Қысқы орман
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың кенті
№2 жалпы орта білім мектебі · Мектепалды даярлық сыныбы
Тәрбиеші: Галимжанова Роза Давлетовна
И. Н. Мурашковска әдістемесі бойынша тіл дамыту сабағының конспектісі
Тақырыбы: Жас ізшілер
Сабақтың негізгі мазмұны — сурет бойынша бақылау жасап, жоспарға сүйене отырып әңгіме құрастыру.
Мақсаты
Сурет бойынша әңгіме құрастыру.
Міндеттері
- Білімділік: сурет бойынша әңгіме құрастыруды үйрету.
- Дамытушылық: әңгімені жоспарға сәйкес құрастыруға жаттықтыру; сюжетті әдеби сөздермен толықтыру, байланыстырып сөйлеуді дамыту; шығармашылық қиялды жетілдіру.
- Тәрбиелік: тыңдай білуге баулу, табиғатқа сүйіспеншілік тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Қыс көрінісі бейнеленген сурет
- «Бөл де қой», «Ал да қос» сиқыршыларының суреттері
- Схема-карточкалар, 3 түсті фишкалар, үнтаспа
Үлестірмелі материалдар
- Әр топқа: схемалар, ақ қағаз, қарындаштар
- Әр балаға: бақылауға арналған құбыр, бағалау текшелері
Әдіс-тәсілдер
Көрнекілік, түсіндіру, сұрақ-жауап, көркем сөз, И. Н. Мурашковска әдісімен жұмыс, дидактикалық ойындар, практикалық жұмыс.
Сөздік жұмысы
Алдын ала жүргізілген жұмыстар
- Орманшы мен ізші мамандықтары туралы түсінік беру
- Қыста табиғатта болатын өзгерістерді талқылау
- Тақпақтар оқу
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық тренинг
Армысың, алтын күн!
Армысың, асыл жыр!
Армысың, көк аспан!
Армысың, жан досым!
Жылуыма жылу қос,
Міне, менің қолым бос!
II. Кіріспе бөлім
Кіріспе әңгіме (сұрақ-жауап)
- Өткен сабақта үлкендердің мамандықтарымен таныстық. Қандай мамандықтарды білесіңдер? (мұғалім, құрылысшы, егінші, тігінші, дүкенші және т.б.)
- Орманшы мамандығы туралы не білесіңдер? Ол немен айналысады?
Орманшы орманды қорғайды: жабайы аң-құстарды, ағаштарды бақылайды, қажет кезде көмек көрсетеді және табиғаттағы өзгерістерді байқайды.
Сабақтың мақсатымен таныстыру
Бүгін біз орманға саяхатқа барамыз. Орманшы бізден көмек сұрады: орманда не болып жатқанын, қандай өзгерістер барын айтып береміз.
Орманға қалай жетуге болады? (автобуспен, тікұшақпен және т.б.)
Сиқырлы сәт
Орманға сиқырлы ұшқыш кілеммен барамыз. Кілемге жайғасып, көзімізді жұмамыз — әуен қосылады, ал тақтаға қысқы орман суреті ілінеді.
Сурет бойынша бастапқы талдау (сұрақтар)
- Суретте не бейнеленген?
- Қай жыл мезгілі? Қалай білдіңдер?
- Суретке қандай атау беруге болады? («Қысқы орман», «Орманда»)
III. Негізгі бөлім: «Бөл де қой»
Балалар суретті мұқият қарап, нені байқағанын айтады. Бұл кезеңде «Бөл де қой» сиқыршысы көмектеседі: әр бала бақылау құбырын алып, суреттен бір затты таңдап, көргенін атайды. Тәрбиеші айтылған заттарды тақтаға схема түрінде бекітеді.
Нәтиже
Сабақ соңында ең байқағыш балаға қосымша тапсырма беріледі.
IV. Сергіту сәті
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі,
Кіп-кішкентай ағаштар,
Біп-биік боп өседі.
V. Байланыс табу: «Ал да қос»
Екінші сиқыршы — «Ал да қос» — өзара байланысы бар нысандарды біріктіруге көмектеседі. Балалар топқа бөлініп, берілген схемалардың байланысын табады.
Тапсырма
Тақта алдына шығып, байланысы бар заттарды сызықпен қосып, сөйлем құрастырып түсіндіреді.
Мысал: «Мен қоян мен түлкіні сызықпен қостым, өйткені түлкі қоянды аңдып жүр».
VI. Әңгіме құрастыру
Балалар суретті бөліктерге бөліп қарады, байланыстарын тапты, сөйлемдер құрастырды. Енді сол материалдың негізінде толық әңгіме құрастырады.
Үлгі мәтін: «Қысқы орман»
Қысқы орман ғажап.
Жер мен ағаштар ақ тонмен жамылған.
Бұтақтан бұтаққа құстар ұшып жүр.
Бұталардың арасында, шетен ағашының жидектеріне қонып, суықторғайлар қызара бөртіп көрінеді.
Қар үстінде аңдар мен құстардың іздері ою-өрнек секілді өрнектеліп қалған.
Орман ішінен жүгіріп шыққан бұғы қоянды аңдып жүрген түлкіні шошытып жіберді.
Оқушылардан 2–3 баланың әңгімесі тыңдалады.
VII. Қорытынды
Бүгін біз жас ізшілер болып, үлкен жұмыс атқардық: көп бақыладық, зерттедік, жаңа мәліметтерді білдік және үйрендік.
Өзін-өзі бағалау (3 түсті фишкалар)
- Сабақта өте жақсы жұмыс істедім
- Орташа деңгейде қатыстым
- Аз қатыстым
VIII. Үй тапсырмасы
Әр балаға конверт ішінде мазмұнды сурет беріледі. Үйде ата-анасымен бірге сол сурет бойынша әңгіме құрастырып, қағазға жазып, келесі сабақта сыныпқа алып келеді.