Маржандай тізілген әдемі тіс адамның көркі ғана емес, денінің саулығының кепілі
Маржандай тізілген әдемі тіс — адамның көркі ғана емес, жалпы денсаулықтың да маңызды кепілі. Дәрігерлер көптеген аурудың ауыз қуысы арқылы асқынатынын жиі ескертеді. Алайда көп жағдайда біз бұл мәселеге жеткілікті мән бермейміз. Соның салдарынан бүгінде жасанды протезге тәуелділік жасарып барады: бұрын протезді көбіне ата-әжелерімізден көретін болсақ, қазір қырықтың қырқасына енді шыққан жандардың арасынан да жиі кездестіреміз.
Сұхбат: тіс күтімі неге ерте басталуы керек?
Осы тақырып аясында аудандық орталық ауруханасының дәрігер-стоматологы, терапевт Бейбігүл Матешовамен сөйлескен едік.
Тіс күтімі қашан басталуы керек?
Ең дұрысы — күтімді бала туған күннен бастап қолға алған жөн. Кей жағдайда тіс аурулары балаға ата-анасы арқылы да берілуі мүмкін, өйткені белгілі бір бейімділік тұқым қуалайды. Сондықтан уақытылы тексеріліп, ем қабылдап тұру маңызды.
Неге протезге жүгінетіндер жасарып барады?
Негізгі себеп — көп адамның тісіне уақтылы мән бермеуі. Көпшілік тіс ауырсынуы күшейіп, жаны қиналғанда ғана дәрігерге келеді де, бірден жұлдыруға асығады. Бұл — қате түсінік.
Тісте кішкентай қара дақ байқалған сәттен-ақ дәрігерге қаралған дұрыс. Өкінішке қарай, аудан тұрғындарының арасында тіс күтіміне қатысты дұрыс дағды әлі толық қалыптаспаған: көбіне адамдар тісі түнімен сыздап ұйықтатпағанда немесе жағы ісінгенде ғана емханаға келеді.
Тағы бір алаңдататын жайт — көп адам тістің не себепті ауырғанын сұрамай, «жұлғызуға келдім» деп бірден шешім қабылдайды. Емделмеген тісті жұлу көршілес сау тістерге салмақ түсіріп, олардың да әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде адам протезге мәжбүр болады.
Емханада қандай мүмкіндік бар?
Ауруханада арнайы рентген аппараты және заманауи стоматологиялық кресло бар. Рентген арқылы аурудың алдын алып, асқынған түрлерін ертерек анықтауға мүмкіндік туады. Науқастарға тегін дәрі-дәрмек те қарастырылған. Алдағы уақытта жаңа аппараттар алдыру жоспарланған.
Күніне қанша адам қабылданады? Тегін ем кімдерге қарастырылған?
Күніне кем дегенде 10 науқас тексеріліп, ем қабылдайды. Қазіргі кезде әскерге шақырудың күзгі маусымы басталуына байланысты, дәрігер түске дейін емханада, түстен кейін военкоматта қабылдау жүргізеді.
- 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге
- жүкті әйелдерге
- зейнеткерлерге
- тегін ем қолданылады
Тізімде тұратын науқастарға келсек, туа біткен ақауы бар балалар бірден тіркеуге алынады (мысалы, қоянжырық). Қазіргі таңда аудан бойынша 20 бала есепте тұр.
Ең қауіпті, асқынған жағдайлар облыс орталығына жолданып, ота арқылы емделеді.
Балалар арасындағы тіс жегісі: алдын алу жолы
Баланы жастайынан ауыз қуысы гигиенасын сақтауға үйрету қажет. Таңертеңгі астан кейін және кешке ұйқының алдында тісті міндетті түрде тазалау керек. Ауыз қуысында қалған ең ұсақ қиқымның өзі кариеске себеп болуы мүмкін.
Күнделікті дағды
Әр тамақтан кейін ауыз қуысын шаю.
Гигиена ережесі
Тіс щеткасын әр 3 ай сайын ауыстыру.
Сонымен қатар жылына кемінде бір рет тіс дәрігеріне қаралып, профилактикалық тексерістен өтіп тұрған дұрыс.
Дәрігер кеңесі: ауырғанша күтпеңіз
Дәрігердің негізгі ұстанымы қарапайым: ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын алдын ала іздеу әлдеқайда тиімді.
- Тіс пастасын таңдағанда арзанына емес, сапасына мән беріңіз.
- Тісті күн сайын таңертең және ұйықтар алдында тазалаңыз.
- Жылына кемінде бір рет тексерістен өтіп, қажет болса ем қабылдаңыз.
Маңызды ой
Уақтылы тексеріс пен дұрыс күтім — тіс ауруларының алдын алудың ең тиімді жолы.
Дереккөз: zhanaqorgan-tynysy.kz