Оқушылардың кезекпен оқуы
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, М. Шыманұлы ауылы, Сарықамыс негізгі мектебі. Бастауыш сынып мұғалімі: Дүйісова Света Жолдыбайқызы.
Сабақ туралы
- Пән / Сынып
- Сауат ашу, 1-сынып
- Тақырып
- Жуан және жіңішке айтылатын сөздер. «Тиін» (А. Синявский)
- Сабақ түрі
- Дамытушылық
- Сабақ типі
- Жаңа сабақ
- Әдістер
- Түсіндіру, сұрақ-жауап
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың жуан және жіңішке дыбыстар туралы білімдерін кеңейту.
Міндеттері
- Сөздегі дауысты дыбысқа байланысты сөздердің жуан және жіңішке айтылатынын ұғындыру; мәтінді дұрыс түсініп оқуға төселдіру.
- Ой-өрісті кеңейту; логикалық ойлауды, тапқырлықты және шығармашылықты дамыту.
- Табиғатты сүюге, достыққа және ынтымақтастыққа тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық жаттығу арқылы оқушыларды сабаққа бағыттау.
II. Үй тапсырмасын сұрау
- Сұрақ-жауап әдісі арқылы оқушылар өз білімдерін тексереді.
- Дауысты және дауыссыз дыбыстарды қайталау.
- «Білім» өлеңін жатқа айту.
III. Жаңа сабақ
1) Жұмбақ
Бұтақтарға секіріп,
Әр жерден қылт етеді.
Кейде жаңғақ кеміріп,
Жоғарылап кетеді.
Жауабы: тиін
2) Ой қозғау
«Тиін туралы не білесіңдер?» сұрағы арқылы оқушылардың бастапқы білімін анықтау және пікір алмасу.
Қосымша мәлімет: Тиін
Тиіндер — тиінтәрізділер тұқымдасына жататын кеміргіштердің бір туысы. Еуразия, Солтүстік және Оңтүстік Американың ормандарында таралған 40-тан астам түрі бар.
Қазақстанның шығыс, орталық және солтүстік аймақтарында, сондай-ақ Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауының қарағайлы ормандарында мекендейтін бір түрі — кәдімгі тиін кездеседі.
- Дене тұрқы: 16–28 см.
- Салмағы: 450–600 г.
- Түсі: ақшыл сұр немесе жирен; жүні қалың әрі үлпілдек.
- Құйрығы: ұзын (23 см-ге дейін); құлағында шашағы болады.
- Ұясын ағаш басына, кейде ағаш кеуегіне немесе жартас жарығына салады.
3) Оқулықпен жұмыс
- 1 Мұғалім мәтінді мәнерлеп оқиды.
- 2 Оқушылар мәтінді кезекпен оқиды.
- 3 Мәтін мазмұны бойынша сұрақтарға жауап береді.
- 4 Сөздік жұмысы жүргізіледі.
- 5 «Тиін» сөзін тауып оқып, дыбыстық талдау жасайды.
4) Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс жаттығулары арқылы оқушылардың зейінін сергіту.
5) Оқулықтағы жаттығулар
46-жаттығу
Сөздерді жазу. Дауысты дыбыстардың астын сызу.
6) Жұмыс дәптерімен жұмыс
1-тапсырма: «Жоғалған әріпті тап» ойыны
Берілген сөздердегі түсіп қалған әріптерді толықтыру.
Қ....с, ....шақ, бөр...к, бор...н, к..гершін, т....лкі, ...ліппе, кем...
2-тапсырма: «Бір сөзден көп сөз» ойыны
«Жолбарыс» сөзінен мүмкіндігінше көп жаңа сөз құрастыру.
IV. Сабақты қорытындылау
- «Бүгінгі сабақ ұнады ма?»
- «Біз ойын арқылы қандай жұмыс атқардық?»
V. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысуы, мәтінді оқуы, тапсырмаларды орындауы және белсенділігі бойынша бағалау.
VI. Үй тапсырмасы
Мәтінді мазмұндау.
47-жаттығу, 35-бет.