Ыдыстың ортасына жинала бастаған көбік тосаптың толық қайнағанының белгісі

Тосап қайнатудың тәсілдері

Жеміс-жидектен тосап қайнату — қысқы азықты дәмді әрі пайдалы етіп дайындаудың ең сүйікті жолдарының бірі. Төменде құлпынай, таңқурай және шиеден тосап қайнатудың тексерілген тәсілдері берілген.

Құлпынай тосабы

Қажетті заттар

  • Құлпынай
  • Қант
  • Су

Дайындау әдісі

  1. Құлпынайды тазалап, жақсылап жуыңыз.
  2. Тосап қайнататын ыдысқа салып, үстіне қант қосыңыз: 1 кг құлпынайға — 1 кг қант.
  3. Бірнеше сағатқа салқын жерге қойып, шырыны шығуын күтіңіз.
  4. Суы шыққан соң, баяу отқа қойып қайнатыңыз, араластырып тұрыңыз.
  5. Қайнағаннан кейін отты өшіріп, 8 сағатқа салқын жерге қойыңыз.
  6. 8 сағаттан соң қайтадан баяу отта қайнатыңыз.
  7. Дайын болған соң суытып, банкіге құйып, қақпағын мықтап жабыңыз.

Тіл үйірер таңқурай тосабы

Қажетті заттар

  • Таңқурай
  • Қант
  • Су

Дайындау әдісі

  1. Таңқурайды тазалап, жуып алыңыз.
  2. Үлкен ыдысқа салып, үстіне қант себіңіз: 1 кг таңқурайға — 1 кг қант.
  3. 4–5 сағатқа салқын жерге қойыңыз.
  4. Осы уақыт ішінде бөлінген шырынды тосап қайнататын ыдысқа құйып, баяу отта шамамен 10 минут қайнатыңыз.
  5. Дайын шәрбатқа таңқурайды қосып, 5–10 минут қайнатыңыз.
  6. Бетіне шыққан көбікті уақытында алып тастаңыз.
  7. Отты өшіріп, суығанша күтіңіз. Суыған тосапты банкілерге құйып, жауып қойыңыз.

Бұл әдіс таңқурайдың түсін және хош иісін жақсы сақтайды. Дегенмен, тосапты тоңазытқышта сақтаған дұрыс.

Шие тосабы

Қажетті заттар

  • Шие
  • Қант
  • Су

Дайындау әдісі

  1. Шиені бірнеше жерінен инемен тесіп шығыңыз.
  2. Шиені ыдысқа салып, үстіне қант шәрбатын құйыңыз.
  3. 3–4 сағатқа салқын жерге қойыңыз.
  4. 7–10 минут қайнатыңыз.
  5. Содан кейін шиені шәрбаттан бөліп алыңыз.
  6. Бөлінген шәрбатты тағы 5 минут қайнатыңыз.
  7. Қайнап жатқан шәрбатқа шиені қайта қосып, үстіне 200 г қант себіңіз.
  8. 2–3 минуттан кейін отты өшіріп, тосапты суытыңыз.
  9. Суыған соң банкіге құйып, қақпағын жабыңыз.

Тосап қайнатудың 10 құпиясы

Құлпынай, қарақат, таңқурай, шие тосаптарын көпшілік жақсы көреді. Әсіресе қыста тұмау кезінде шайға қосып ішсеңіз, пайдасы мол. Бірақ кейде тосаптың дәмі мен түсі ойдағыдай шықпай қалуы мүмкін. Төмендегі кеңестер тосаптың дәмін, түсін және хош иісін сақтауға көмектеседі.

1) Ыдысқа назар аударыңыз

Алюминий немесе болатқа қарағанда жез ыдыста қайнаған тосаптың түсі, дәмі және иісі жақсы сақталады. Эмальды ыдысты қолданбаған жөн. Ыдыс неғұрлым кең болса, нәтиже соғұрлым жақсы.

2) Жеміс-жидекті дұрыс таңдаңыз

Мүмкін болса, жергілікті өнімді таңдаңыз. Тосапқа көбіне толық піспеген жемістер жарайды (шие мен өріктен басқасы). Жеміс езілмеген, дақ түспеген болуы керек.

3) Шәрбаттың маңызы зор

Мөп-мөлдір әрі хош иісті тосап үшін қант шәрбатын дұрыс дайындаңыз: 1 кг қантқа — 2,5 стақан таза су құйып, үздіксіз араластыра отырып қайнатыңыз. Қоймалжың тартса, шәрбат дайын.

4) Жемісті қайнатуға дайындау

Жемісті мұқият тазалап, ағынды суда бірнеше рет жуыңыз. Суынан арылған соң, ыдысқа салып үстіне 1 кг қант сеуіп, бірнеше сағатқа қараңғылау жерде қалдырыңыз. Кейін баяу отқа қойып қайнатып, қайнай бастағанда отты өшіріңіз. Бірнеше сағаттан соң алдын ала дайындалған шәрбатты қосып, тағы бір рет баяу отта қайнатыңыз.

5) Көбігін міндетті түрде алыңыз

Көбік алынбаса, тосаптың түсі өзгеріп, тіпті ашып кетуі мүмкін. Бірақ көбікті бірден алмаңыз: тосап 15–20 минут баяу қайнаған соң, соңына қарай отты күшейтіп бір бұрқ еткізіңіз. Сол кезде шыққан көбікті сүзгімен абайлап алып тастаңыз.

6) Дайындығын 3 белгімен тексеріңіз

  • Көбік ыдыстың ортасына жиналса — тосап толық қайнаған белгі.
  • Жемістер бетіне қалқып шықпай, шәрбат ішінде біркелкі таралады.
  • Шәрбаттың бір тамшысы ыдыс ішінде жайылып кетпей, пішінін сақтайды.

7) Банкілерді дұрыс дайындаңыз

Банкі бүтін болуы керек: жарықсыз, сынықсыз. Жақсылап жуып, міндетті түрде булап (стерильдеп) алыңыз.

8) Қалай жабу керек?

Тосап толық суымайынша банкі қақпағын жаппаңыз. Әйтпесе қақпақ астында бу жиналып, су тосапқа тамшылап, ашуына себеп болады.

9) Қарапайым, бірақ маңызды ережелер

  • Кермек суды пайдаланбаған дұрыс.
  • Барлық ыдыс-аяқты (қазан, сүзгі, қақпақ, банкі, ожау, қасық) тазалап, залалсыздандырыңыз.

10) Кішкентай айла-тәсілдер

Қайнап жатқан тосапқа аздап лимон қышқылын қоссаңыз, қанттанып кетудің алдын аласыз. Егер тосап қанттанып кетсе, әр литріне 3 ас қасық су қосып, араластыра отырып бір қайнатып алуға болады.

Маңызды ескерту: кейде банкі қақпағы көтеріліп немесе атылып кетеді. Мұндай тосапты қайта қайнатып пайдалануға болмайды — уланудың алдын алу үшін оны тастаған жөн.

Айжан Ермекқызы

Дереккөз: otyrar