Білімді бекіту кезеңі
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласы
М. Әуезов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі: Байкадамова Айман Дубековна
Сабақ тақырыбы
«Өзіңді-өзің тексер» (күрделі сөз)
Бұл сабақта оқушылар күрделі сөздер туралы білімдерін нақтылап, пысықтап, қайталайды және өзін-өзі тексеру дағдыларын дамытады.
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік
Күрделі сөз туралы алған білімдерін тереңдету, есте қалған мәліметтерді нақтылау, пысықтау және қайталау.
2) Дамытушылық
Танымдық тапсырмалар арқылы оқушылардың ой-өрісін дамыту, сөздік қорын молайту, сабаққа қызығушылығын арттыру.
3) Тәрбиелік
Сауатты әрі көркем жазуға, өзара ынтымақтастыққа, шапшаң ойлауға баулу.
Ұйымдастыру және әдістемелік негіз
Көрнекі құралдар
- Тест тапсырмалары
- Қима қағаздар
Әдіс-тәсілдер
- Түсіндіру
- Сұрақ-жауап
- Ішінара ізденушілік
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, дүниетану.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылардың сабаққа әзірлігін тексеру.
2) Психологиялық дайындық
Жарқырап күн де ашылды,
Айналаға нұр шашылды.
Қайырлы күн!
Біз көңілді баламыз,
Қайырлы күн!
Сәлемдесіп аламыз.
Мақсатымыз — білім алу,
Міндетіміз — еңбектену.
Еңбектену арқылы «5»-ке қол жеткізу!
3) Мақсат қою кезеңі
Күрделі сөздер туралы алған білімді тереңдету, есте қалғандарын нақтылау, пысықтау және қайталау.
4) Үй тапсырмасын тексеру
54-жаттығу, 109-бет.
5) Өткенге шолу: «Саяхатқа шығу» ойыны
Тақтада қала атаулары жазылған қима қағаздар беріледі. Әр қағазда сұрақ бар.
Бағыттаушы сұрақтар
- Елімізде қандай үлкен қалалар бар?
- Осы аталған қалаларға кімнің саяхатқа шыққысы келеді?
Ойын шарты
Тақтаға шыққан оқушы өзі таңдаған қала атауы жазылған қима қағазды алып, сұраққа жауап береді. Дұрыс жауап берген оқушы сол қалаға «жолдама» алады.
Астана
Күрделі сөз дегеніміз не? Олардың жасалу жолдары қандай?
Ақтау
Біріккен сөз дегеніміз не? Мысал келтір.
Алматы
Біріккен сөздерден жасалған кісі аттары қалай жазылады? Мысал келтір.
Көкшетау
Біріккен сөздерден жасалған жер-су атаулары қалай жазылады?
Өскемен
Қос сөз дегеніміз не? Қос сөздердің жазылуы, мысал келтір.
Семей
Қос сөздердің жасалу жолдары қандай?
6) Білімді бекіту кезеңі: «Синтаксис еліне саяхат»
1) «Сөйлемдерді өз үйіне орналастыр» ойыны
Үлестірмелі қағаздағы сөйлемдерді тиісті «үйге» орналастыру.
2) Жаттығулар жүйесі
- 1-жаттығу: Өлеңді жатқа жазу, өзін-өзі оқулықпен тексеру.
- 2-жаттығу: Біріккен сөздердің ненің атын білдіретінін анықтап, жақша ішіне жазу.
- 4-жаттығу: Қысқарған сөздердің толық атауын жазу.
- 5-жаттығу (терме жазу): Мәтінді түсініп оқып, ішінен күрделі сөздерді теріп жазу.
3) Сергіту сәті: «Сыңарын тап»
| Басы | Жалғасы |
|---|---|
| қырық | беу |
| қызыл | түстік |
| оң | құм |
| бел | аяқ |
| тас | қосақ |
| кемпір | бақа |
4) 6-жаттығу
Көп нүктенің орнына өзің білетін біріккен сөзді қойып, жаңылтпашты көшіріп жазу.
5) Тест жұмысы (өзін-өзі тексеру)
1. Біріккен сөздер қатарын белгіле
- A) суыр, асқазан, шөп
- Ә) анда-санда, ащыішек, асық
- Б) қолбасшы, алтыбақан, түйеқұс
2. Күшейткіш буын арқылы жасалған қос сөздерді белгіле
- A) сұп-сұр, тіп-тік, әп-әдемі
- Ә) алай-дүлей, анда-санда, ар-ұят
- Б) мая-мая, жалт-жұлт, апыр-топыр
3. Екі түрлі сөздің қосарлануы арқылы жасалған сөзді белгіле
- A) үйір-үйір, түп-түгел, әке-шеше
- Ә) жап-жасыл, қып-қызыл, әрең-әрең
- Б) құрбы-құрдас, шыбын-шіркей, ойын-сауық
4. Қысқарған сөздер қатарын белгіле
- A) медколледж, БҰҰ, АҚШ
- Ә) ҚХР, метр, педкеңес
- Б) кг, ҚР, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы
Оқушылар тапсырмаларды орындап болған соң, жауаптарын тақта арқылы өзін-өзі тексереді.
7) Қорытындылау
- Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?
- Сабақта нені қайталадық?
- Әсерлеріңді көңіл-күй смайликтері арқылы бағалау.
8) Үй тапсырмасы
Күрделі сөздің әр түріне (біріккен сөз, қос сөз, қысқарған сөз) үш-үштен сөз жазу. Ұнаған сөздермен 3 сөйлем құрау.