Қош сау болыңдар, балалар

Қош бол, балабақша

Тарыдай болып кіріп, ақыл-ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген бүлдіршіндеріміз бүгін балабақшамен қоштасқалы тұр. Осы мерекелік ертеңгілікті бастауға рұқсат етіңіздер!

Міржақып ақынның өсиеті

«Бұл оқу — тамақ болар қарның ашқанда,
Жол табар қараңғыда адасқанда.
Мал озбас, біле білсең — білім озар,
Ақыры керек болар бір сасқанда».

1-тәрбиеші

Бұл оқу — тамақ болар қарның ашқанда, жол табар қараңғыда адасқанда… Ақын айтпақшы, бүлдіршіндеріміз бүгін «Қош бол, балабақшам!» мерекесін өз өнерлерімен өрнектейді.

2-тәрбиеші

Бесіктегі баланың күлгенін көрген — бір мұрат,
Алдына түсіп ананың жүргенін көрген — бір мұрат.

Салтанатты ашылу

1-тәрбиеші

Толқимыз — толқып тұрсыз баршаңыз да… Қол соғып, қошеметтеп шақырайық балдырған бүлдіршін түлектерді!

Сахналық әрекет

Балалар музыкамен кіріп, вальс билейді.

Түлектер лебізі

2-тәрбиеші

Мектеп-ана шақырады бізді алдан… Бүгін балабақшамен қоштасқалы тұрған түлектеріміздің лебізін тыңдайық.

Нұрлыбек

Қоштасып мен бүгін балалықпен,
Қоштасамын сиқырлы балабақшамен.
Танысып «Мектеп» деген әлемменен,
Достасамын біліммен, даналықпен.

Алуа

Қуаныш бүгін біздерде, достар,
Боламыз енді біз сыныптастар.
Күтеді алдан бізді ұлы жол,
Шаттыққа толы үлкен армандар.

Рахат

Шыбықтай едік үштен жаңа асқанда,
Балабақша есігін жаңа ашқанда.
«Апам» деген сөзді ғана білуші ек,
«Отан» деген сөзді әлі білмеуші ек.

Али

Қызық күндер өткіздік балабақша бағында,
Көп оқыдық, көп білдік Ел мен Отан жайында.

Ән

«Біз балдырған баламыз»

Өнер бағдарламасы

1-тәрбиеші

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады. Көңілді күндер туса алдан әлі… Бүгінгі күн сіздерге арналады.

Би

«Ковбой» (ұлдардың орындауында)

Көрініс

Балалардың дайындаған көрінісі: «Портфель»

Ән

«Мектеп бізді үйретеді»

2-тәрбиеші

Ұл-қыздарды көңілді шақырамыз ортаға — тойымызға сән беріп, би билесін шаттана!

Би

Испан биі

Мерекелік өлеңдер мен ән

Өтті қызық көп күндер, алты жасқа жеттіңдер.
Барасыңдар мектепке — бір белестен өттіңдер.

Ән

«Айгөлек» (балалардың орындауында)

Ойын: «Иә, иә / Жоқ, жоқ»

Балаларға сұрақтар

  1. Мектепке біз барамыз ба?
  2. Кілең «бестік» аламыз ба?
  3. Айтқан тілді аламыз ба?
  4. Ақылды бала боламыз ба?
  5. Нан жеймін деп жылаймыз ба?
  6. Ертеңгісін тұрамыз ба?
  7. Сабақта отырып ұйықтаймыз ба?
  8. Ойыншықтармен ойнаймыз ба?
  9. «Екі» алғанда жылаймыз ба?
  10. Оқушы біз боламыз ба?

Ата-аналарға сұрақтар

  1. Балаңызға әрқашан тірек боласыз ба?
  2. Сабақ оқып, есеп шығаруға жүйріксіз бе?
  3. Тамағын уақытылы бересіз бе?
  4. Төзімділікті әр уақытта сақтай аласыз ба?
  5. Сериал көріп жата бересіз бе?
  6. Ұрып-нұқып үйретуге барасыз ба?
  7. «Оқыту — мұғалімнің жұмысы» деген кері сөзді айтасыз ба?
  8. «Сен оқыт, мен шаршадым» деп ұрысуға дайынсыз ба?
  9. Балаңыз үшін өзге балаларды ұрасыз ба?
  10. Бала үшін асулардан асасыз ба?

Қонақ кейіпкерлер: Буратино мен Мальвина

Музыка ойналады

(Буратино мен Мальвинаның келуі)

Мальвина: Жүр, жүр. Мен саған балалар балабақшада қалай оқитынын көрсетемін.

Буратино: Балабақша, балабақша деп неге қайталай бересің? Мен онсыз-ақ бәрін білемін.

Мальвина: Бәрін деймісің? Ал суретке қарап әңгіме құрастыра аласың ба?

Буратино: Әңгіме құрау?.. (басын қасиды)

Тәрбиешімен диалог

Тәрбиеші: Сәлеметсіңдер ме, Буратино мен Мальвина! Қайдан келе жатырсыңдар?

Мальвина: Буратиноны балабақшаға әкелдім. Ол мектепке барғысы келмейді. Ал жазғанда, дәптеріне қараудың өзі ұят.

Тәрбиеші: Бұл қалай, Буратино? Оқымасаң, білімсіз әрі сауатсыз болсаң, мектепке қалай барасың? Сауатты болу үшін жақсы оқу керек. Біздің балалар мектепке дайын ба — көрейік.

Мальвина: Көрдің бе, Буратино! Балалар бәрін біледі, ал сен үп-үлкен болып ештеңе білмейсің!

Буратино: Иә, расында да ұят болды…

Тәрбиеші: Балалар, қалай ойлайсыңдар: біз мектепке не үшін барамыз?

  • Оқып, білім алу үшін
  • Білімді азамат болу үшін
  • Үйрену үшін
  • Ер жетіп, Отанымды қорғау үшін

Тәрбиеші: Демек, ақылды болу үшін білім керек. Ертеңнен бастап мектепке дайындал, келісесің бе?

Буратино: Келістік. Мен барып, сабаққа дайындалайын. Қош сау болыңдар, балалар!

Би

«Барби» (Алина мен Нұрсұлудың орындауында)

Би

Шығыс биі

Ойын

«Жалғасын тап»

Алғыс, тілек және құттықтау

Тәрбиеші

Ұшырса да жаңа өмірге сан құсын, тәрбиеші-бағбан толастатпас мәңгі ісін. Сөз береміз құрметпен өзіңізге — түлектерге арналсын тілегіңіз.

(Сәуле апайға сөз беріледі.)

Би

Көктем мен жаздың кереметі көп екен, көбелектер әсем гүлдің сәні екен. Ортаға «Көбелектер» тобын шақырайық.

«Көбелектер» биі

Ән

Әсем әнмен арайлап таң атады, бар жүрекке нұрын құйып жатады. Нұрсұлуды шапалақпен қарсы алайық!

«Достар» (Нұрсұлу мен топ балалары)

Келесі тақпақтар

Адиль

Бақша — біздің панамыз,
Мектеп — біздің анамыз.
Ұлағатты ұстаздан
Оқып, білім аламыз.

Мирас

Сүйікті біздің апайымыз,
Айтамыз біз рақмет.
Денсаулық тілеп, бақ тілеп,
Абырой, атақ, бар жақсыны
Тілейді сізге жас түлек.

Шолпан

Біздер үшін еңбек еткен шаршамай,
Баршаңызға рақмет, апайлар.
Балабақша көркі болсын әрқашан,
Кейінгі бүлдіршін балғын балалар.

Балабақша вальсі

Жаңа өмір басталсын, үміт-сенім ақталсын.
Ұмытылмай балабақша вальсі — көңілде мәңгі сақталсын.

Би

Вальс (балалардың орындауында)

Ата-анаға сөз және марапаттау

Тәрбиеші

Әрбір ұрпақ — болашағымыздың алтын діңгегі. Ендеше ұрпақты өмірге әкеліп, адал ниет, ақ батамен өсірген ата-анаға сөз береміз.

(...ата-аналардың құттықтауы...)

Балабақша атынан

Түлектерге тілегін айтып, балабақша атынан марапаттарын табыстау үшін балабақша меңгерушісіне сөз беріледі.

Салтанатты сәт

Дипломдармен марапаттау

Қорытынды тілек

Бүгінгі көңілді көңіл күйімізді тарту ете отырып, барша бүлдіршінге бақыт, ашық аспан, жарқын болашақ, тыныш өмір, шат күлкі, үлкен жетістіктер мен сәттілік тілейміз.

Балалардың білімі құтты болсын,
Денсаулығы ауырмайтын мықты болсын.
Білімдерін әрі қарай дамытатын,
Ерінбейтін, еңбекқор, күшті болсын!

Қорытынды ән

«Қош бол, балабақша»