Маңғыстау өлкесінің өнер шеберлерімен, туындыларымен таныстыру
Жеті қайқы
Мақсаты
- Жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру.
- Маңғыстау өлкесінің өнер шеберлері және олардың туындыларымен таныстыру.
Көрнекілігі
- Слайдтар: «Жеті қайқының» суреттері, Маңғыстау өлкесінің көріністері.
- Магнитофон.
Алғы сөз
Қазақ халқы ән шығаруда қандай шебер болса, нақышты орындауда да сондай биік деңгейге жеткен. «Ақылың болса, жыр тыңда», «Жігітке өнер де өнер, өлең де өнер» деген сөздер соның айғағы. Ел ішінде талай майталман күміс көмей әншілер, сабырлы да салмақты жыршылар, ақын-жыраулар өмір сүрген.
Әр өңір өзіне тән әншілік, күйшілік дәстүрін қалыптастырып, сақтап отырған. Сол дәстүрлердің айырым белгісі — саз, нақыш, мақам және домбыра қағысының өзгешелігі. Халық сүйікті әншілерін «жезтаңдай», «күміс көмей», «қаз дауысты», «қоңыр дауыс» деп дәріптеген.
Негізгі ұғым
Маңғыстау өлкесінде нағыз біртуар өнер шеберлеріне «Қайқы» деген атақ берілген. Батыс өңірінде бұл сөз сол кезеңде «сал», «сері» мағынасын білдірген.
Маңғыстау күйшілік мектебі және «Жеті қайқы»
Қазақтың күйшілік өнері бірнеше мектепке бөлінетіні белгілі. Солардың ішінде Маңғыстау күйшілік дәстүрі аңызға айналған қызықты күйлерімен ерекшеленеді.
ХІХ ғасырда Маңғыстау жерінде серілік құрып, ел аралап, ән айтып, күй тартып, жыр жырлаған жеті өнерпаздың болғаны айтылады. Халық оларды «Жеті қайқы» деп атап кеткен.
Өскенбай Қалмамбетұлы: жыршы, әнші, күйші
Өмірбаяны
Өскенбай Қалмамбетұлы 1860 жылы Маңғыстау облысының Жетібай өңірінде дүниеге келген. Ол — Маңғыстау түбегінің даңқты күйшілерінің бірі. Аңыз бойынша, қазақтың мың күйін жатқа тартқан нағыз қас домбырашы атанған.
Сегіз жасынан домбыра ұстап, елге белгілі күйшілер Есір, Жоламан, Лекер, Жылқайдар сияқты домбырашылардан өнер үйренеді. Он жасында-ақ «домбырашы бала» атанып, көптің назарын өзіне аударған.
Өнер сайыстары және Құлбай дутаршы
Адай елі мен түркмен елі ежелден көршілес отырған. Екі елдің сазгерлері мен күйшілері жиі кездесіп, өнер сайыстарын өткізген. Осындай мерекелердің бірінде Өскенбай түркменнің атақты дутаршысы Құлбаймен жүздеседі.
Табан астындағы шеберлік
Өскенбай Құлбайдан «Қынжыл», «Соқыр қыз», «Өрелі мая» күйлерін сол сәтте-ақ үйреніп алып, Құлбайдың өзіне тартып береді. Риза болған Құлбай:
«Талабың жансын, шырағым!»
— деп бата берген деседі.
Аңызға айналған күй сайысы
Өскенбай туралы ел ішінде деректі әңгімелер көп. Соның бірі — қыр үстіндегі түркмен ауылында өткен тойдағы күй сайысы. Сайысқа түркмендер өз жағынан атақты Құлбай бақсыны шығарады.
Сайыс шарты
Той иесі жұртқа былай деп жариялайды: екі елдің екі дүлділі сынға түседі; шарт бірдей — бірінің тартқан күйін екіншісі мүдірмей қайталап орындап, артынша өз күйін тартуы керек. Мүдірсе не қате кетсе — жеңілгені.
Сайыс екі күнге созылады. Ақыры Өскенбай шеберліктің шегін көрсетіп, мәсісін шешіп тастап, башпайымен ойнай жөнелгенде, Құлбай:
«Уай, Өскенбай, сен жеңдің!»
— деп жастыққа қисая кетіпті дейді.