Мәтіннен күрделі сөздерді сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары болатындай тіркестерді тауып жазу
Ескелді ауданы әкімдігінің «Қоңыр орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Мухаметжанова Индира Ерболатқызы
Сабақтың тақырыбы
Сөз тіркесі, күрделі сөздер және тұрақты тіркестер.
Негізгі мақсат
Сөз тіркестері, күрделі сөздер және тұрақты тіркестер туралы білім бере отырып, олардың сыртқы құрылысындағы ұқсастықты және мағынасына қарай айырмашылықтарын ұғындыру.
Дағды қалыптастыру
Жаттығу жұмыстары арқылы білім, білік, дағдыларды дамыту; түрлі әдістермен шығармашылық қабілетті арттыру, сөздік қорды молайту.
Тәрбиелік бағыт
Адамгершілікке, ұқыптылыққа, ой еңбегіне баулу.
Көрнекіліктер
Дидактикалық кестелер мен сызбалар.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен амандасу, түгендеу, зейінін сабаққа аудару.
- Суреттер арқылы топқа бөлу: топ басшысын сайлау, топ атауы мен ережесін құрастыру.
- Топ басшыларына бағалау парақшаларын тарату.
Сабақ кезеңдерінің ұстанымдары
II. Үй жұмысын тексеру (қайталау)
Өткен тақырып бойынша сұрақтар арқылы білімді өзектендіру:
- Өткен сабақта қазақ тіл білімінің қай тарауын бастадық?
- «Синтаксис» сөзі қай тілден енген, мағынасы қандай?
- Синтаксис нешеге бөлінеді?
- Сөз тіркесі дегеніміз не?
- Сөз тіркесінің құрамындағы сөздер қалай аталады?
- Сөз тіркесіне тән белгілер қандай?
Жазба тапсырма
220-жаттығу (188-бет): берілген мәтіннен сөз тіркестерін пайдаланып, мәтін мазмұнына қатысты «Ұстаз сыры» тақырыбында еркін пікір жазу. Тапсырманың орындалуын дәптерден тексеру (топ басшылары).
III. Жаңа сабақ (ой қозғау)
Мұғалім сөз тіркесі, күрделі сөз және тұрақты тіркестерге қатысты мысалдарды ұсынып, олардың айырмашылығын байқату үшін сұрақтар қояды.
1-топ мысалдары
- кеше келді
- шұбар ат
- күле берді
- шуақты көктем
- әдемі көйлек
- таза дәптер
2-топ мысалдары
- қара торы
- Қазақстан Республикасы
- жалт-жұлт
- Алматы қаласы
- Алпамыс батыр
3-топ мысалдары
- қой аузынан шөп алмас
- тайға таңба басқандай
Сөз тіркесі
Кемінде екі сөздің мағыналық және тұлғалық байланысы. Ерекшелігі: әр сөзге жеке сұрақ қоюға болады.
Мысалдар: жеті нәрсе, екінші басылым, күрең ат, әдемі қыз, кішкентай бауыры.
Тұрақты тіркес
Кемінде екі сөзден тұрса да, бір ғана тұтас мағынаны білдіреді. Бірінен екіншісіне сұрақ қоюға болмайды; бір сұраққа жауап береді және сөйлемде бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқарады. Тұрақты тіркес сөз тіркесінің бір сыңары ретінде жұмсалады.
Мысалдар: қоян жүрек — қорқақ; таяқ тастам жер — жақын.
Күрделі сөз
Екі не одан да көп компоненттен тұрса да, бір мағынаны білдіретін, бір сұраққа жауап беретін біртұтас тілдік бірлік. Күрделі сөз де сөз тіркесінің бір сыңары ретінде қолданылады.
Мысалдар: қара ала, он алты, ала жаздай.
Талдау үлгісі: «Қызыл ала көйлек киген көршінің кішкентай қызы үріп ауызға салғандай екен».
Сөз тіркестері
кішкентай қыз, қызыл ала көйлек, көршінің қызы
Күрделі сөз
қызыл ала
Тұрақты тіркес
үріп ауызға салғандай
Әр сөзге сұрақ қою арқылы сөз тіркесінің ерекшелігі нақтылады; ал күрделі сөз бен тұрақты тіркестің тұтастығы (бір сұраққа жауап беруі) салыстыру арқылы айқындатылды.
IV. Жаттығумен жұмыс
«Кітап — досың, ақылшың»
225-жаттығу (192-бет): мәтінді оқып, тұрақты тіркестер мен күрделі сөздерді тауып, жазу.
«Келісіп пішкен тон келте болмас»
226-жаттығу (193-бет): берілген мәтіннен етістікті және есімді тіркестерді ажыратып жазу.
«Сауатты болу — мақсатым» (көру диктанты)
Интерактивті тақтадан сөз тіркестері, күрделі сөздер және тұрақты тіркестер көрсетіледі (жалпы саны — 10). Оқушыларға 2 минут уақыт беріледі, кейін сөздер жасырылып, есте сақтағандарын жазу тапсырылады.
«Қырағы бол!»
227-жаттығу (194-бет): мәтіннен күрделі сөздерді тауып, олар бағыныңқы сыңар болатын сөз тіркестерін құрап жазу.
Ойын бөлімдері
«Тапқыр болсаң, тауып көр» (крестиктер — нөлдіктер)
- 1-топ (нөлдіктер) кестеден сан таңдайды.
- Мұғалім сол нөмірдегі сұрақты оқиды.
- Жауап дұрыс болса, 1-топ таңдалған ұяшыққа нөлдік қояды.
- Жауап қате болса, 2-топ сол сұраққа жауап беріп, крестик қою мүмкіндігін алады.
- Жеңген топ келесі топпен ойынды жалғастырады.
Сұрақтар үлгісі
1) Көктемнің үшінші айында қандай ұлы мейрам тойланады?
Жауабы: Ұлы Жеңіс
2) Қазақ тілінде неше сөз табы бар?
Жауабы: Тоғыз
3) «А» дыбысына сипаттама бер.
Жауабы: дауысты, ашық, жуан, езулік
4) Шығыс септігінің сұрақтары.
Жауабы: Кімнен? Неден?
5) Рейхстагқа ту тіккен қазақ.
Жауабы: Р. Қошқарбаев
6) «Мұғалім Айгүлден сабақ сұрады.» — Айгүл сөзі қай сөйлем мүшесі?
Жауабы: Толықтауыш
7) «Айнұр сабақ оқып отыр.» — етістік қай шақта?
Жауабы: Нақ осы шақ
8) Тудың авторы.
Жауабы: Шәкен Ниязбеков
Қосымша сұрақтар
- «О» дыбысына сипаттама: дауысты, ашық, жуан, еріндік.
- Ілік септігінің сұрақтары: Кімнің? Ненің?
- «Мұны көрмегені жақсы.» — сын есімнің сөйлемдегі қызметі: баяндауыш.
- «Айнұр сабақ оқымақшы.» — шақ: мақсатты келер шақ.
- Елтаңба авторлары: Жандарбек Мәлібеков, Шотаман Уәлиханов.
- Тұйық етістік жұрнағы: -у.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» (топ басшылары сайысы)
Берілген сурет-жұмбақтарды шешу. Дұрыс жауаптар:
V. Білімді бекіту
Өтілген тақырып бойынша қорытынды сұрақтар:
- Сөз тіркесі дегеніміз не?
- Күрделі сөз деген не?
- Тұрақты тіркес деген не?
VI. Бағалау
Оқушылар бағалау парағы негізінде бағаланады.
VII. Үй тапсырмасы
228-жаттығу (195-бет): берілген тұрақты тіркестерді пайдаланып сөйлем құрастыру.
Қажет болса, материалдың толық нұсқасын жүктеп алып қолдануға болады.