Таза ауаға рақмет

Ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Тақырыбы

Үй құстары

Білім беру салалары

  • Қатынас
  • Таным
  • Шығармашылық

Қолданылатын көрнекі құралдар

  • Суретті сөздіктер
  • Балапан, тауық (макет/ойыншық)
  • Үй құстарының суреттері
  • Интерактивті тақта

Мақсаты

  • Балалардың үй құстары туралы түсініктерін кеңейту.
  • Танымдық үдерістерін және қол моторикасын дамыту.
  • Өз ойын дәлелдеп, нақты жеткізе білуге дағдыландыру.
  • Үй құстарына сүйіспеншілік пен қамқорлық сезімін ояту.
  • Жаңа сөздерді меңгерту арқылы сөздік қорын молайту.

Міндеттері

  • Ойын түсінікті әрі нақты етіп жеткізуге үйрету.
  • Үй құстарына қамқорлық танытуға тәрбиелеу.

Сабақ барысы

Тілек шеңбері

Балалар шеңберге тұрып, бір-бірлеп табиғатқа және қонақтарға ризашылық сөздерін айтады.

  • Күн, сәуле шашқаның үшін рақмет!
  • Таза ауаға рақмет!
  • Бұлт, жаңбыр сепкенің үшін рақмет!
  • Ағаш, көлеңкең үшін рақмет!
  • Жер, жомарттығың үшін рақмет!
  • Табиғат, сұлулығың үшін рақмет!
  • Ұстаздар, бізге келгендеріңіз үшін рақмет!

Ғажайып сәт: «Ұядағы жұмыртқа»

Тәрбиеші ұядағы жұмыртқаны көрсетіп, балалармен шағын әңгіме жүргізеді.

Сұрақ-жауап

Бұл не?
Жұмыртқа.
Пішіні қандай?
Сопақша, дөңгелек.
Түсі қандай?
Ақ.
Ішінде не болады?
Балапан.

Жылы лебіз

Балалар жұмыртқадағы балапанға ақ тілектерін арнайды.

  • Тәрбиеші: Денің сау болсын!
  • Нұрасыл: Үлкен болып өс!
  • Інжу: Жолың болсын!
  • Нұртілек: Тентек болма!
  • Ару: Қанатың мықты болсын!

Суретпен жұмыс және түсіндіру

Интерактивті тақта арқылы үй құстарының суреттері көрсетіледі. Балалар көргендерін сипаттап, құстарды атайды.

Негізгі ой

Бұл құстардың барлығы үй құстары деп аталады, себебі олар үй маңында өсіріледі және адамдар оларға жем мен су береді.

Үй құстары адамның көмегімен қоректенеді: жем шашылады, су құйылады.

Көркем сөз: «Шұбар тауық» (Ұ. Есдәулетов)

Тәрбиеші өлеңді мәнерлеп оқиды, кейін мазмұны бойынша сұрақтар қойылады.

Шұбар тауық мүлдем

Жолатпайды барса.

Ұясында жүрген

Балапаны қанша?

Балапанын тауық,

Қызғанады жаман.

Қанатымен жауып,

Санатпайды маған.

Өлең мазмұны: тауықтың балапанын қорғауы.

Сұрақтар

  • Суреттегі құс қандай құс?
  • Оның баласын қалай атаймыз?

Жауап: Тауық. Баласы — балапан.

Танымдық мәлімет

  • Тауық — балапанның анасы.
  • Пайдасы: жұмыртқа, еті — тағам; мамығы жастыққа пайдаланылады.
  • Тауықтар: әтеш және мекиен.
  • Әтештің айдары болады, қауырсыны түрлі түсті келеді.

Үй құстарына тағы қандай құстар жатады?

Балалардың жауаптары: қаз, үйрек, күркетауық.

Дидактикалық ойын: «Үй құстары»

Үнтаспадан үй құстарының дауыстары тыңдатылады. Балалар дыбыс бойынша құсты табады және оның жүрісін салып көрсетеді.

Дауысты тыңда

Қай құс екенін анықта

Ата

Құс атауын дұрыс айт

Қимылда

Жүрісін бейнеле

Талқыла

Қалай қоректенетінін айт

Сергіту сәті

Балалар балапанның көңілін көтеру үшін «Шөжелерім» биін билейді, кейін саусақ ойынын орындайды.

Саусақ ойыны:
Шеп-шеп, шеп-шеп, шөжелерім,
Сары алтындай балапаным.
Тез жетіңдер, жем беремін,
Дәнге толы алақаным.

Шығармашылық жұмыс: «Тауықтың суретін аяқта»

Балалар орындарына отырып, қағаздағы жартылай салынған тауық бейнесін толықтырып салады.

Нәтиже

Жұмыс барысында қол моторикасы дамиды, пішін мен бөлшектерді сәйкестендіру дағдысы нығаяды.

Тіл дамыту: жұмбақ және жаңылтпаш

Жұмбақтар

Басында айдары бар,
Иегінде сақалы бар.

Жауабы: Әтеш

Алшаң-алшаң басады,
Бір-бірін көрсе қаңқылдасады.

Жауабы: Қаз

Жаңылтпаш

Үйір-үйір үйректі,
Үйірге кім үйретті?
Үйір-үйір үйректі
Үйірге өзім үйреттім.

Қимылды ойын: «Етек-етек»

Әуенмен бірге «қарақұс» бейнесіндегі бала топтың ішін айнала қозғалады. «Тауық» балапандарын жинап, етектен ұстатып қорғайды.

Ойын шарты

  • Балапандар «тауықтың» соңынан еріп, етектен ұстайды.
  • Кім етектен айрылса, сол балапанды «қарақұс» ұстайды.
  • Қауіп төнген сәтте «бүркіт» келіп, қарақұсты тоқтатады.

Ойын соңында балалар шеңбер жасап, қарақұсты ортаға алады. Қарақұс кешірім сұрайды және енді қорқытпайтынын айтады.

Кешіру және достық

Балалар: «Егер бізді дауыстан танысаң, кешіреміз» деп шарт қояды. Қарақұс балалардың дауыстарын танып, олардан балапанның мүсінін жасап беруін өтінеді.

Мүсіндеу: «Балапан»

Балалар ермексаздан балапан мүсінін жасап, қарақұсқа сыйлайды. Қарақұс алғысын айтып, балаларға сыйлықтарын таратып, қоштасады.

Қалыптасатын дағдылар

Қол моторикасы

Илеу, ширату, пішіндеу

Тілдік дағды

Сипаттау, сұраққа жауап беру

Әлеуметтік тәрбие

Кешіру, қамқорлық, достық

Автор туралы мәлімет

Иралиева Мира Маратовна — Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Ақсуат ауылы, Ақсуат жалпы білім беретін негізгі орта мектебінің шағын орталық тәрбиешісі.