Тұңғыш Президент күніне арналған ашық тәрбие сағаты
Мақсаты
1) Танымдық мақсат
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы мен жүргізген саясаты туралы мағлұмат беру.
2) Коммуникативтік мақсат
Ойды еркін айту, өзгенің пікірін тыңдай білу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік жасау.
3) Тәрбиелік мақсат
Отанын, халқын сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа және патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Салтанатты ашылу
Әнұран орындалады.
Мұғалім: Қайырлы күн, тәуелсіз елдің қадірменді азаматтары, ұлдары мен қыздары! Бүгінгі Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы сенімі — ел сенімі» атты салтанатты мерекемізге қош келдіңіздер!
Аят: Армысыздар, бармысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қонақтар!
Сұрақ-жауап
Мұғалім: Сен қалай ойлайсың, Қазақстан Республикасы осындай дәрежеге жетіп, көк туымыздың астында бейбітшілік пен молшылықта, татулықта өмір сүріп жатқанымыз кімнің арқасы?
Аят: Әрине, Қазақстанды шет мемлекеттердің танып, астанамыздың көркейіп жатқаны — Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың еңбегі.
Мұғалім: Тәуелсіздік жарияланғаннан бері экономика, білім беру, медицина, өндіріс және шет елдермен байланыс нығайып, даму үстінде. Мұның бәрі елдің сындарлы саясатының нәтижесі емес пе?
Аят: 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз республика болып жарияланды. Ал 1991 жылы 1 желтоқсанда Президент сайлауы өтті. Тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Оқушылардың өлең жолдары
2 «А», 3 «А», 4 «А» сынып оқушылары кезекпен сахнаға шығып, Отан, ел бірлігі және тәуелсіздік туралы өлең оқиды.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далаға жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Ашық аспан — жайнаған жұлдыздары,
Тұр асқақтап Алатау шың-құздары.
Анасындай туған ел қамқор болып,
Тербетеді құшақтап ұл-қыздарын.
Ел басқарған Нұрсұлтандай ағам бар,
Көк алқапты, жасыл жайлау далам бар.
Ел бірлігін, ел тірлігін тілеген,
Ақ ниетті халық деген данам бар.
Туған жердің жайқалған алқабы — егін,
Биік сенің мәртебең, дарқан елім.
Пейіліндей қазақтың байтақ далам,
Сен неткен кең едің, шалқар едің.
Кең-байтақ қой Қазақстан картасы,
Астанамен айшықталған ортасы.
Бүгін бізге таңдай қағар күллі әлем,
Мұның бәрі Елбасының арқасы.
Әсем сазы басталған таза ағыстан,
Айдынынан аққулар, қаздар ұшқан.
Қадамы нық әлемде, аты айқын —
Егеменді ел бүгін Қазақстан.
Гүлдене бер, Отаным,
Көтерген туын Нұр ағам!
Көбейткен достың қатарын,
Нұр аға — біздің ұлы адам.
Шықты тарап ой-данадан,
Бері қарап жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлап алған,
Елімнің бар Президенті.
Қиялы ұшқыр, ойлы адам,
Әлемге болған аты аңыз.
Ұрпақтың қамын ойлаған,
Аман-сау жүрші, Атамыз.
Шығармашылық бөлім
Ән
«Бір жұлдызың боламын мен» әнін 4 «А» сынып оқушысы Ж. Велора орындайды.
Би
«Қаражорға» биін 2, 3, 4-сынып оқушылары орындайды.
Қорытынды ой
Бұл ашық тәрбие сағаты оқушылардың тарихи танымын кеңейтіп, пікір білдіру мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.