінің жергілікті жағдайды жетік білмейтін өзге ұлт өкілі — Г. В. Колбинге тапсырылуына наразылық білдірген жастар алаңға шықты. Олар бірінші хатшылыққа лайықты қазақ азаматтарының Мәскеу тарапынан ескерілмеуінің себебін түсінбей, өз талап-тілектерін бейбіт түрде жеткізгісі келді. Алайда бұл қадамның осыншалықты аласапыранға ұласарын көпшілігі болжаған жоқ.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі — халқымыздың қасіреті мен ар-намысына, сонымен бірге мақтанышына айналған тарихи белес. Бұл оқиға қазақ халқын дүниежүзіне танытты. Желтоқсан — тек қаралы күндер ғана емес, ел санасын оятқан, тәуелсіздікке ұмтылысқа серпін берген, тарих шежіресіне алтын әріптермен жазылған кезең.
Оқушылардың поэзиялық толғанысы
1-оқушы: Бекасыл
Желтоқсанның күні қандай ызғарлы, Жүректерде жазылмайтын сыз қалды. От боп жанған қазағымның жастары, Жалынымен ерітіпті мұздарды.
2-оқушы: Сымбат
Сол мұздарда жанды алау өшпейтін, Еркіндікті қашанда ел көксейтін. Қаныменен тарихта жазылып, Қайраттардың аты қалды сөнбейтін.
3-оқушы: Халық
1986 жыл, 16 желтоқсан. Ақ қар. Көк мұз. Күн күркіреп, найзағай шартылдады. Дүние астаң-кестең болды. Қысқы жасын. Қысқы найзағай. Ағаш атаулы сілкініп, балаң талдар солқылдап, жас шыбықтар майысып, құлап қалды.
4-оқушы: Арай
Желтоқсанда, Алматыда, Алма бақтар ақ қырауға батқанда, Күңірене күн күркіреп жау жақтан, Жайдың оты жалаң қақты шатқалда! Аппақ қала, аппақ ғалам, о, тоба! Найзағайлар қар жалап тұр жотада, Бұлтты иітіп боздайды боз шынарлар, Бұйдаланған ұқсап жетім ботаға.
5-оқушы: Перизат
Кім көріпті о заманда, бұл заманда, Найзағайды көк аязға құлаған. Кеуделерде үрей — бөрі ұлиды, Болсайшы аман мына ғалам, дін аман!
6-оқушы: Азат
Құдіретті жаратылыстың күңіренісі... Желтоқсанның 16, 17, 18-і — сұмдық оқиғалар. Ашыды жан! Тасыды қан! Араша! Ит қосатын құлдың ұлы деймісің — айбыны асқан алты Алаштың баласы!
Талқылауға арналған ой
Бұл өлең жолдары Желтоқсанның ызғарын ғана емес, халық рухының сынбағанын да танытады. Оқушылардың міндеті — оқиғаның себеп-салдарын түсініп, тәуелсіздіктің қадірін терең сезіну.