Сіздер қалай ойлайсыздар

Сабақтың тақырыбы

Өмір қымбатсың сен маған!

Сабақтың мақсаты

  1. Өмірге деген бейімділік пен табандылықты, қарым-қатынаста ашық болуды қалыптастыру; өмірдің құндылығын сезіндіру.
  2. Түрлі мәселелер туралы психологиялық білім беру және олардың алдын алу жолдарын қарастыру.
  3. Бір-бірімен қарым-қатынас жасау машықтарын дамыту.
  4. Қайырымдылыққа, білімділікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Міндеттері

  • Өмір жолы, өмірлік мақсат-мұрат және жалпыадамзаттық құндылықтардың адам өміріндегі маңызы туралы түсінік беру.
  • Өз өмірінің мәнін түсінуге, рухани өсуге, жақсы мен жаманды ажырата отырып өмірлік ұстанымын айқындауға үйрету.
  • Өз сөзіне, ойына және әрекетіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

Бір-бірімізге мейірім мен жылы сезім сыйлау үшін ерекше амандасудан бастайық. Сынып ішінде еркін жүріп, «жұп табыңдар» дегенде өздеріңе жұп таңдайсыңдар. Содан кейін берілген тапсырманы орындаймыз.

Ерекше амандасу түрлері

  • Қолмен амандасу
  • Аяқ ұшын түйістіру
  • Иық түйістіру
  • Бет түйістіру
  • Мұрын түйістіру

Осы жақсы көңіл-күймен орындарымызға жайғасайық.

Өлең арқылы ой ашу

Сабақты Тұманбай Молдағалиевтің өлеңімен бастаймыз. Міндет — ақынның не туралы жырлағанын мұқият тыңдап, ой түю.

Адам күліп қарсы алады таң нұрын,

Адам жырлап жөнелтеді әр күнін.

Сәл қайғырса, ол ұғына түседі,

Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.

Адам күліп қарсы алады таң нұрын,

Адам жырлап ұзартады әр күнін.

Сәл қуанса, шығарады ол естен,

Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.

Өлеңнің негізгі өзегі — өмір және адамның көңіл күйі арқылы оны сезінуі.

Талқылау сұрағы

Өлеңде не жайлы жырланған?

Жауап: өмір жайында. Осыған сүйене отырып, бүгінгі тақырып: «Өмір қымбатсың сен маған!»

Топқа бөлу

Сынып 2 топқа бөлінеді:

1-топ

Өмір

2-топ

Бақыт

Негізгі сұрақтар: «Өмір» және «Бақыт»

Өмір туралы

  • Өмір деген сөзді қалай түсінесіңдер?
  • Өмірдің мәні неде?
  • Өмір адамға несімен қымбат?
  • Өмір мен Бақыттың айырмашылығы неде?

Бақыт туралы

  • Бақытты қалай түсінеміз?
  • Бақыт адамға не үшін керек?
  • Бақытқа жету үшін адам не істеуі керек?
  • «Басына бақ қонған» деп қандай адамды айта аламыз?

Ой қозғау: «Бақытты сатып алуға бола ма?»

Елестетіңдер: бүгін дүкенге «бақыт» келді. Ол қорапқа салынған. Енді оны сезім арқылы сипаттап көрейік.

Түсі қандай?

Қораптың сыртқы бейнесін елестет.

Иісі қандай?

Қандай хош иіс еске түседі?

Жылы ма, салқын ба?

Сезім ретінде сипатта.

Дыбысы қандай?

Үн, әуен, тыныштық — қайсысы?

Бақытты адамды қалай танисың?

Іс-әрекеті мен мінезінен байқа.

Қашан бақытты боласың?

Саған не керек екенін нақтыла.

Тақтадағы ұғымдар

Ақша Компьютер Тәтті кәмпит Түсінушілік

Қорытынды ой: бақыт әркімнің өзіне, өмір сүрген ортасына және жағдайына байланысты.

Бақыт туралы пайым

Бақыт — өмірді өз орнында, өз қалпында қабылдап, шамасы келгенше үлгілі өмір сүру; адал болу; майдақтық пен іштарлықтан аулақ жүру. Өмірдің кедір-бұдыр тұстары көп: олар әр қадам сайын ұшырасады. Сол қиындықтардан именбей, жасқанбай, азаматтық міндетті адал атқару, ар-намысты қорғау — бақыттың бір шыңы.

Ештеңеге мойымай, өзіңе сенімді болсаң — бұл да бақыт. Қиындықты жеңу — бақыт. Демек, бақыт адамның ішкі дүниесіне тікелей байланысты.

Өмірлік қиындық және кеңес

Екі жасөспірім өз қиындықтарымен бөліседі. Тыңдап, ақыл-кеңесімізді қосайық: олар қандай қадам жасаса, өз өміріне мән бере алады?

Ой-толғау

Адамның өзінен де жасыратын ойы болады. Әркімнің тілегі өзінде, қайғысы да қабырғасының астында. Бірақ адамның ең басты қасиеттерінің бірі — туған күнінен бастап жалғыздықпен күресуі, арпалысуы, ізденуі. Өйткені шынайы жалғыздық — түпсіз түнек, ауыр жүк.

Сондықтан адам дүниеге келе сала жылап, қасына адам жинайды: анасын іздейді, дос іздейді, махаббат іздейді. Қоғамнан өз орнын, тіршіліктің мақсатын іздейді. Өмір ақ пен қарадан, ауыр мен жеңілден тұрады. Қиындықты жеңе білу — өмірдің мәнін тереңдетіп, адамның ұлылығын танытады.

Қорытынды тұжырым

Жасөспірімдер кеңесті тыңдап, өздеріне нақты мақсат қойса, өмірлері мәнді де мағыналы бола түседі.

Шығармашылық бөлім

Өлең оқу

Өмір мен Бақыт туралы ақындар көп жырлаған. Оқушылар өлең шумақтарын оқиды немесе өз өлеңін ұсынады.

Топтық жұмыс: «Газет беті»

Әр топ өз «газетін» безендіріп, суретпен немесе өлең шумақтарымен ойды жеткізеді. Жұмысты басқаларға түсінікті болуы үшін талдап, қорғайды.

Ойын: «Түсін мені»

Мақсаты

Бір оқушы парақтағы сөзді ыммен түсіндіреді, ал қалғандары сол сөзді табуы керек.

Қосымша

«Бақыт» туралы өлең оқылады (компьютер арқылы көрсетуге болады).

Түйін және пікір алмасу

Біз «өмір» мен «бақыт» ұғымдарын талдадық. Енді осы сабақтан қандай ой түйдіңдер? Балалар өз пікірін ашық айтады.

1-топтың ұраны

Біз өмірді сүйеміз!

2-топтың ұраны

Бақытты өмір сүреміз!

Барлығымыз бірге

Біз бәріміз біргеміз!

«Жүректен — жүрекке»

Оқушылар бір-біріне тілек айтады.

Қорытынды

Сабақты қорытындылай келе, бақыттың бір қыры — барға шүкір етіп, өмірдің құндылығын сезіне білу екеніне көз жеткіземіз.

Біз бақыттымыз, өйткені тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.