Қалай сөйлейтініңді біл
Сабақ туралы мәлімет
- Пән
- Әдебиет, 6-сынып
- Тақырып
- Бердібек Соқпақбаев: «Менің атым – Қожа» (презентациямен)
- Сабақтың типі
- Жинақтау – бекіту – талдау
- Түрі
- Дәстүрлі емес
- Көрнекілігі
- Бердібек Соқпақбаевтың портреті, кітаптары, «Менің атым – Қожа» фильмінен алынған суреттер
- Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап, RAFT-2, топтастыру
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларға Бердібек Соқпақбаевтың әлемге танылған әйгілі хикаяты туралы білім беру; шығарма бойынша ойды жинақтап, Қожаның мінезіне талдау жасату және өз көзқарасын жүйелі жеткізуге үйрету.
Дамытушылық
Жаңа ұғымды өз бетімен ізденіп табуға бағыттау; ой-өрісін, дүниетанымын кеңейту; қызығушылығын ояту.
Тәрбиелік
Тәртіпке баулу, адамгершілік құндылықтарын нығайту.
Сабақтың жоспары
-
1
«Не сөйлейтініңді біл…» (үй тапсырмасы)
Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл.
-
2
«Білген сайын келеді біле бергім…» (жаңа сабақ)
- «Түбінде адам болатын бала» — Қожа бейнесі
- «Өткірдің жүзі, кестенің бізі…» — шығармашылық жұмыс
-
3
«Не үйрендім, не білдім?» (бекіту)
Сабақтағы негізгі ойды жинақтау, қорытынды жасау.
-
4
«Бақытты балалық шақ» (қорыту)
Фильмнен қысқа үзінді көрсету (мүмкіндік болса).
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу.
- Сабаққа назарын аудару, жұмыс ырғағын қалыптастыру.
Үй тапсырмасын сұрау (бәйге форматы)
Үй тапсырмасы: Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» хикаяты. Тапсырманы «бәйге» түрінде орындаймыз: сызбадағы әр ұяшықта шығарма желісі бойынша сұрақтар жасырылған.
Оң жақтағы 10
Хикаят қалай басталады?
Сол жақтағы 10
Қожа әкесіне деген сағынышын қалай білдіреді?
Оң жақтағы 20
Мектеп жанында кездескен Жантас Қожаға не дейді? Одан кейін Қожа не істейді?
Сол жақтағы 20
Майқанова мен Қожаның арасындағы кикілжің неден басталды?
Оң жақтағы 30
Анфиса Михайловнаның сабағында Жантас не үшін сөгіс алды? Бұл жағдайға Қожа қалай қарайды?
Сол жақтағы 30
Қай оқиғадан кейін сынып жетекшісі Майқанова сабаққа екі күн қатарынан келмей қалады?
Ортадағы 40
Тәртіпсіздігінен кейін анасы Қожаға ренішін қалай білдіреді?
Ортадағы 50
Сәйбек қарт Қожаға әкесі туралы қандай естеліктер айтады?
Ортадағы 60
Қожаның әдепті жолға түсуіне себеп болған жағдайларды ата.
Жаңа сабақ: «Білген сайын келеді біле бергім…»
Қазақ прозасына қайталанбас соны леп, өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі — Бердібек Соқпақбаев.
Ол — нәзік психолог, бала жанын терең зерттеген қаламгер. Жазушының шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қазынасына қосылған құнды дүниелер. Солардың бірі — біз жақсы таныс «Менің атым – Қожа» хикаяты.
Бүгінгі сабақта шығарма кейіпкерлеріне талдау жасап, Қожа тұлғасына қатысты көзқарастарды дәлелдеуге үйренеміз.
Кейіпкерлерге талдау
Белсенді кейіпкерлер
- Қожа
- Жантас
- Миллат Майқанова
Тасадағы кейіпкерлер
- Жанар
- Оспанов
«Қожа қандай бала?» (пікірталас)
1-топтың пікірі: Қожа — жақсы бала
- алғыр
- ақылды
- әділетті
- мейірімді
2-топтың пікірі: Қожа — тентек бала
- өтірік айтуға бейім
- шыдамсыз
- бұзық
- тиянақсыз
«Теріп алу» стратегиясы (сипаттарды іріктеу)
Сюжеттен көріністер: «Қай сәт бейнеленген?»
«Есікті аша бергенімде, тынысым мүлде бітіп, жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін».
Түсіндірме: Бақа оқиғасынан кейін апасымен кездесер сәт.
«Терезенің тұсында мектептің бағы бар. Осыдан бес-алты жыл бұрын өз қолымызбен отырғызылған теректер. Бір теректің басына маймылша өрмелеп шығып алдым».
Түсіндірме: Педагогикалық кеңес өтіп жатқан сәт.
«Қоңырау әлі бола қоймаған. Сол кезде басыма сап етіп, бір қызық ой келе қалды. Кішкентай бақаның бірін Майқанованың сөмкесіне сүңгіттім де жібердім».
Түсіндірме: Сөмкеден бақаның шыға келер сәтіне себеп болған әрекет.
«Аузымды түтінге толтырып алып, жұтып кеп қалғаным сол екен, бір керемет улы газ өңешімнен шеңгелдеп ала кеп түсті. Жер дүние төңкеріліп бара жатты».
Түсіндірме: Қожаның темекі тартқан сәті.
«Мынау кім?» (дәйексөз арқылы кейіпкерді тану)
«Біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу; сабақ үстінде сыбырлап-сыбырлай беретін.»
Жауабы: Жантас
«Мен оқулық емес, қант аламын. Сіздің не шаруаңыз бар? Қоя беріңіз.»
Жауабы: Қожа
«Біз екеуміз таныс шығармыз деймін.»
Жауабы: Майқанова
«Мүмкін орныңа барып айтатын шығарсың? Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиыны емес, теңгесі емес, бақандай бір қарасы жүр.»
Жауабы: Сәйбек қарт
«Келесі сабаққа қайсысың бақа ұстап әкелесіңдер?»
Жауабы: Оспанов
Шығармашылық жұмыс: RAFT-2
Рөл
Қожа
Аудитория
Сынып бөлмесі
Форма
Ішкі ой
Тақырып
«Түбі адам боламын»
Көрініс: «Түбі адам болатын бала»
Қожаның «қаулысы»
Оқушылар Қожаның өз-өзіне қоятын талаптарын (қаулы түрінде) құрастырып, оны мінезіндегі өзгеріс пен жауапкершілікке ұмтылыс арқылы дәлелдейді.
Сабақты бекіту
«Не үйрендім, не білдім?»
Осы сабақтан қандай қорытынды шығардым? Жүрегіме не түйдім? Кейіпкер әрекетіне баға беріп, өз пікірімді дәлелдей аламын ба?
Сабақты қорыту
«Бақытты балалық шақ»
Фильмнен қысқа үзінді көрсету арқылы шығарманың идеясы мен бала болмысының шынайылығын нақтылау.
Үй тапсырмасы және бағалау
Үй тапсырмасы
«Бақытты балалық» тақырыбында ойтолғау жазу.
Бағалау
Оқушылардың жауап беру белсенділігі, дәлел келтіруі, топтық жұмысқа қатысуы және шығармашылық тапсырманы орындауы бойынша бағаланады.