Әділқазылар әділ бағасын берсеңіздер
Тақырыбы
«Өнерлінің қолы – алтын, өлеңшінің сөзі – алтын» атты ата-аналар сайысы.
Мақсаты
- Ата-ана мен балабақша арасындағы қарым-қатынасты нығайту.
- Шығармашылық қиялды дамыту.
- Іскерлікке, шеберлікке баулу.
Көрнекілігі
- Өнер туралы нақыл сөздер
- Шармен безендіру
- Интерактивті тақта
Кіріспе сөз (жүргізуші)
Армысыздар, құрметті апайлар! Бүгінгі «Өнерлінің қолы – алтын, өлеңшінің сөзі – алтын» атты ата-аналар сайысына қош келдіңіздер! Сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
Қазылар орнықтырар әділдікті.
Кімдердің жауаптары кәміл шықты —
Өнер мен шеберліктің сайысында,
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты!
Ендеше, бүгінгі доданы саралайтын әділқазылар алқасымен таныстырып өтейін.
Сайыскер топтар
-
1) Шеберлер тобы
-
2) Әшекейлер тобы
Бағдарлама
- 1 «Сәлем сөздің – анасы» (топты таныстыру)
- 2 «Ою ойғанның ойы ұшқыр» (қағаздан ою ойып, атауын айту)
- 3 «Өнерлі өрге жүзер» (өз өнерлерін көрсету)
- 4 «Ойлы болсаң, озып көр» (мақал-мәтелдерді толықтыру)
- 5 «Бұл қандай ән?» (әуеннің атауын және жалғасын табу)
- 6 «Ас – адамның арқауы» (аналар салат дайындап, қорғайды)
- 7 «Қол өнері – ой өнері» (дайын бұйымдарды таныстыру)
1-кезең: «Сәлем сөздің – анасы»
«Болар елдің баласын сәнімен емес, сәлемімен танисың» — демекші, алғашқы сайысымызды бастаймыз.
Өнер қуып сайыскерлер өтер деймін,
Бір басына өнер-білім жетер деймін.
Бәске түскен сайыскерлер кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтсе деймін.
Қазылар алқасы ұпай санын жариялайды.
2-кезең: «Ою ойғанның ойы ұшқыр»
Қатысушылар қағаздан ою қиып, оның атауын айтады.
Ою-өрнекке қарасаң,
Өңкей мүйіз тігілген.
Қайсысын қаласаң,
Қиып ал сызған ізімнен.
«Қию оңай» демеңдер,
Оған да өнер, ой керек.
Бос мақтанып жүрмеңдер,
Қиюға пысық қол керек.
Қазылар алқасы ұпай санын жариялайды.
3-кезең: «Өнерлі өрге жүзер»
Біздің халық — өнерпазға бай халық. Ендеше, сайыскерлерімізді өз өнерлерін көрсетуге ортаға шақырамыз.
Әділқазылар алқасы қойылған бағаларды жариялайды.
4-кезең: «Ойлы болсаң, озып көр»
Мақал-мәтелдерді толықтыру сайысы.
- 1) Жігітке жетпіс өнер де аз.
- 2) Өнерді үйрен де, жирен.
- 3) Ерінбеген етікші болады.
- 4) Шебердің саусағы – алтын.
- 5) Өнерлі өрге жүзер.
- 6) Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сызбас.
- 7) Жеті рет өлшеп, бір рет кес.
- 8) Адамды адам еткен – еңбек.
- 9) Қол өнері кілемде, сөз өнері өлеңде.
- 10) Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол.
5-кезең: «Бұл қандай ән?»
Музыкалық әуен тыңдалып, қатысушылар әннің атауын және жалғасын табады.
Айналайын, қарағым,
Бәрекелді, жарадың.
Енді бізге еліңнің,
Айтып берші бір әнін.
Әділқазылар бағасын береді.
6-кезең: «Ас – адамның арқауы»
Бұл кезеңде аналар салат дайындап, атауын айтып, қорғайды.
Қазылар алқасы ұпай санын жариялайды.
7-кезең (қорытынды): «Қол өнері – ой өнері»
Қатысушылар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын таныстырады.
Әділқазылар ұпай санын жариялайды.
Жабылу сөзі
Демеңіз, біз өнерді аяп қалдық,
Уақыт біраз жерге таяп қалды.
Көріскенше хош, сау болып тұрыңыздар,
Сайысымыз осымен аяқталды.
Енді қатысушы топтардың жалпы ұпай саны есептеліп, жеңімпаз топты марапаттау үшін сөз әділқазылар алқасына беріледі.
Әділқазы шешеді,
Істің ақ пен қарасын.
Бүгінгі міне сайыстың,
Әділ берер бағасын.
Жеңімпаз топты марапаттау рәсімі өткізіледі. Сайысымыз осымен өз мәресіне жетті. Келіп қатысып, тамашалағандарыңызға рахмет!