Астана - Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі
Ашық тәрбие сағаты: «Астана — Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі»
Бұл тәрбие сағаты 8-сынып оқушыларына арналған. Мазмұны елордамыздың тарихын таныстырып, Қазақстанның тәуелсіздігі мен ел бірлігінің маңызын ұғындыруға бағытталған.
Мақсаты
- Астана туралы мағлұмат беру, елордамыздың көрікті орындарымен таныстыру.
- Отансүйгіштікке, Отанды қадірлеуге баулу.
- Ұлттық патриотизм рухында тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Астанаға қатысты фотосуреттер
- Слайд-презентациялар
- Буклеттер
Барысы
I. Кіріспе
1-жүргізуші
Құрметті ұстаздар мен оқушылар, бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы — «Астана — Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі». Астана қаласы Қазақстанның жаһандық брендіне айналып, әлемге әсем де жас қала ретінде танылуда. Астана — Тәуелсіздіктің перзенті, жаңа дәуірдегі Қазақстанның жарқын бейнесі.
2-жүргізуші
Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз бүкіл әлемге танылды. Басқа мемлекеттер секілді біздің де өз Астанамыз бар екенін, оның айрықша көркем әрі заманауи қала екенін таныта білдік. Әнұранымыз дүниежүзінде шырқалды.
II. Ән
«Астана» әні (орындаушы: Жандар Еңлік)
III. Әдеби монтаж: Астана тарихы
2-жүргізуші
Астана — еліміздің бас қаласы. Әрбір азамат өз Отаны, туған жері туралы біліп, оны көркейтіп, қадірлей білуі керек. Біз — осы елдің болашақ патриоттарымыз. Үлкендеріміз салған жолды жалғастыратын да — біз. Ендеше Астана туралы жырлап, әңгімелеп, мақтан етейік!
1-жүргізуші
Елбасы 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғаннан кейін сол жылы Ақмолаға келді. Есіл өзеніндегі ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге назар аударды. Қаланың ортасынан ағатын өзен әрдайым ерекше көрік беріп, оның мәртебесін арттыратынын атап өткен.
2-жүргізуші
«Өзіндік ортада қалыптасқан, бәсекеге қабілетті тұлға ең алдымен өз халқының тілін, тарихын, мәдениетін білуі керек», — деген Н. Назарбаев.
1-оқушы
«Астана халқымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздіктің рәмізі және қуатты факторы болады. Астана — жаңа Қазақстанның қуаты және оның көпұлтты халқын біріктірудің қайнар бұлағы», — деген Н. Назарбаев.
2-оқушы
Ақмола Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде, Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Ғұн тіліндегі «ақ» — «батыс», «мола» — «қамал» деген мағына береді. Демек, «Ақмола» — «Батыс қамалы» деп аударылады.
3-оқушы
XI ғасырда осы өңірде алғаш Бозоқ қамалы бой көтеріп, сауда байланыстары дамыды. Орта ғасырларда бұл мекен қала мәртебесіне ие болды.
4-оқушы
1830 жылы Қараөткел бойында Ақмола бекінісінің негізі қаланып, 1832 жылы пайдалануға берілді. Есіл өзенінің таяз тұсы «Қараөткел» деп аталған. Осылайша қала тарихы Есіл жағасындағы қазақ-орыс әскерлері салған бекіністен бастау алады.
5-оқушы
1954 жылы басталған тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына байланысты Қазақстанның солтүстігіндегі 6 облыс тың өлкесіне жатқызылды. 1961 жылы Ақмола қаласы Целиноград болып өзгертілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Ақмола атауы қайта қалпына келтірілді.
6-оқушы
1994 жылғы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. 1995 жылғы 20 қыркүйекте тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім бекітілді.