Тұмсығы имек

Сабақтың тақырыбы

Әр құсқа өз тұмсығы қажет.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

«Ой қозғау» стратегиясын қолдана отырып, сұрақтар арқылы оқушыларды жан-жақты ойлауға, өздігінен жұмыс істеуге, ізденуге үйрету; сөздік қорын және тіл мәдениетін дамыту.

Дамытушылық

Оқушылардың танымдық қабілеттерін, қиялын дамыту және белсенділігін арттыру.

Тәрбиелік

Құстарға деген жылы сезім қалыптастыру; оларды қорғауға, қамқор болуға және құстарды аялауға тәрбиелеу.

Сабақтың түрі мен көрнекілігі

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Көрнекілігі

Құстардың суреттері, интерактивті тақта.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі (психологиялық дайындық)

Мейірімді жүрекпен,
Ақпейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық!

2) Үй тапсырмасын сұрау (ой қозғау)

Төрт оқушыдан үй тапсырмасы сұралады. Оқушылар аңдардың суреттерін көрсетіп, қысқаша әңгімелейді.

3) Үй тапсырмасын қорытындылау (сұрақтар)

  • Бунақденелілермен қоректенетін қандай жануарларды білесіңдер?
  • Олардың жауынан қорғану тәсілдерін білесіңдер ме?
  • Бунақденелілер иісті қалай сезеді? Қай мүше арқылы?
  • Көбелек тамағының дәмін қалай сезеді?
  • Жапалақ қандай құс? Ол жемтігін немен аулайды?

4) Жаңа сабақ (қызығушылықты ояту)

Құстар тобымен танысу. Құстардың ұшуға бейімделуі, қоректену ерекшеліктері және тұмсық пішіндерінің қызметі талқыланады.

Мағынаны тану: тұмсық пен қорек

Құс тұмсығының басты қызметі — қоректену. Сондықтан тұмсықтың пішіні құстың жейтін жеміне байланысты қалыптасады. Құстың түрін анықтауда тұмсыққа ерекше назар аударылады.

Негізгі топтар

  • Дәнқоректілер: көбіне конус тәрізді, дәнді шағып жеуге ыңғайлы тұмсық.
  • Жәндікқоректілер: жіңішке әрі үшкір тұмсық; жәндікті іліп алуға қолайлы.
  • Жыртқыштар: имек, өткір жиекті тұмсық; олжаның етін жұлып жеуге ыңғайлы.
  • Ағаш діңін тесетіндер: тоқылдақ тұмсығы қашау сияқты тік әрі қатты.

Бейімделу туралы қорытынды ой

Жануарлардың тіршілігі қоршаған ортамен тығыз байланысты: әрқайсысы өзіне қажет жағдайды тауып, тиімді пайдаланады. Сонымен қатар, қауіп-қатерден қорғануға көмектесетін әртүрлі бейімделулері болады.

Оқулықпен жұмыс (мәтінмен танысу)

Мәтін оқылады, оқушыларды қатыстыра отырып түсіндіріледі.

Шұбар тоқылдақ

Кәрі ағаштары көп, ұңғылауға ыңғайлы жуан діңдері бар тораңғы ормандарында кездеседі. Сырдария өзені бойындағы тораңғы тоғайында да бар. Ұясы ағаш қуысында болады.

Бүркіт

Нағыз аңшы құс. Суыр, қоян, саршұнақ сияқты ірі кеміргіштермен, сондай-ақ кекілік пен ұлармен қоректенеді. Тұмсығы имек, ол олжаның етін жұлып жеуге өте ыңғайлы.

Бірқазандар (Pelecanidae)

Ескекаяқты құстар отрядына жатады. Қазақстанда екі түрі таралған: бұйра бірқазан және қызғылт бірқазан. Каспий мен Арал теңіздерін, Балқаш және Сасықкөл алабын мекендейді. Қорегін (көбіне балықты) суқұзғындармен бірлесіп аулайды.

Сөздік жұмысы

Қашау
құрал
Ұңғылау
тесіп кіру, ойып ашу

Оқушыларға мәтінді тізбектей оқыту ұйымдастырылады.

Сергіту сәті

Құрттың іздеп түр-түрін
Таппайды ол бір тыным.
Күн ұзаққа шіркіннің
Аямайды тұмсығын.
Тоқ, тоқ, тоқ-тоқ,
Тоқ-тоқ-тоқ.

Құстар туралы қысқа фильм көрсетіледі.

Шығармашылық тапсырма (топтық жұмыс)

I топ — Тоқылдақ

Шағын әңгіме жазу.

II топ — Бүркіт

Бес жолды өлең құрастыру.

III топ — Бірқазан

«Бірқазан қандай құс?» тақырыбында сипаттау.

Ой толғаныс

Оқушыларға құстардың суреттері таратылады. Суреттерді үш топқа жіктеп, дәлелмен түсіндіреді:

Дәнмен қоректенетін құстар

Жыртқыш құстар

Жәндікпен қоректенетін құстар

Сабақты қорытындылау

  • Қандай құстармен таныстық?
  • Тұмсық түрлерін атаңдар.
  • Сабақ ұнады ма? Неліктен?
  • Бүгін қандай жаңалық алдыңдар?

Үй тапсырмасы

  1. 1 Мәтінді түсініп оқу.
  2. 2 «Құстар — біздің досымыз» тақырыбына шағын әңгіме жазу.

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының мазмұны, топтық жұмысқа қосқан үлесі және шығармашылық тапсырмаларды орындауы бойынша бағаланады.