Жасушаның бөлінуі
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Бұл сабақтың мақсаты — жасушаның бөлінуін және бөліну барысында жүретін жасушаішілік процестердің себептерін түсіндіру.
Білімділік
Оқушыларды митоздық көбеюдің сатылары, ерекшеліктері және маңызы туралы біліммен таныстыру; түсінігін кеңейтіп, білімін тереңдету.
Тәрбиелік
Ізденімпаздыққа, өз бетінше еңбектенуге баулу; дүниетанымын және қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастыру.
Дамытушылық
Сабаққа белсенді қатысуын арттыру; ойлау, саралау, жүйелеу дағдыларын дамыту.
Сабақ барысы
I. Қызығушылықты ояту
«Ассоциациялау» стратегиясы және бейнесұрақтар арқылы алдыңғы білімді белсендіру.
- Жасуша ядросын кім және қашан ашты?
- Эндоплазмалық тордың қандай түрлері болады?
- Тек жануар жасушасына тән органоид қайсы?
- Митохондрияның ішкі жарғақшасының қатпарлары қалай аталады?
- Тұқымқуалау ақпаратын сақтап, жеткізіп, нәруыз биосинтезін басқаратын органоид қандай?
- Неліктен құстың эритроциттері шамамен бір жыл, тасбақада бірнеше жыл, ал адамда 3–4 ай ғана өмір сүреді?
9-сыныптың электрондық оқулығы бойынша зертханалық жұмыс №8: «Жануар жасушасының құрылысы». Оқушылар суреттен органоидтерді көрсетіп, қызметін айтып, өзара тексереді.
II. Мағынаны тану
«Кубизм» стратегиясы бойынша сынып 6 топқа бөлініп, әр топ өз тапсырмасын орындайды.
I топ — «Цитоплазма»
Митоз үдерісін сипаттап, слайдтар арқылы түсіндіреді. Бөліну нәтижесінде түзілген жасушаның тіршілігі тоқтағанға дейінгі немесе келесі бөлінуіне дейінгі кезең тіршілік циклі деп аталады.
ДНҚ синтезінің ұзақтығы: бактерияларда — бірнеше минут, ал сүтқоректілерде — 6–12 сағат.
II топ — «Ядро»
Жасушаның бөліну кезеңдерін салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын жүйелейді.
III топ — «Рибосомалар»
Митоз нәтижесінде түзілген жасушалардағы хромосома жиынтығының саны өзгермейді және әдетте диплоидті күйінде сақталады.
Митоздың бұзылуы хромосомалар санының ауытқуына әкелуі мүмкін: олар көбеюі немесе азаюы ықтимал. Нәтижесінде жасушада ірі өзгерістер болып, жасуша тіршілігін жоюы немесе мутацияның пайда болуы мүмкін.
Ұсыныстар
- Митоз үдерісінің бұзылу себептерін анықтау.
- Эмбриондық даму кезеңінде зақымданған жасушаларды терең зерттеу.
- Бөліну кезінде өзгеріске ұшыраған өсімдіктердің пайдасы мен зиянын бағалау.
IV топ — «Гольджи аппараты»
Митоздың дәлелдерін келтіріп, оның тірі ағзалар үшін мәнін түсіндіреді: түрдің сақталуы ұрпақ қалдырумен, ал көбею мен жеке даму жасушаның бөлінуіне негізделеді.
1874 ж. И. Д. Чистяков өсімдік жасушасының бөлінуін сипаттады.
1831 ж. Р. Браун жасуша ядросын алғаш байқады.
Неміс цитологы В. Флеминг 1882 ж. жасуша бөліну кезіндегі ядролық құбылыстарды сипаттап, оны митоз (ядроның күрделі бөлінуі) деп атады.
Митоз эмбриондық дамуды, өсуді, түзілу үдерістерін қамтамасыз етеді және жас жасушалар арасында тұқымқуалау ақпаратының көлемі мен құрамының тең бөлінуіне мүмкіндік береді. Зақымданған мүшелер мен ұлпалардың қайта қалпына келуі де жасуша бөлінуімен байланысты.
V топ — «Лизосомалар»
Жасушаның бөлінуі туралы ертегі құрастырып, сахналық көрініс ретінде ұсынады.
Ертегі (қысқартылып, тілдік тұрғыда өңделген нұсқа)
Әлемде өте кішкентай ел бар. Оны тек микроскоп арқылы көруге болады. Бұл ел — жасуша, ал оның тұрғындары — органоидтер. Олар тату-тәтті өмір сүреді, әрқайсысының өз қызметі бар. Елдің «басшысы» — ДНҚ. Ол «сарайда», яғни ядро қабықшасының қорғанында тұрады.
Бір күні ел көбеюге дайындала бастайды. Бұл дайындық кезеңі интерфаза деп аталады: жасуша өседі, кей құрылымдар көбейеді, ал ДНҚ екі еселенеді. Содан кейін негізгі үдеріс — митоз басталады. Оқушылар митоз кезеңдерін қолдан жасаған үлгілер арқылы көрсетті.
VI топ — «Эндоплазмалық тор»
Қорытынды жасап, митоздың мәнін түсіндіреді.
Митоздың биологиялық маңызы
- Тұқымқуалау материалының ұрпақтан-ұрпаққа тұрақты сақталуын қамтамасыз етеді.
- Хромосомалар саны тұрақты сақталады.
- Ұрықтық даму, өсу және жарақаттанған ұлпалардың қалпына келуіне қатысады.
- Жойылған жасушалардың орнына жаңа жасушалар түзіледі.
- Нәтижесінде диплоидты жиынтығы бар жасушалар пайда болады.
III. Ой толғаныс
«Синквейн» стратегиясы арқылы негізгі ұғымды жинақтау.
Синквейн
Митоз
Күрделі, қажетті
Дайындалады, көбейеді, түзеді
Митоз — дене жасушаларының бөлінуі
Цитокинез
Бекіту сұрақтары
- Жасушаның бөлінуге дайындық кезеңі қалай аталады?
- «Жіп» сөзінің синонимі қандай?
- Аяқталуды білдіретін фаза қалай аталады?
- Жыныс жасушалары түзілу үшін жүретін бөліну түрі қандай?
- Жасушаның бөлінуі жалпы қалай аталады?
Үй тапсырмасы
§ 9 оқу