Түсінік хатӨкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата алмай келемін деп, Күніне жүз ойланып мың толғанам, Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп
Түсінік хат
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
Қ. Аманжолов
Бұл бағдарламада қазақ әдебиетіне өзіндік өрнек салған, оқырманын ғажайып жырларымен сусындата білген Қ. Аманжолов, Т. Айбергенов, М. Шаханов, М. Мақатаев шығармашылығы туралы терең білім беру көзделеді.
І тоқсан: Қасым Аманжолов
Негізгі бағыт
- Қасымның қазақ әдебиетіндегі орны мен поэзиясының қуатын (нөсердей төгілген, алмас семсердей жарқылдаған, оттай лаулаған өрнегін) таныту.
- Ән өнерімен сабақтастығын ашу: нәзік әуезді әндері және композиторлық қырының маңызын түсіндіру.
- Ұлы тұлғаларды қадірлеуге, рухани мұраны бағалауға баулу.
Аударма мұрасы
Ақынның орыс әдебиеті мен орыс поэзиясын терең білуі, көркем аудармалары туралы жүйелі әңгімелеу қарастырылады. Атап айтқанда, Шевченко, Пушкин, Твардовский шығармаларымен бірге Низамидің «Ләйлі–Мәжнүн» дастанын аударғаны жөнінде мәлімет беріледі.
ІІ тоқсан: Төлеген Айбергенов
Өмірі мен поэзиядағы бетбұрыс
Төлеген Айбергеновтың өмірі мен қызметі, оның жырларының қазақ өлеңіне әкелген ірі бетбұрысы түсіндіріледі. Бұл жаңғырудың басты мәні — ақын өлеңдерінің әсем сезімге құрылуы, мөлдірлігі мен бейнелілігінде. Сондай-ақ оның өз тұстастарына және кейінгі буын поэзиясына ықпалы, өз дәуіріндегі «Төлеген мектебінің» ізгі дәстүрі, айрықша қымбат ақындық мұрасы сөз болады.
Үзінді
Не жақсылық болса, алдымен елге болсын дегенсің,
Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.
Сайын далаң жырыңды еске алып, күлкісін сәл шегерсін.
Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар,
Ол — ақындық мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың...
М. Шаханов
Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,
Айбергенов шыңын көрсең, атыңнан түс, жас бала!
М. Шаханов
ІІІ тоқсан: Мұхтар Шаханов
Азаматтық тұлға және қоғамдық қызмет
- Қазақ поэзиясын ізгілік, имандылық, биік адамдықты жырлайтын балладалармен байытудағы орны.
- 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Орталықтың жантүршігерлік іс-әрекетін әлемге әшкерелеуге мұрындық болуы.
- Аралды құтқаруға бағытталған бастамалары мен азаматтық келбеті.
Шығармаларындағы үн
Шығармаларындағы ақыл, өсиет, үлгі-өнеге, адамзатты бір-бірін түсінуге, әсіресе дарынды тануға шақырған үні, ұрпақ қамы туралы ойлары талданады.
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда —
Үлкен арман керек екен адамға.
М. Шаханов
IV тоқсан: Мұқағали Мақатаев
Поэзияның шынайы өзегі
Мұқағали мұрасының шынайы поэзиядан тұратыны, 1960–1970 жылдардағы қазақ өлеңін биікке көтерген сырлы да сазды, мұңды да қуатты жырлары кеңінен сөз болады. Қуаныш пен қайғы, үміт пен мұң қатар өрілген өмір жолы мен шығармашылық тағдыры арқылы оның нағыз талант иесі екені дәлелденеді.
Үзінді
Ойлы жас! Өлең — менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым тұр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай.
М. Мақатаев