Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі

Автор туралы

Курмалова Асель Агисовна

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы • «Сымбат» жеке мектебі • Бастауыш сынып мұғалімі

Педагогикалық өтілі

20 жыл

Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық іс-әрекетін қалыптастыру жолдары

Бүгінгі күні мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өскелең талабына сүйенсек, ұрпақ оқыту мен тәрбиелеу ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру қажет. Мектеп құрылымында жүріп жатқан өзгерістер, білім беру мақсаттарының жаңаруы, дамытушылық сипаттың күшеюі және көпнұсқалы оқытуға көшу — мұғалімнен шығармашылық бастама, жоғары сапа және кәсібилікті талап етеді.

Шығармашылық — адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылысы, үздіксіз ізденісі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам өздігінен ой түйіп, сапалы әрі дәлелді шешім қабылдай білуі керек. Қабілетті дамыту, оның әлсіреуіне жол бермеу — рухани қуатты нығайтып, өз орнын табуға көмектеседі. Өйткені адам — тек туынды емес, жаратушы да. Бұл жауапкершілігі мол күрделі мақсат.

Осы мақсатқа жетудің алғышарты — оқыту мазмұнын жаңарту және озық әдіс-тәсілдерді тиімді енгізу. Әдістемелік шешімдер әр оқушының жеке қасиеттері мен қабілеттерін дамытып, шығармашылығы мен талантын ұштайтындай ұйымдастырылғанда ғана мектептен өз өміріне өзгеріс енгізе алатын, дербес таңдау жасай білетін тұлға қалыптасады.

Негізгі идея

Мектептің тірегі де, жүрегі де, білімнің тұтқасы да — мұғалім. Бала тағдыры сеніп тапсырылған басты тұлға ретінде ұстаз бастауыш сыныптан бастап оқушыны шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешім қабылдауға және практикалық әрекетке дайын болуға жетелеуі тиіс.

Шығармашылықтың мәні және педагогикалық негіздер

Шығармашылық — бүкіл тіршіліктің көзі. Адамзат жетістіктерінің барлығы шығармашылық әрекеттің нәтижесі. Әр жаңа ұрпақ бұрынғы жетістіктерді меңгеріп қана қоймай, оны жаңа жағдайға бейімдеп, жетілдіру арқылы тың табыстарға жетеді.

К.Д. Ушинскийдің идеясын П.Ф. Каптерев одан әрі дамытып, педагогикалық үдерістің мәні мұғалім мен оқушының бірлескен әрекетінде екенін атап көрсетеді: мұғалім — бағыттаушы, оқушы — ішкі белсенді әрекетті орындаушы. Ол оқушының білімді игеруіндегі ішкі процестерді зерттеуді бірінші орынға қойып, ең маңыздысы — сол процестерге қолайлы жағдай жасау деп есептейді.

Қазақ мектептерінде дидактикалық міндеттерді шешуде Ы. Алтынсариннің үлесі зор. Оның пікірінше, оқыту әдісі баланың білімге құштарлығын оятып, кейін өздігінен білім көтеруге бастайтын жол болуы тиіс; ал сабақта басты назар оқушының ой-әрекетін жаттықтыруға, өз бетінше ойлай білуіне аударылады.

Бастауыш мектептің міндеті

Баланың жеке тұлғасын бастапқы қалыптастыру, қабілеттерін дамыту, адамзаттың асыл қасиеттерін бойына сіңіру.

Танымдық белсенділік

Үздіксіз оқу арқылы интеллектуалдық және болашақ кәсіби дайындыққа бағытталатын белсенді үдеріс.

Ана тілі арқылы шығармашылықты дамыту

Баланың шығармашылық іс-әрекетін, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды тәрбиелеу ана тілі арқылы жүзеге асады. Ж. Аймауытов ана тілінің мәнін ерекше атап: «Оқытылатын пәндердің бәріне бірдей керекті, бәрін қаусырып, орап алатын пән — ана тілі» дейді. Ана тілін меңгеру — сөз жаттау ғана емес, ұғым, ой, сезім, көркем үлгілер және ойлау мәдениетін игеру.

Ана тілін оқыту арқылы шығармашылық іс-әрекетті қалыптастыру — өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылу, іздену. В.В. Давыдов бастауышта шығармашылық қабілет оқу әрекетінде көрінетінін, оның даму өнімі — оқуға құштарлық пен ынталылық екенін айтады. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін; мұғалімнің міндеті — көзге көрінбей тұрған мүмкіндікті ашуға жағдай жасау.

Сабақты шығармашылыққа бағыттап ұйымдастыру

Ізденімпаздықты қалыптастырудың бағыттары

Оқушылардың танымдық ізденімпаздығын қалыптастыруға бағытталған әрекеттерді төрт топқа бөлуге болады:

  • Танымдық

    Ақпаратты түсіну, салыстыру, жүйелеу, қорытындылау.

  • Коммуникативтік

    Диалог, пікір айту, тыңдау мәдениеті.

  • Шығармашылық

    Жаңа шешім табу, қиялдау, өзіндік өнім жасау.

  • Әдіснамалық

    Әрекетті жоспарлау, рефлексия, бағалау.

Ізденімпаздықты арттыруда шығармашылық сипаттағы сабақтардың орны ерекше. Мұндай сабақтарда оқушы оқу материалының негізгі ұғымдарын ажыратып, жаңа білімді бұрынғы біліммен салыстырып, белгілі бір жүйеге келтіруге және қорытынды жасауға үйренеді.

Шығармашылық сабақ жоспары оқушының қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып құрылады. Мұғалім тақырыпқа қатысты оқулықтармен, әдістемелік еңбектермен танысып, өзіне де, оқушыға да маңызды болатын мәселелерді таңдайды; қажет болса, сабақ мазмұны мен әдістеріне түзету енгізеді.

Қолдануға болатын әдіс-тәсілдер

  1. Белгілі тақырыпта әңгіме оқып, басқа нұсқада аяқтауға жетелейтін сюжет ұсыну.
  2. Әңгіменің немесе ертегінің басталуын беріп, аяқталуын оқушыларға тапсыру.
  3. Ертегіні ұжым болып тыңдап, талқылау ұйымдастыру.
  4. Ұнатқан кейіпкерге мінездеме беру, дәлел келтіру.
  5. Қиялдау арқылы сурет салу, рөлге бөліп ойнау.
  6. Арнайы тақырыпта пікірталас тудыру, қорытынды пікір жаздыру.

Шығармашылық жұмысты ұйымдастыру тәжірибесі

Тәжірибеде әр оқушының пән бойынша ізденімпаздық деңгейі, қызығушылығы және қабілеті анықталады. Шығармашылық жұмыс — оқушының жеке мүмкіндіктерін, танымдық дағдыларының деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Шығармашылық жұмыстарды жүйелі орындау үшін мақсат, жұмыс барысы, нәтижелер және оқушының өзіндік ұстанымы ескеріледі. Таңдаулы жұмыстардың авторлары қорғау қорытындысы бойынша марапатталып, жұмыстар мектеп көрмесіне қойылады немесе жинақтарға енгізіледі. Кейбір оқушылар бір оқу жылында түрлі пәндерден 10–15 шығармашылық жұмыс орындауға дейін жетеді.

Жұмысты рәсімдеу жоспары

  • Тақырып, оқушы мен жетекшінің аты-жөні, сыныбы, мектебі, жылы.
  • Тақырыптың өзектілігі.
  • Негізгі идеясы мен мақсаты.
  • Жұмыс мазмұны және жоспары.
  • Орындалу барысындағы қиындықтар және оларды шешу жолдары.
  • Қорытынды және практикалық мәні.
  • Өзіндік талдау және өзіндік бағалау.

Сабақтан нақты мысалдар

4-сынып: А. Алпысбай «Желтоқсанда үзілген жауқазын»

«Екі түрлі сипаттама» әдісін қолдану оқушылардың қызығушылығын арттырып, тілдік қорын байытты; өмірге көзқарасы мен өзіндік ой-пікірі қалыптасуына ықпал етті.

2-сынып: Б. Соқпақбаев «Бурыл ат»

Жылқының жасына қарай атаулары және ат әбзелдері бойынша сөздік жұмыс кесте арқылы жүргізілді. Әр сөзге мұғалім көмегімен түсініктеме беріліп, оқушының тілдік қоры жүйелі түрде толықтырылды.

Жылқы жасына, түріне қарай

Құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, сойтал, дөнен, бесті, қулық, бие, ат, сәурік

Құнан
Екі жасқа толып, үш жасқа аяқ басқан еркек жылқы.
Дөнен
Үш жасқа толып, төрт жасқа аяқ басқан жылқы.

Ат әбзелдері

Жүген, қамшы, тізгін, тартпа, үзеңгі, ер, тоқым, құйысқан, өмілдірік

Үзеңгі
Атқа міну үшін ер-тұрман әбзелінің аяқ салатын бөлігі.
Тартпа
Ер-тоқымды ұстап тұратын бел тартпа.
Өмілдірік
Аттың омырауында бел тартпаны ұстап тұратын әбзел.

Маңызды педагогикалық шарт

Оқушы өзіндегі бұрыннан бар амал-тәсілдердің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезінетіндей жағдайға түскенде, білімге деген ынта-ықыласы артып, әрекетке көшеді.

Диагностика: тесттер және қорытындылар

Тест №1: Танымдық қажетсінуді анықтау

Бағалау шкаласы: 5 — иә, 4 — көбінесе, 3 — кейде/сирек, 2 — білмеймін, 1 — жоқ (сәйкес келмейді).

  1. Мен білуге тырысамын.
  2. Мен өз мүмкіндігіме, қабілетіме сенемін.
  3. Жұмысым көп болмаса да, өзімді дамытуға уақыт бөлемін.
  4. Өз пікірімді, көзқарасымды жеткізуге тырысамын.
  5. Танымдық сұрақтар туындағанда, кеңінен пікірлесуге дайынмын.
  6. Сабақтағы кейбір кедергілер менің белсенділігімді реттейді.
  7. Проблемалық жағдаяттар танымдық ізденімпаздығымды арттырады.
  8. Өзімнің және жолдасымның әрекетін салыстырамын.
  9. Ақыл-ой еңбегімен ұзақ уақыт айналыса аламын.
  10. Кері байланысты іздеймін, бұл өзімді тану мен бағалауға көмектеседі.
  11. Өз білімім мен тәжірибемді өмірде қолдана аламын деп ойлаймын.
  12. Қызығушылығыма байланысты достар табуға тырысамын.
  13. Мамандық таңдауда білім деңгейімді ескеремін.
  14. Танымдық ой-өрісімді дамытып, жақсы нәтижелерге жетемін.
  15. Жауапкершіліктен қорықпаймын.

45 ұпайдан жоғары

Қажетсінуді белсенді орындайсыз.

36–44 ұпай

Өзін-өзі дамытуға құлшыныс тұрақты емес; ізденімпаздық жүйелі қалыптаспаған.

14–35 ұпай

Өзін-өзі дамыту жеткіліксіз; оқуға жауапкершілікпен қарау қажет.

Нәтиже

45+ ұпай
20%
36–44 ұпай
48%
14–35 ұпай
32%

Тест №2: Ынталандыратын факторлар

Төмендегі факторларды 5 балдық шкала бойынша бағалаңыз: 5 — иә, 4 — көбінесе, 3 — кейде, 2 — білмеймін, 1 — жоқ (қосылмаймын).

  • Болашақты жоспарлау
  • Алдына мақсат қою
  • Жеке дамуға ұмтылу
  • Өз бетінше білім көтеру
  • Дербестік пен саналылықтың артуы
  • Пікірталасқа қатысу, өз ойын айту
  • Мұғалімді үлгі тұту
  • Оқу тапсырмасын орындауға әрдайым дайын болу
  • Сыныптастарының пікірінің ықпалы

Нәтиже: оқушы тұлғасында байқалған өзгерістер

Ана тілі пәніндегі шығармашылық жұмыстардың әсері

Оқушылардың орындаған шығармашылық жұмыстары ойлау мәдениетінің, мәтін құрастыру дағдысының және сөздік қорының байығанын көрсетті. Өлең шығаруға жаттыққан сайын тілдік икемі күшейіп, өз ойын жүйелеу қабілеті артты.

Қалыптасқан дағдылар

  • Өз бетінше білім алуға құштарлық оянды.
  • Шығармашылықпен жұмыс істеу дағдысы қалыптасты.
  • Оқуға ынта-ықылас артты.
  • Бір-бірінің ойын сыйлау, пікір мәдениеті нығайды.

Тұлғалық өсу

  • Өз ойын қағазға түсіруі жүйеленді.
  • Жеке тұлғаны және ұжымды сыйлау күшейді.
  • Сыни тұрғыдан ойлау және дәлелдеу дағдысы артты.
  • Топпен жұмыста тыңдай білу мәдениеті қалыптасты.

Әрбір мұғалімнің басты міндеті — оқушының жеке қасиеттері мен қабілеттерін дамыту, талантын және шығармашылығын ашу. Д.И. Менделеев ғылымның сарқылмас көзін ашуда мұғалім еңбегін жоғары бағалап, ғылымды сүйіп, терең меңгерген ұстаз ғана оқушыға мағыналы білім бере алатынын атап көрсетеді. Болашақта жоғары технологияны меңгерту және әлемдік білім кеңістігіне шығу — бүгінгі күннің маңызды мақсаты.

Қорытынды тұжырымдар

  1. Шығармашылық тапсырмаларды пән мазмұнына бейімдеп қолдану оқушы қызығушылығын арттырады.
  2. Білім сапасы жоғарылап, оқу әрекеті нәтижелі бола түседі.
  3. Дарынды тұлға белгілері айқындалып, шығармашылық шеберлік шыңдалады.
  4. Қазіргі заман талабына сай, дербес ойлайтын тұлға қалыптасады.
  5. Логикалық ойлау және шығармашылық әрекетке қабілет артады.
  6. Мұғалім әр оқушыны жеке тұлға ретінде көріп, оның өз орнын табуына, сынып ұжымын қалыптастыруға және ата-анамен ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді.