Құрылысшы мамандығымен және олардың еңбегімен таныстыру
Кіріктірілген оқу іс-әрекеті (Коммуникация + Шығармашылық)
Оқу бөлімдері
- Сөйлеуді дамыту
- Аппликация
Тақырыптық құрылым
- Блок: Заттық әлем
- Апта: Үйді немен тұрғызамыз?
- Тақырып: «Мен құрылысшы боламын», «Біз үй саламыз»
Мақсаты
Білімділік
- Әртүрлі мамандық туралы білімді кеңейту, мамандық пен жұмыс түрлеріне қатысты сөздерді (құрылысшы, мұғалім т.б.) дұрыс қолдануға үйрету.
- Құрылысшы мамандығымен және олардың еңбегімен таныстыру.
- Құрылыс материалдарының бөлшектерін ажыратуға үйрету.
- Геометриялық фигураларды қиып, олардан қалаған нысандарды құрастыруға үйрету.
Дамытушылық
- Тәжірибелік-эксперименттік әрекет арқылы танымдық қабілеттерді дамыту.
- Тұрмыстық заттарды ұқыпты пайдалануға баулу.
- «Үй», «қала» сияқты жалпы ұғымдарды түсіну деңгейін анықтап, қайталау арқылы сөздік қорды байыту.
- Сөздерді әртүрлі грамматикалық формада (жекеше/көпше) қолдана білу дағдысын тереңдету.
- Қию техникасын және ұқыптылықты дамыту.
Тәрбиелік
- Әртүрлі мамандыққа қызығушылық тудыру, еңбек адамдарын құрметтеуге тәрбиелеу.
- Кез келген іс-әрекетке шығармашылықпен қарауға баулу.
Әдіс-тәсілдер және ресурстар
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру
- Көрсету
- Сұрақ-жауап
- Әңгімелеу
- Суретпен жұмыс
Көрнекіліктер
- Мамандықтардың суреттері
- Үйдің суреті, дидактикалық материалдар
- Ақ қағаз, желім, түрлі-түсті қағаздар
- Көрнекі суреттер, АКТ
Билингвальды компонент
Қазақша
Мен құрылысшы боламын
Орысша
Я буду строителем
Сөздік
үй — дом, құрылыс — стройка
Сабақтың барысы
1) Сәлемдесу
Тәрбиеші балаларды және қонақтарды сәлемдесуге шақырады: «Сәлемдесу — тәрбиенің басы».
Қазақша
Сәлеметсіздер ме!
Орысша
Здравствуйте!
Ағылшынша
Good morning!
2) «Шаттық шеңбері»
Күн күлімдеп нұр төкті, бізге жолдап... Балалар: Сәлем!
Жақсы сөздер нұр септі, бізге жолдап... Балалар: Сәлем!
Еске сақта кеңесті, достарға сыйла... Балалар: Сәлем!
Кел, қосылып айтайық бір-бірімізге... Балалар: Сәлем!
3) Әңгімелесу: Жыл мезгілі
Сұрақ:
Қазір жылдың қай мезгілі?
Жауап: Күз мезгілі.
Сұрақ:
Күз мезгілінің неше айы бар?
Жауап: 3 айы бар (қыркүйек, қазан, қараша).
Сұрақ:
Күз мезгілінің қандай ерекшеліктері бар?
Жауап: Салқын болады, жаңбыр жауады, жапырақтар сарғайып жерге түседі, құстар жылы жаққа ұшады.
4) Тосын сәт: Қызыл телпек қонақта
Қызыл телпек балалармен амандасып, орманда саңырауқұлақ теріп жүріп әдемі хатқалта тауып алғанын айтады. Ішінде бірнеше күрделі жұмбақ бар, бірақ шешімін таба алмағандықтан, балалардан көмек сұрайды.
Тәрбиеші:
Қызыл телпекке жұмбақтардың шешуін табуға көмектесеміз бе?
Балалар: Әрине!
5) Жұмбақтар: «Бұл кім?»
-
Мектептің жүрегі, білімнің тірегі.
Жауабы: Мұғалім
-
Сауықтырар сырқатты, жылы үнмен тіл қатты.
Жауабы: Дәрігер
-
Қалпағы ақ қарасаң, дәрігер емес, бірақ ол. Дәм мәзірін қаласаң, алға ұсынып тұрады ол.
Жауабы: Аспаз
-
Өскен шашты жаратпайтын, қайшысы бар жалақтайтын.
Жауабы: Шаштараз
-
Қолында қалағы, зәулім үй салады. Ол кім?
Жауабы: Құрылысшы
Қорытынды сұрақ:
Бұл сөздерді бір сөзбен қалай атаймыз?
Балалар: Мамандықтар.
6) Мамандықтар туралы қысқаша түсінік
Мұғалім
Балаларды оқытып, тәрбиелейді.
Дәрігер
Ауырған адамдарды емдейді.
Аспаз
Дәмді тағам әзірлейді.
Шаштараз
Шашты сәндеп, қияды.
Құрылысшы
Үйлер мен балабақша сияқты ғимараттарды салады. Бүгін осы мамандықпен тереңірек танысамыз.
7) Құрылыс әлемі: кімдер еңбек етеді?
Құрылыс тек кірпіш қалаумен шектелмейді. Құрылыста үй жобасын жасайтын сәулетші, тас қалаушы, темірді біріктіретін дәнекерлеуші, ағаш шебері, сылақшы, краншы, шатырлаушы сияқты мамандар еңбек етеді.
Сұрақ:
Сендердің отбасыларыңда қандай мамандық иелері бар? Ата-анаң, ата-әжең қандай жұмыс істейді?
8) Дидактикалық ойын: «Әр мамандықтың құралын тап»
Мақсаты
Мамандық иелерінің құралдарын ажырата білу дағдысын дамыту.
Шарты
Балаларға суреттер беріледі. Әр маман иесінің құралдарын сызба арқылы сәйкестендіріп қосады.
9) Тосын сәт: Құрылысшы қонақта
Құрылысшы ағай:
Мен құрылыста қызмет етемін. Әдемі кірпіштерден үй саламын. Алдымен іргетас құямыз, содан кейін қабырғасын кірпішпен қалаймыз. Төбесін ағашпен жауып, үстіне қаңылтырдан шатыр орнатамыз. Соңында есік пен терезені қондырамыз.
10) Заттық дидактикалық ойын: «Құрылысшының құралын тап»
Мақсаты
Құрылысшыға қажетті құралдарды ажырата білуін дамыту.
Шарты
Барлық құралдардың ішінен құрылысшыға керектерін тауып, атап шығу.
11) Қимылды ойын: «Өз үйіңді тап»
Мақсаты
Ептілікке, шапшаңдыққа тәрбиелеу, тез ойлау қабілетін жетілдіру.
Шарты
Әуен ойнағанда балалар еркін қозғалады. Әуен тоқтағанда (жаңбыр жауған сәт) қыздар көпқабатты үйге, ұлдар бірқабатты үйге барып, өз орнын табады.
12) Шығармашылық жұмыс: Аппликация «Үй саламыз»
Балалар түрлі-түсті қағаздан үйдің бөлшектерін (қабырға, шатыр, терезе, есік) қиып, қағаз бетіне ретімен жапсырады. Тәрбиеші қауіпсіздік ережесін еске салып, жапсырудың орындалу ретін түсіндіреді.
Назарда ұстайтын дағдылар
- Пішіндерді дәл қиып алу
- Желімді мөлшермен қолдану
- Жұмысты таза әрі ұқыпты орындау
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығуларымен балалардың назарын қайта шоғырландыру.
13) Қорытынды әңгіме
Балалар Қызыл телпекке жұмбақтардың шешуін табуға көмектесті және мамандықтар туралы білімдерін қайталады.
Қайталау сұрақтары
- Құрылысшы мамандығы қандай?
- Үй салу үшін қандай құрылыс материалдары керек?
- Қандай құралдар қажет?
Балалардың жауабы:
Сау болыңыздар!