Еліміздің болашағы - бүгінгі жастар

Кіріспе

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алуға қажетті жағдайлар жасау айқындалған. Сондай-ақ оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру және халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу арқылы білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көрсетілген.

Әлемдік білім беру кеңістігіне қадам басқан еліміздің білім беру жүйесі бүгінде жаңаша көзқарасты, қол жеткен табыстарды сын тұрғысынан саралауды, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуды және мұғалімнің іс-әрекетін жаңа талаптарға сай ұйымдастыруды қажет етеді.

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі — аса маңызды мәселелердің бірі.

«Қазақстан—2030» стратегиялық бағыты

Елбасы «Қазақстан—2030» стратегиялық даму жоспарында жас мемлекеттің өсіп-жетілетінімен бірге балалар мен немерелердің де ер жететінін, олардың жауапты да жігерлі, білім өрісі кең, денсаулығы мықты азамат болып қалыптасатынын атап көрсетеді. Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге дайын болады.

Сонымен қатар олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеріп, бейбіт әрі өркендеуі қарқынды, күллі әлемге әйгілі және сыйлы елдің патриоттары болады деген ой айтылады.

Негізгі түйін

Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға бастайтын құдіретті күш — білім. Еліміздің болашағы — бүгінгі жастар.

Олардың табиғи қабілеттері мен нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту және тәрбиелеу — білім беру үдерісінің басты мақсаты.

Ұлттық құндылықтар Инновациялық оқыту Ақпараттандыру Жастар әлеуеті