Тәрбие сағатының түрі
Тақырыбы: Астана — бірлік пен тәуелсіздігіміздің рәмізі
1 қыркүйек — Білім күні және Конституция күніне орай ұйымдастырылған «Астана — бірлік пен тәуелсіздіктің рәмізі» атты тәрбие сағаты білім алушылардың дүниетанымын кеңейтіп, отансүйгіштік рухын нығайтуды көздейді.
Мақсаты
- Білім деңгейін көтеру, шығармашылық белсенділікті арттыру.
- Оқушыларды жан-жақты дамыту, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
- Салт-дәстүрге баулу, әдептілік мәдениетін қалыптастыру.
- Ой-өрісті кеңейту, ойлау қабілетін дамыту, этика-эстетикалық талғамды арттыру.
Форматы
- Тәрбие сағатының түрі
- Сайыс сағаты
- Қатысушылар
- 3–4 сынып оқушылары
- Құрылымы
- 4 бөлім
Кіріспе
Құрметті қонақтар, мұғалімдер және оқушылар! 1 қыркүйек — Білім күні және Конституция күніне орай ұйымдастырылған «Астана — бірлік пен тәуелсіздіктің рәмізі» атты тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймын.
I бөлім. Ой сергіту
Астана — жас тәуелсіз мемлекеттің тарихындағы алтын әріппен жазылған белес. 1990-жылдардың ортасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің астанасын оңтүстіктегі Алматы қаласынан республиканың қақ ортасына көшіру туралы маңызды шешім қабылдады. Қазақстанның жаңа елордасы Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
Күннен-күнге көркейген қала небәрі бір жылдың ішінде, дәлірек айтсақ, 1999 жылдың шілде айында ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығына ие болды.
Көк байрағы — бүгінгі ұрпақ жалауы,
Бұл белгіміз — бар халықтың қалауы.
Жер жүзінде желбіресін қашанда,
Шарықтасын Қазақстан жалауы.
Сонымен қатар егемендігін алған Қазақстанның Ата Заңына да айрықша мән беріледі. Тарих тереңінен бастасақ, Қорқыт бабамыздың «Адат» деп аталатын заңдық ұстанымдары, Шыңғыс ханның «Ұлы жосысы» (XIII ғ.), Қасым ханның «Қасқа жолы» (XVI ғ.), Есім ханның «Ескі жолы» (XVII ғ.), Тәуке ханның «Жеті жарғысы» (XVII–XVIII ғ.) — құқықтық сананың сабақтастығын танытады.
Қазақ мемлекеті тарихында 5 Конституция қабылданды: ҚАССР Конституциясы (1924 ж.), Қазақ КСР Конституциялары (1937, 1978 жж.), Қазақстан Республикасының Конституциялары (1993, 1995 жж.).
Ата Заңым! Арман әнім! Сенен асқан бар ма бағым!
Жалғыз саған байланысты елімде еркін самғауым.Ата Заңым! Бар мұратым! Жалғыз кие жанды ұғатын.
Жансақ бассаң жолға салып, тәубаңды еске алдыратын.Ата Заңым! Кемеңгерім!
Осы ой сергітуден кейін елордамыз — Астана мен Ата Заңымызды ұштастыра отырып, сайысқа қатысушыларды ортаға шақырамыз.
II бөлім. Кім тапқыр?
Әр топқа 2 сұрақтан беріледі.
Мақал-мәтелдерді толықтырыңыз
- Ұрлық түбі…қорлық
- Біреуге ор қазба…өзің түсесің
- Заңның құрығы…бәрінен ұзын
- Өтірікшінің құйрығы…бір-ақ тұтам
- Тура биде…туған жоқ
- Қолыңмен істегеніңді…мойныңмен көтер
Назар аударатын ой
Бұл бөлімнің мәні — мақал-мәтел арқылы әділдік, жауапкершілік, заңға құрмет сияқты құндылықтарды бекіту.
Кілт ұғымдар: әділдік, жауапкершілік, заң үстемдігі.
III бөлім. Мен Астанамды жырлаймын!
Әр топтан бір оқушы Астана тақырыбына арналған өлең оқиды. Бұл кезең оқушылардың сөйлеу мәдениетін, сахнада өзін ұстау шеберлігін және шығармашылық қабілетін дамытады.
IV бөлім. Білекті бірді, білімді мыңды жығады!
Сұрақ-жауап бөлімі
- Ата Заңымыз неше бөлімнен және неше баптан тұрады?
- Дүние жүзінде қанша қазақ бар?
- Азаматтық дегеніміз не?
- Ата-ананың міндеті қандай?
- Қазақстан Республикасының рәміздерін атаңыз.
- ҚР заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкіл орган қалай аталады?
Ән
«Астана» әні орындалады. Сайысқа қатысқан топтардың ұпай саны есептеліп, жеңімпаздар марапатталады.
Қорытынды
Арманыма арқау болған Астанам,
Көкке қарай қанат жая бастаған.
Дәл осылай жүректерде сақталса,
«Отаным» деп тұрары анық жас балаң.Бәйтерек тұр көкке тіреп төбесін,
Танытқандай сұлулықтың төресін.
Елім тыныш, жерім аман болса егер,
Сан мың жылдар жаңа таңын көресің.Әрқашан да тарылмасын құшағың,
Күнге қарай мойныңды бұрасың.
Көркем сұлу келбетіңнен әрдайым,
Ел есінде мәңгілікке тұрасың.Ұштастырып жер мен көктің арасын,
Күннен-күнге сұлу болып барасың.
Пана болған құтты мекен — Астанам!
Қазағыма қасиетті қаласың.
Бәріміз бірге: Тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі — Астанамыз асқақтай берсін!