Мектеп жасына дейінгі баланың логикалық тұрғыдан дамуынаойын арқылы ықпал жасау

Кіріспе

Баланың жас ерекшелігін ескере отырып, қазақ тілі сабақтарында әртүрлі логикалық тапсырмалар ұсыну — білімнің беріктігін арттырудың, шығармашылық қабілетін дамытудың және интеллектуалдық деңгейін көтерудің тиімді жолы. Мұндай тапсырмалар баланың мүмкіндігіне сай құрастырылып, теориялық білімін кеңейтуге әрі оны тәжірибеде қолдануына ықпал етеді. Сонымен қатар, өздігінен ізденіп жұмыс жасау дағдысын қалыптастырады.

Оқу материалы баланың ойлау қабілеті жетерліктей деңгейде, жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырылғанда ғана ойлау әрекетінің дамуына жағдай туады. Сондықтан тәрбиеші мен педагог балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс. Бұған оқу үдерісін жүйелі ұйымдастыру және оқу іс-әрекетінде бала логикасын дамытуға мүмкіндік беретін әдістерді молынан қолдану арқылы қол жеткізіледі.

Негізгі бөлім

1) Логика ұғымына түсінік

Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп аталады, ал ой қорытындыларының объективті пікірлерге сүйенетін үдерісі логикалық ойлау деп түсіндіріледі. Логикалық ойлаудың басты ерекшелігі — қорытындылардың қисындылығы және олардың шындыққа сай келуі.

Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себеп-салдар байланыстары дәл анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау арқылы ашылып, олардың дұрыстығы пікірлер жүйесінде негізделеді.

Ғылыми көзқарастар

Психолог-ғалымдар Н. Н. Поспелов, Ю. А. Петров, А. Н. Леонтьев логикалық ойлауға нақты анықтама беріп, оны логика заңдылықтарына сүйене отырып ой-пікір мен тұжырымды қолдануға негізделген ойлау түрі деп көрсетеді.

Балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту мәселесіне арналған еңбектер А. В. Запорожец, Л. Н. Венгер, И. С. Якиманская зерттеулерінде кең қарастырылған.

Логикалық ойлауды дамыту нені білдіреді?

  • логикалық операцияларды (талдау, жинақтау, салыстыру, жалпылау, саралау) арнайы әрі жүйелі түрде қалыптастыру;
  • ойлау белсенділігін және өз беттілікті дамыту.

К. Д. Ушинский логикалық ойлау логикалық сөйлеудің негізі екенін, ал оны дамыту мұғалімнің міндеті екенін атап көрсеткен. Мектеп жасына дейінгі кезең логикалық ойлауды дамытудың маңызды сатысы ретінде қарастырылады: бұл уақытта кейінірек қалыптасатын абстрактілі ойлауға іргетас қаланады, әрі кеңірек мәселелерді шешуге мүмкіндік туады.

«Ойлау — жанның өте бір қиын, терең ісі. Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан басқыштап іс істеу керек».

М. Жұмабаев

Баланың логикалық ойлауы арқылы тілін дамыту үшін тәрбиеші логиканың теориялық негіздерін терең білуі қажет. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балалардың логикалық ойлауын дамытуда сұрақ қоюдың орны ерекше: сұрақтар жүйелі, нақты және балаға түсінікті болуы тиіс. Дұрыс қойылған сұрақ қиялды жетілдіріп, нәтижелі ойлаудың негізгі тетігіне айналады.

2) Негізгі мақсаты

Білім берудің басты мақсаты — үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік жағдайға сай өсіп келе жатқан ұрпақты даярлау. Өзгермелі өмірге бейімдеу үшін бала білім мен тәрбиені қатар меңгеруі қажет; бұл — білім беру үдерісінің негізгі өзегі.

Логикалық ойлау әдістерін меңгермеген бала оқу барысында жиі қиындықтарға тап болады: есеп шығаруда, жаттығу орындауда көп уақыт пен күш жұмсайды. Бұл өз кезегінде шаршауды күшейтіп, оқуға деген қызығушылықты төмендетуі мүмкін.

Логикалық операцияларды меңгергенде

  • анық әрі дәл ойлай алады;
  • амалды орындауда ненің маңызды екенін түсінеді;
  • өз шешімінің дұрыстығын негіздеп айта алады.

Нәтижесі

Білімді меңгеру жеңілдейді, оқу әрекеті жағымды тәжірибеге айналады, мектеп бала үшін қуаныш пен сенімнің көзі болады.

3) Ойын арқылы логикалық дамуға ықпал ету (мектепке дейінгі кезең)

Ойын — мектеп жасына дейінгі баланың негізгі іс-әрекеті. Бала ойын барысында айнала өмірден алған білімін, әсерін және жинақтаған тәжірибесін өз бетінше іс жүзінде қолданады. Ойынның өзіне тән барысы мен мақсаты болғандықтан, ол бала үшін ерекше мәнге ие.

Ойын арқылы баланың қиялы мен логикалық ойлауы шыңдалып, дамиды. Бұл әсіресе қазіргі ақпараттық қоғамда маңызды: компьютер дәуірінде баланы болашақ өмірге, белсенді еңбекке даярлау үшін оның ақыл-ойын, адамгершілік-эстетикалық сезімдерін және логикалық ойлау қабілетін жүйелі түрде қалыптастыру қажет. Бұл үдерісте балаға құрметпен қарау — негізгі қағида.

Практикалық тәсілдер

Қарапайым математиканың алғашқы ұғымдарын ойын арқылы меңгерту

Математикалық диктанттар және ауызша есептер

Заттарды әртүрлі геометриялық пішіндерден құрастыру

Көру арқылы салыстыру, қиялдау, жұмбақ жаттау

Логика туралы кеңірек

Логика — дүниені тану тарихының нәтижесі, жиынтығы және қорытындысы. Ол адамдардың сан ғасырлық тәжірибесінің жемісі ретінде қалыптасып, көптеген ғылымдармен тығыз байланыста дамиды: философия, психология, жоғары жүйке қызметі мен физиология, кибернетика, математика.

Логика талқылау кезінде ойдың дұрыс құрылуын зерттейді. Сонымен қатар формалды және диалектикалық логика ұғымдарының мазмұнын ажыратып түсіндіру маңызды. Формалды логика жаңа білімді қорытып шығарудың заңдарын қарастырып, білімнің құрылымдық жағына және элементтер арасындағы формалды байланыстарға назар аударады.

Қорытынды

Мектеп жасына дейінгі кезеңде логикалық тапсырмалар мен ойындарды жүйелі қолдану баланың ойлау әрекетін белсендіреді, өз беттілігін арттырады және тілдік дамуына ықпал етеді. Жас ерекшелігіне сай ұйымдастырылған оқу үдерісі баланың білімді сенімді меңгеруіне, қызығушылығының сақталуына және болашақ оқу жетістіктерінің берік негізделуіне жағдай жасайды.

Мекеме

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
КМҚК «Айгөлек» ясли-бақшасы

Лауазымы

Әдіскер

Автор

Талапкер Асылай Мухамбетовна