Ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу
Тілім менің — өмірімнің айғағы
Бұл тәрбие сағаты қазақ тілінің даналық пен тәрбиелік қуатын, ұлт болмысын танытатын құдіретін тереңірек ұғындыруға бағытталған. Негізгі ой — ана тілін қадірлеу, құрметтеу және оны күнделікті өмірде еркін, сауатты қолдануға дағдылану.
Мақсаты
Қазақ тілінің даналық, тәрбиелік мәнін және ұлттың ұлттық келбетін айқындайтын күшін таныту. Ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
Міндеттері
- Оқушыларды дұрыс, жүйелі сөйлеуге тәрбиелеу.
- Тіл байлығын дамыту, өз тілін де, өзге тілдерді де құрметтеуге үйрету.
- Әр оқушыны өз тілінде еркін сөйлеп, ойын ашық айтуға бейімдеу.
Өту форматы
Топтық сайыс.
Көрнекіліктер
Нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, данышпандар мен ғалымдардың ұлағатты ойлары жазылған плакаттар.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Ұлттық тәрбие — ұлағатты іс. Бұл тек қазақ ұлты үшін ғана емес, еліміздегі барлық ұлт үшін маңызды. Әр адамның азаматтық болмысы мен мәдениеті өз халқын, өз атамекенін және өз ана тілін сүюімен өлшенеді. Ана сүтімен дарыған қуат адамды отаншыл, ұлтжанды етеді. Сондықтан әркім өз тіліне құрметті өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына құрмет деп түсінгені дұрыс.
Түйін ой
Ел мен елді ұғыныстыратын да — тіл. «Оқ жарасы бітер, тіл жарасы бітпес» дейді халық. Ал «Жақсы сөз жараны да жазады».
Қазақ тілін ғасырлар бойы ел болып жасап келдік, енді оны тұтас ел болып қорғау — ортақ міндет. 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланып, 1 шілдеден бастап Конституциялық күшіне енді. Бүгінгі тәрбие сағаты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерге сүйеніп құрылады, себебі қазақ халқы сөздің қадірін терең танып, жас ұрпақты тәрбиелеуде оны кең қолданған.
Мақал-мәтел мен нақыл сөздің қысқа да нұсқа үлгісін халық «Естіге екі сөз де жетеді» деп түйіндейді. Пайымы бар жасқа көп сөздің керегі жоқ — ең маңыздысы, айтылған ойдың салмағын түсіну. Сондықтан ұстаз да, тәрбиеші де әр сөзін түсінікті, ұғымды етіп, терең ойлы тұжырымдарға сүйенуге ұмтылады.
Сайысқа кіріспе шумақ
Қазылар орнықтырар әділдікті, Кімдердің жауаптары кәміл шықты? Білім мен тапқырлықтың сайысында, Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты.
Сайыс нәтижесін бағалап отыратын қазылар алқасы таныстырылады. Даналардан қалған «Сөз атасы — Майқы би» деген өнегелі сөзді тірек етіп, тәрбие сағаты басталады.
Жарысқа үндеу
Түсеміз біз білімнің жарысына. Жеңесіңдер — қол соғамыз табысыңа, Талапкердің талабы таудай болар, Аямас тисе кетсең намысына.
Топтардың таныстырылымы
1-топ
Ұран
Сүйемін туған тілді, анам тілін.
Ән шумағы
Тіліміздің бұлағы, Тірліктің ел жүрегі, Ана тілін сүйемін, Отан үшін күйемін.
2-топ
Ұран
Тіл бар жерде — өмір бар.
Ән шумағы
Ана тілін — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте.
Сайыс айналымдары
1-айналым: «Зерделі болсаң, биік шыңға жетерсің»
Сұрақтар қойылып, екі топ арасында пікір алмасу жүргізіледі.
- Ана тілі дегеніміз не?
- Ана тілін құрметтеуді қалай түсінесің?
- Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзін қалай түсінесің?
- Орыс тілін білу қажет пе?
- Ағылшын тілін оқыған дұрыс па?
- Тіл туралы заңдардан не білесің?
2-айналым: Шығармашылық кезең
Әр топтан бір оқушы шығып, берілген мәтін бойынша өлеңнің бір-екі жолын жалғастырады. Осы кезде қалған оқушылар тіл туралы мазмұнды ойларын ортаға салады.
1-топтың ойлары
- Халық бар жерде тіл бар. Тіл бар жерде өнер бар. Өнер бар жерде жанкүйер бар. Әр халықтың ана тілі — оның бақыты, оның қуанышы.
- Өз тіліңді білу — өз тіліңде ер жетіп, ел қатарына қосылу; өмірден алған ең үлкен сыйың.
- Ана тіліңде елдігіңді, ерлігіңді жырлайсың.
- Туған тілді мақтан ету, оны таза ұстау, өрлеп-өсуіне еңбек сіңіру — әр қазақ отбасының қасиетті борышы.
2-топтың ойлары
- Халықтың қуаты — тілдің қуаты. Ана тілімізді ең көркем, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек.
- Сөйлеу білу — үлкен өнер. Көп тыңдап, көп оқып, мақал-мәтелдің сырын ұғып, ойымызды еркін жеткізуге үйренеміз.
Өлең шумақтары
1-топ
Ана тілім — ар тілім, Жанардағы жарқылым. Жүрегінде сақталған, Ән-жыры бұл халқымның. Айналайын халқымнан, Айналайын даңқыңнан. Ана тілдің бағасы, Қымбат екен алтыннан.
2-топ
Құндағында бесіктің, Ана тілін үйрендім. Сол арқылы бой жазып, Азамат болып өсіппін. Туған тілім — тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылады сыр-ойдағы. Өссе тілім — мен де бірге өсемін, Өшсе тілім — мен де бірге өшемін.
4-айналым: Мақал-мәтелдер сайысы
Екі топ кезектесіп мақал-мәтел айтады.
- Өнер алды — қызыл тіл.
- Орақ ауыз, от тілді.
- Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ.
- Тіл қылыштан өткір.
- Тіл — тиексіз.
- Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ.
5-айналым: Қорытынды
Бүгін Қазақстан — тәуелсіз мемлекет. Еліміздің тілі, Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бар. Біз — егемен елміз. Сендер — Отанымыздың ертеңі, келешек ұрпағысыңдар. Жақсы оқып, үлгілі, тәртіпті болып, ана тілін жетік меңгеріп, Қазақстанның намысын қорғайтын азамат болып қалыптасу — басты парыз.
Қорытынды жыр (Махмет Темірұлы)
Қажып қалған, қаужырап қайран тілім, Айта алмайды өзінің зарлы мұңын. Жетім өскен баладай жаутаңдады, Қатарға енбей әлі де жүр ғой бүгін. Ана тілін кейбіреулер біліп жүр ме, Қазақша айтсаң құлаққа іліп жүр ме. Басқа тілде сөйлесіп мәз болады, Мазақ етіп өз тілін күліп жүр де. Қалғанымен сәл уақыт бағы тайып, Бас көтерер ертең-ақ қанат жайып. Көзі ашылмай бықсыған оттай болса, Жарқыратып сәулесін лаулатайық.