Жылуын күннің әкелем

Ертеңгіліктің мақсаты

Бұл ертеңгілік 8 наурыз — бүкіл дүниежүзілік мереке екенін балаларға түсіндіруге, отбасыдағы ананың орнын ұғындыруға және анаға деген құрметтің ерекше екенін сезіндіруге бағытталған. Ана мен баланың арасындағы байланысты түрлі жанрлар арқылы көрсету көзделеді: театр қойылымы, мақал-мәтел, өлең және ән.

Білімділік

  • Көктем мезгілі туралы мағлұмат беру.
  • 8 наурыздың әлемдік мереке екенін түсіндіру.
  • Отбасындағы ананың орнын және анаға құрметтің мәнін ашу.
  • Ана мен бала байланысын өнер түрлері арқылы көрсету.

Дамытушылық

  • Көктем құбылыстарын сипаттап, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
  • Сөздік қорды молайту, ойын арқылы ой-өрісті дамыту.
  • Қызығушылық пен белсенділікті арттыруға қолайлы орта қалыптастыру.
  • Театр қойылымы арқылы ұялшақ балаларды ортаға тарту.

Тәрбиелік

  • Мейірімділікке, қамқорлыққа, кішіпейілділікке тәрбиелеу.
  • Достық пен ұйымшылдықты нығайту.
  • Эстетикалық талғамды дамыту, әдемілікті сезінуге үйрету.

Сахналық көріністің басталуы

Балалар сазды әуенмен вальс билеп залға кіріп, жарты шеңбер болып тұрады.

Жүргізуші

Құрметті асыл аналар, қыз-қызғалдақтар, қадірлі ұстаздар! Қар астынан қылтыйып бәйшешек бой көтергенде, көктемнің алғашқы хабаршысындай болып Аналар мерекесі де келеді. Бәйшешек нәзік болса да қалың қарды жарып шығады. Біздің асыл аналарымыз да нәзік бола тұра, кез келген қиындыққа төзімді.

Көктемгі күндей жарқырап, гүлдей құлпырған мерекелеріңіз құтты болсын! Бүгінгі күн — аяулы аналар, сіздер үшін. Бұл — сәбилеріңіз үшін де ерекше күн.

Барлық уақытта шыдамдылықпен, мейіріммен, ақылмен жол сілтеген ардақты аналар! Айгөлек ортаңғы тобының «Ана — күннің шуағынан жаралған!» атты ертеңгілігі сіздерге арналады.

Ана туралы жыр

Жүргізуші

Ана десем, сезім билер тым ыстық,

Жарасымды адамдарға туыстық.

Бар адамға берсе ананың мейірін,

Орнар еді бар әлемде тыныштық.

Ана десем, шешек атып жанары,

Өмірімнің бастау алар жанары.

Ана деген тіршілікте пана болып,

Әрбір үйде жұлдыз боп жанады.

Құтты болсын 8 наурыз мерекелеріңіз! Үйіңізде болсын бақыт-берекеңіз!

Көркем сөз: «Анашым»

Авторы: М. Мақатаев

оқушы: Яна

Ана дейміз бәріміз де аңқылдап,

Ана дейді жас сәби де жарқылдап.

Ана деген — бәйтерегі өмірдің,

Ана деген — алтын қазық, алтын бақ.

Ана деген — асыл жандар болаттай,

Ана деген — мөлдір жандар бұлақтай.

О, адамдар, қадірлей біл ананы,

Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

Балалардың құттықтауы

1) Фатима

Ананың біз гүліміз,

Ана — біздің күніміз.

Ұландарды қуантып,

Ұзақ өмір сүріңіз!

2) Фараби

Мерекесі бүгін алтын анамның,

Сыйлайыншы гүлін жарқын даламның.

Күлімдеген көзі күннің нұрындай,

«Ұлым» деген сөзі ақын жырындай.

3) Ерсін

Айналайын анашым — әлемдегі жан асыл,

Болса маған не керек — бәрін іздеп табасың.

Айналайын анашым — асқар таудай панасың,

Күн көзіндей күлімдеп, құшағыңа аласың.

Жүргізуші: «Міне, балалар, аналарымызды бәріміз мерекемен құттықтаймыз!» (бәрі қосылып айтады)

Хор

«Ақ мамам» әні

Ғажайып сәт: Ару көктемнің келуі

Әуенмен тербеліп, Ару көктем келеді.

Ару көктем

Мен көңілді көктеммін,

Былтыр келіп кеткенмін.

Көзін ашып бұлақтың,

Түбіне тал еккенмін.

Гүл боп қырда егілем,

Дән боп жерге себілем.

Жаңбыр болып жауам да,

Нұр боп көктен төгілем.

Шуағын төгіп әлемге,

Жылуын күннің әкелем.

Табиғаттың төсіне тіршілігін сыйлаймын!

Диалог

Жүргізуші: Амансың ба, Ару көктем? Ұлан-байтақ жерімізге қош келдіңіз. Шуағыңды мол төге бер!

Көктем: Мынау менің құшағым толы қыр гүлі. Гүлдей жайнаған қыздарға сыйлағым келіп тұр.

Көктем гүлдерді таратады.

Көктем: Осы гүлдей құлпыра беріңдер, аяулы аналар мен әжелер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Сұрақ-жауап

Көктем аруы: Балалар, көктем мезгілінің қандай ерекшеліктері бар?

  • Күн жылына бастайды.
  • Қар ериді, сай-салаға ағады.
  • Құстар ұшып келеді.
  • Ағаштар бүршік атады.
  • Гүлдер көп болып өседі.

Көктем аруы: Ендеше, кім көктем туралы тақпақ біледі?

Көктем туралы тақпақтар

4) Ерқанат

Жыл басы — Наурыз мереке,

Ақ нұрға әсем боянды.

Аналар тойы — береке,

Тіршілік жаңа оянды.

5) Аружан

Бар табиғат нәр алып,

Шыға келер жаңарып.

Қызғалдақ болып құлпырған,

Көктем — біздің балалық.

6) Әбдіслам

Сылдыр қағып ақ бұлақ,

Күйге салып жатты бақ.

Таудан аққан өзенде,

Гүрілдеді қаттырақ.

Жайраңдасын жас, кәрі,

Құстар келе бастады.

Дидактикалық ойын: «Көктем келді»

Ойын шарты: көктем мезгілінің ерекшеліктерін ажырата білу. Балалар ортаға жақындайды. Ортаға ағаш макеті қойылады.

Сұрақтар

  • Ағашта нелер пайда болады?
  • Нелер ұшып келеді?
  • Құстар қайда қонады?
  • Көк шөп қайда өседі?
  • Төлдер қайда ойнақтайды?
  • Мұның бәрі қай мезгілде болады?

Үлгі жауаптар

  • Жапырақтар пайда болады. (3–4 бала жапырақты қыстырады)
  • Құстар ұшып келеді.
  • Ағаштың бұтағына қонақтайды. (3–4 бала құстарды отырғызады)
  • Жерде. (2–3 бала көк шөпті орналастырады)
  • Көк шөптің үстінде. (төлдерді орналастырады)
  • Көктемде.

Қорытынды

Жүргізуші

Арайлап атты таңымыз,

Жайнайды бақша-бағымыз.

Гүлдердей құлпырып,

Би билейміз тағы біз.

Мәлімет

Атырау қаласы, Бірлік ауылы, №33 «Көркемай» балабақшасы. Тәрбиеші: Кабдуахитова Сагия Тлеккабыловна.