Астанамыз қай қала
Ашық тәрбие сағаты (1-сынып)
Тақырыбы
Мен елімді сүйемін
Мақсаты
- Оқушылардың Отан, туған ел туралы түсініктерін кеңейту.
- Туған жерін сүюге, патриоттық сезімге тәрбиелеу.
- Отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту.
Көрнекілігі
Портреттер, еліміздің рәміздері, шарлар, интерактивті тақта, суреттер.
Барысы
- 1 Ұйымдастыру.
- 2 Мұғалімнің кіріспе сөзі.
Кіріспе әңгіме: Отан ұғымы
Отан — әр адамның жүрегіне жылы тиетін қасиетті ұғым. Отан — сенің туған елің, туған жерің, дос-жарандарың, туған-туыстарың. Ол — өзің тұратын, өмір сүретін, қызмет ететін мекен.
Ұлы Отанның ішінде әр адамның өзіне ең жақын ауылы, қаласы, көшесі бар. Әрбір адам үшін туған ел мен туған жер әрдайым қымбат. Өйткені туған өлке — алтын бесік, атамекен.
Отан адам үшін біреу-ақ. Отанды анаға теңейді: ол анаңдай қорғайды, көмектеседі, күш береді. Біз Отанымызды, елімізді сүйеміз. Туған елсіз, туған жерсіз адамның күні жоқ.
Сұрақ-жауап
- «Туған жерсіз адамның күні жоқ» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Біздің Отанымыз қалай аталады?
- Астанамыз қай қала?
- Еліміз тәуелсіздігін қашан алды?
Түйін ой
- Туған елін, өскен жерін сүю — әр адамның парызы.
- Адам туған жерін аялайды, қастерлейді, қорғайды және мақтан тұтады.
- Отан — алтын бесігіміз, ортақ үйіміз.
Отан туралы жырлар
Отан, туған ел туралы жыр оқып, ән шырқайық.
1–5-шумақ
- Асыр салып, таласып, біз — туған ел баласы. Қандай байтақ Отаным, жан-жағыңа қарашы.
- Жеңдіріп біз ашуды, ақылға әркез келеміз. Азамат боп ержетіп, ағаларға ереміз.
- Отаным кең көсілген, төсінде ырыс өсірген. Қаптаған мал, алып дән — бәрі менің несібем.
- Жайнатар кең өлкені — болашақтың ертеңі. Біз — бақытты балдырған, ата-ананың өркені.
- Біз — бейбіт ел ұланы, өнер-білім ұраны. Алдымыздан жақсы арман күлім қағып тұрады.
Хор
Ән: «Отан»
6–8-шумақ
- Отан — сенің ата-анаң, Отан — досың, бауырың. Отан — өлкең, астанаң, Отан — аудан, ауылың.
- Отан — тарих, Отан — тіл, жасаған елің, ер халқың. Отан — өлең, Отан — жыр, көтерген көкке ел даңқын.
- Отан — осы, достарым, көңілге мұны түйе біл. Отан деп өс, жас қауым, оны ардақтап сүйе біл.
9–13-шумақ (Рәміздер)
- Айнымайды аспаннан біздің тудың бояуы. Оны халық қашанда биікке іліп қояды.
- Оттай жанып жанарың — одан қуат аламын. Әнұран — ол тынысы кең жазира даламның.
- Қастерлемес даңқын кім, қадірлемес салтын кім? Әнұраны елімнің — үні, тілі халқымның.
- Жалауымда көгілдір күн күледі төгіп нұр. Қыран бейне қанатты көкке самғар елім бұл.
- Елтаңбасы елімнің — елдігімнің белгісі. Мұнда да бар ерлігім, мұнда да бар жер күші.
Хор
Ән: «Елтаңбасы елімнің»
14–18-шумақ
- Жақсы көрсе жарықты, еске ұстасын кім-кім де: Қазақ деген халықтың бақыты тұр бұл күнде.
- Отанды біз атамекен деп аялап атаймыз. Өйткені онда мекен еткен бабамыз бен атамыз.
- Отанды жас-кәріміз де туған жер деп сүйеміз. Өйткені онда бәріміз де туып, өмір сүреміз.
- Отанды әркім анасындай қастерлейді, қолдайды. Өйткені Отан баласындай бізді асырап, қорғайды.
- Қуат алған өзіңнен, туған елдің ұлымын. Бақытты етіп өсірген, Отанымның гүлімін.
Ой қозғау және ойындар
Санамақ
Отан туралы санамақ айтылады.
Сұрақ
Елін, жерін сүйетін азамат болып өсу үшін қандай бала болуымыз керек?
Жауап: білімді, өнерлі, ақылды, еңбексүйгіш бала болуымыз керек.
«Жалғасын тап» ойыны (мақал-мәтелдер)
Отан, туған жер, өнер және білім туралы мақал-мәтелдердің жалғасын табайық.
1. Өнерлі қайда жүзеді?…
2. Өнерлінің қолы алтын…
3. Білекті бірді жығар…
4. Білім таппай мақтанба…
5. Қына тасқа бітеді…
6. Оқусыз білім жоқ…
7. Ақыл азбайды…
8. Талант қартаймайды…
9. Әріптен білім…
10. Отан оттан да қандай?…
11. Туған жердің күні де ыстық…
12. Отансыз адам…
13. Туған жерге … тік.
14. Ит тойған жеріне, ер …
15. Туған жердей жер болмас…
16. Ел іші алтын …
Хор
Ән: «Топ-топ балақан»
Қорытынды ой
Әрбір адам туғаннан-ақ ел бесігінде тербеледі: сол жердің топырағында өседі, суын ішеді, ауасымен тыныстайды. Табиғатпен біте қайнасып, ортадан тәрбие алып, адам болып қалыптасады.
Сондықтан әрбір азамат өз еліне, өз Отанына сүйіспеншілікпен қарауға тиіс. Адам үшін туған жерден ыстық, қадірлі, қымбат ештеңе жоқ — және болуы да мүмкін емес.
Келесі бөлім
Интерактивті тақта арқылы Елордамыз — Астана қаласына виртуалды саяхат жасайық.
Астанаға арнау
Хормен
Жаса, жаңа Астанам, өркен жая бастаған.
Болашақтың есігін өз қолыңмен аш маған.
Хормен
Астана — біздің сәніміз, білім — біздің нәріміз.
Азат елдің тірегі, болайықшы бәріміз.
Хор
Ән: «Туған өлкем»