Балалар шанамен
Ойын арқылы оқушылардың ой-өрісін дамыту
Ұлы педагог В. А. Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармасыз, ойсыз толық мәндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» деп санайды. Ойын — мектеп жасына дейін де, одан кейін де баланың негізгі іс-әрекеті.
Ойын үстінде баланың тілі дамиды, белгілі бір іске бейімділігі, мүмкіндігі мен қызығушылығы айқын байқалады. Баланың тілін де, ой-өрісін де дамыту көбіне ойыннан басталады. Құрбы-құрдастарымен әртүрлі ойын ойнауы — жеке тұлғалық қасиеттердің қалыптасуындағы алғашқы баспалдақ.
М. Жұмабаевтың ойын туралы пікірі
М. Жұмабаев баланың ойыны туралы: «Баланың қиялы, әсіресе ойында жарыққа шығады. Ойын балаға кәдімгідей бір жұмыс» дейді. Бала ойнағанда өз әсерлерін пайдаланып, айналасында көргенін қайталайды: біреуі ат болып қашады, біреуі құрық салады; шырпыны тізіп көш жасайды; балшықтан мал, қуыршақтан қыз жасайды. Бұл — ұлттық тұрмысымызға тән ойын үстіндегі бала болмысы мен психологиясының көрінісі.
Ойын түрлері және тәрбиелік мәні
Ойын мазмұны мен түріне қарай төмендегідей болып бөлінеді:
- Мазмұнды-бейнелі ойындар
- Қимыл-қозғалыс ойындары
- Дидактикалық ойындар
- Құрылыс ойындары
- Кейіптендіру ойындары
Балалардың топтасып, бірлесіп ойнауы арқылы:
- жақсы әдеттер мен адамгершілік қасиеттер қалыптасады;
- бір нәрсені білуге құмарлығы артады, танымдық қабілеттері дамиды;
- қимыл-қозғалысы жетіледі;
- тілектестік қарым-қатынас орнап, өзгемен санаса білу дағдысы нығаяды;
- қиын жағдайда көмекке келу, келісімге келу, дауды әділ шешу үйреніледі.
Сабақтағы ойынның әсері
Бала ойынмен өседі: сабақтан кейін ойыншықтарымен ойнауға немесе аулаға шығып достарымен ойнауға құмар болады. Ойын — баланың ақыл-ойы мен адамгершілік қасиеттерінің жетілуіне ықпал ететін маңызды құрал.
Оқушы күн сайын мектепте кем дегенде 5 сағат уақытын өткізеді. Әсіресе бастауыш сыныптарда сабақты ойын арқылы ұйымдастыру — білімді жоғары деңгейде меңгеруге айрықша әсер етеді. Мұғалімнің «Ойын ойнаймыз» деген сөзі баланың көңілін көтеріп, назарын бірден сабаққа бағыттайды.
Қазіргі жағдай: цифрлық ойындар және қозғалыс
Қазіргі таңда балалар компьютерлік және ұялы телефондағы ойындарды үлкен ынтамен ойнайды. Соның салдарынан қимыл-қозғалысты ойындарға қызығушылық азайып бара жатқандай. Сондықтан ата-ана, мұғалім, тәрбиеші баланың дұрыс ойын ойнап, жүгіріп, секіріп, доппен ойнауына тұрақты түрде назар аударуы қажет. Қимыл-қозғалысы аз, күн сайын компьютер мен теледидар алдында ұзақ отыратын баланың аурушаң болатыны белгілі.
Сабақта қолдануға болатын дидактикалық ойындар
1) «Мұқият бол»
Сауат ашудың алғашқы кезеңінде мұғалім айтқан дыбыстың әріп таңбасын оқушы табады. Одан кейін сол дыбыстан басталатын сөздер қатарын айтады.
Кезеңнің ортасында ойынды күрделендіріп, сурет бойынша бір буынды және екі буынды сөздерді жаздыруға болады. Мысалы: әже, ата, нан, гүл, шана т.б.
2) «Жасырынған сандар»
Тақтаға 0-ден 10-ға дейінгі сандар қатары жазылады. Белгілі бір сан жабылады, оқушылар қай санның жасырынғанын табады. Осы әдісті ондықтар қатарымен де қолдануға болады.
3) «Адасқан сөздер»
Берілген сөздерден дұрыс сөйлем құрау тапсырмасы орындалады.
Мысалдар:
- «Доп ойнады балалар.»
- «Оқыды Марат сабақ.»
4) «Сөз ойла, тез ойла»
Оқушылар мұғалімнің нұсқауы бойынша бір буынды, екі буынды, үш буынды сөздер ойлап табады.
5) «Пирамида»
Оқушылар белгілі бір дыбыстан басталатын сөздерден «пирамида» құрайды.
А
Ат
Ата
Ағаш
Арман
Айдана
Асылхан
6) «Адасқан әріптер»
Әріптерден сөз құрап, дұрыс жазу дағдысын бекітуге арналған ойын.
І Б Л М — Білім
А Л Б А А Н П — Балапан
І К А П Т — Кітап
7) «Жалғасын тап»
Суреттер бойынша көп нүктенің орнына тиісті буынды қою.
- Қош... (қар)
- Қа... (лақ)
- Жыл.. (қы)
8) «Қай сөзді жоғалттым?»
Оқушылар берілген сөйлемді толықтырады.
- Далада қар ............................................................
- Балалар шанамен ............................................................
9) «Үндемес» ойыны
Мұғалім жекелеген заттардың суретін көрсетеді. Оқушылар сол заттардың атын дәптерге жазады. Соңынан жазылған сөздер оқылып, дұрыс жазылғаны тексеріледі.