Батырдың биік тұлғасы

6-сынып Ізденіс сабағы Әдебиет

Сабақтың тақырыбы

Б. Момышұлының өз бейнесі, батырлық тұлғасы. Батырдың биік тұлғасы.

Эпиграф

Батырым, Бауыржаным, — дейді халқым,
Алып ұл, ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.

Қ. Аманжолов

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Б. Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» романынан алынған үзіндіні оқыту арқылы батырдың ерлік істерін таныту, насихаттау. Оқушыларды өз бетімен ізденіп оқуға және ойларын еркін жеткізуге үйрету.

Тәрбиелік

Батырдың биік тұлғасы мен дара образын талдау арқылы елін сүюге, патриоттық сезімге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Батыр бейнесін қосымша деректермен, әріптестерінің естеліктерімен толықтыру. Сахналық көрініс арқылы оқушының тілдік және шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабақ туралы мәлімет

Сабақтың типі
Ізденіс сабағы
Сабақтың әдіс-тәсілдері
Баяндау, сұрақ-жауап, сахналық көрініс, топтастыру, БҰҰ, «Бес жол өлең» стратегиясы.
Құрал-жабдықтар мен көрнекіліктер
Б. Момышұлының суреті, интерактивті тақта, «Аңыз адам» журналы (2011 ж., №9, қараша).
Пәнаралық байланыс
Ұлы Отан соғысы, тарих, қазақ тілі.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабақтың мақсатын хабарлау, ерекшелігін түсіндіру.
  • Оқушыларды топтарға бөлу.

II. Өткен материалды еске түсіру

а) Мазмұндау

«Б. Момышұлы — жауынгердің тұлғасы» тақырыбы бойынша оқушылардың мазмұндап айтуы.

ә) Мақал-мәтелдер жинақтау

Ерлік, батырлық, қырағылық туралы мақал-мәтелдерді қатарлар бойынша жинақтау.

I қатар

Ерлік

II қатар

Батырлық

III қатар

Қырағылық

б) Мақалдарды теріп жазу

Әңгімедегі мақал-мәтелдерді теріп жазу, мағынасын талқылау.

III. Жаңа сабақ

Оқушылар үй тапсырмасына дайындалып келген. Бүгінгі сабақ — алдыңғы жұмыстың жалғасы, екінші сағат. Тақырып: «Батырдың биік тұлғасы».

Хронологиялық кесте

Интерактивті тақтадағы Б. Момышұлының өмірі мен қызметіне арналған хронологиялық кестемен танысу, негізгі кезеңдерді атап өту.

IV. «Бір үзік сыр»

Батыр туралы естеліктер мен өлең жолдарын оқыту, пікір алмасу.

V. Сахналық көрініс: «Омыртқадағы оқ»

Ә. Нұршайықов, «Ақиқат пен аңыз» романынан үзінді

Рөлдер

Бауыржан — Дәрігер

Бауыржан:

Мен екі рет ауыр жарақат алған адаммын. Бірақ екеуінде де саптан шыққан жоқпын. 1942 жылы полк командирі кезімде омыртқама оқ тиді. Санбатқа жеткенше есімді білмедім. Есімді жиғанда етпетімнен жатыр екенмін. Жанымдағы дәрігер бірдеңе деп баж-бұж етіп жатыр.

Дәрігер:

Бұл кісіні дереу госпитальға жіберу керек.

Бауыржан:

Сонша не болып қалды?

Дәрігер:

Омыртқаңызға оқ қадалып тұр, жолдас капитан. Сізді дереу госпитальға жеткізу керек.

Бауыржан:

Скальпелің бар ма?

Өткір бәкің бар ма?

Ұстараның жүзі бар ма?

Дәрігер:

Жоқ.

Жоқ.

Бар.

Бауыржан:

Ендеше соны спиртпен шай да, ет тұрған жерді кес.

Дәрігер:

Олай етуге болмайды, жолдас капитан!

Бауыржан:

Болады! Бұйырамын! Орындамасаң — атып тастаймын!

(Дәрігер дереу айтқанын орындауға кіріседі.)

Дәрігер:

Мінеки, жолдас капитан, оғыңыз!

Бауыржан:

Жарамды таңдырып алып, арқамнан алынған оқты мені санбатқа жеткізген Блоха деген жауынгерімнің қолына ұстата салдым да, жаумен ауыр шайқас жүргізіп жатқан полкке қайта оралдым. Бірнеше күн жаумен жағаласып жүргенде арқамдағы жараны ұмытып та кеттім. Ол бірде суланып, бірде қара қотырланып, бірде қышып, ақырында өзінен-өзі жазылып кетті.

VI. «Топтастыру» диаграммасы

Батыр бейнесін топтастыру: негізгі қасиеттерін, мінез ерекшеліктерін, іс-әрекетін тірек сөздер арқылы жүйелеу.

ерік-жігер жауапкершілік тәртіп батылдық табандылық патриоттық рух

VII. Оқулықпен жұмыс

«Екі жақты күнделік» стратегиясы

«Б. Момышұлы кім?» сұрағына оқулықтан жауап тауып оқу; үзіндідегі негізгі ойды дәлелдермен жазу.

VIII. Сабақты бекіту

БҰҰ стратегиясы бойынша қорытынды сұрақтар қою, жауаптарды жүйелеу, негізгі тұжырымдарды нақтылау.

IX. Сабақты қорытындылау

«Бес жол өлең» әдісі

  1. Зат есім (1 сөз)
  2. Сын есім (2 сөз)
  3. Етістік (3 сөз)
  4. Тақырыпқа байланысты сөйлем немесе тіркес
  5. Бірінші сөзге синоним сөз

Қажет жағдайда сөз таптары ережесін еске түсіру, нақтылау.

X. Үй тапсырмасы

«Бейбіт өмірдегі батырлық» тақырыбына шығарма жазу.

XI. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, жауаптарының нақтылығы, шығармашылық жұмыстары және топтық белсенділігі бойынша бағалау.