Тренинг бағдарламасы

Тренингтің мақсаты

Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың ерекшеліктерін психологиялық жаттығулар арқылы көрсету, өзара түсіністікті күшейту және жылы байланыс орнатуға ықпал ету.

Көрнекіліктер

  • Тақырып жазуы
  • Қағаздар
  • Шам
  • Теледидар
  • Сиқырлы таяқша
  • Альбом
  • Газет
  • Шар

Тренинг бағдарламасы

  1. 1 Танысу

    Есімдер аллитерациясы

  2. 2 Ой бөлісу

    Баяндама: «Ата-ана махаббаты»

  3. 3 Топтық жұмыс

    «Біз біргеміз!» жаттығулары

  4. 4 Ойын

    «Өтінемін!»

  5. 5 Рөлдік әрекет

    «Сиқырлы таяқша» жаттығуы

  6. 6 Қолдау

    «Шапалақ» жаттығуы

  7. 7 Қорытынды

    Ой-толғаныс

Тренинг барысы

I. Ата-аналарды тіркеу

Қатысушылар тіркеледі, тренинг бағдарламасымен танысады, күннің мақсаты мен ережелері қысқаша түсіндіріледі.

II. Есімдер аллитерациясы

Мақсаты: таныстыру

Шарты

Әр отбасынан бір адам қатысушылардың есімдерін атап, өз есімінің бірінші әрпінен басталатын жағымды қасиетін айтады.

Талқылауға сұрақтар

  • Есіміңіз бен жақсы қасиетіңіз айтылғанда қандай сезімде болдыңыз?
  • Қазіргі көңіл-күйіңіз қандай?

III. Баяндама: «Ата-ана махаббаты»

Негізгі ой

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік пен әдеп-инабаттың орнығуы ең алдымен отбасыдан басталады. Бала ата-анасын жүрек қалауымен ардақтап, саналы түрде құрметтегенде және үлкендерден көрген өнегені өз қарым-қатынасында жүзеге асырғанда ғана отбасының тәрбиелік құндылығы нығаяды.

Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, келешекке сенімі — ата-анасын қадірлеп, перзенттік парызын ұмытпауында. Бұл тек мәдениеттілік пен әдептіліктің емес, ең алдымен адамшылықтың белгісі.

Бала — ата-ана өмірінің жалғасы. Қазақы танымда «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деген сөз баланың амандығын бәрінен жоғары қоятын мейірімнің айғағы.

Бала тәрбиесі — қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін күрделі процесс. Тәжірибенің аздығы, тек өз көзқарасына сүйену немесе педагогикалық білімнің жеткіліксіздігі тәрбие үдерісінде қателіктерге әкелуі мүмкін. Сондықтан мектеп өмірінде ата-аналардың педагогикалық білімін жетілдіру, мәдениетін арттыру және бала тәрбиесіне белсенді араластыру мақсатындағы семинар-тренингтердің маңызы зор.

«Біз бақытты жанұямыз!»

Алдын ала салынған суреттер ішінен өз балаңыз салған суретті тауып алыңыз.

Талдау сұрақтары

  1. Өз отбасыңыздың суретін қалай таптыңыз?
  2. Табу қиын болды ма?
  3. Тапқаннан кейін қандай сезімде болдыңыз?

«Біздің ортақ суретіміз!»

Қатысушылар ақылдаспай сурет салады: бірінші адам бастайды, қалғандары кезекпен жалғастырады.

Талдау сұрақтары

  1. Бастаған суретіңіз ойыңыздан шықты ма?
  2. Мақсатқа жетуге кедергі болды ма?
  3. Бір-біріңізді қалай түсіндіңіз?
  4. Суретке қанағаттанасыз ба? Қанағаттанбасаңыз — неге?

IV. «Өтінемін!» ойыны

Мақсаты: тыңдау және ықылас

Қатысушылар ортаға жартылай шеңбер жасап тұрады. Жүргізуші «сиқырлы сөздер» туралы сұрайды (мысалы: «рақмет», «өтінемін»). Ереже: жүргізуші тапсырманы «өтінемін» деп бастаса ғана қатысушылар орындайды; айтпаса — орындамайды.

Үлгі тапсырмалар

  • Секіріңдер
  • Оң аяқтарыңызды көтеріңіздер
  • Өтінемін, алақанмен қол шапалақтаңдар
  • Өтінемін, бір-біріңді құшақтаңдар
  • Оң қолдарыңмен сол құлақтарыңды уқалаңдар

V. «Өзіңді өзің тани біл»

Өзін-өзі тану

Қатысушыларға үлестірмелі қағаздар беріледі. Төмендегі сұрақтарға қысқа әрі шынайы жауап жазады.

Мен кіммін, қандаймын?

Мен ____________

Мен ____________

Мен ____________

Мен ____________

Мен туралы басқалар не деп ойлайды?

__________________________

__________________________

__________________________

VI. Ата-аналарға арналған сауалнама

«Сіз және балаңыз бір-біріңізді түсіне аласыздар ма?»

1) Балаңызда қиындықтар кездессе, сіз оны қалай байқайсыз?

  • а) Ол өзі маған бұл туралы айтады.
  • ә) Ол бұл туралы басқа жақын адамға хабарлайды.
  • б) Мен ана/әке болғандықтан мұны өзім сеземін.
  • в) Бұл туралы кездейсоқ біліп қаламын.

2) Балаңыздың досы сізді қалай қабылдайды?

  • а) Екінші анасы сияқты сезінеді.
  • ә) Сіз кіргенде үндемей қалады немесе әңгімені басқа арнаға бұрып жібереді.
  • б) Құрметтейді, бірақ салқын қарайды.
  • в) Құрметпен және сүйіспеншілікпен қарайды.

3) Әдетте достарымен жиналатын орындарға балаңыз сізді шақыра ма?

  • а) Кейде.
  • ә) Жоқ, ешқашан.
  • б) Шақырды, бірақ мен келіспедім.
  • в) Олардың жиналатын орны маған ұнамайды.

4) Көп ата-ана балалардың ата-ананың заттарын пайдаланып кететініне шағымданады. Сіздің жағдайыңызда:

  • а) Бұлай болмайды, себебі бұл заттар сәннен шығып қалған.
  • ә) Бұлай болмайды, себебі оған шақ келмейді.
  • б) Мен әркез өз заттарымды оның шкафынан іздеуге мәжбүрмін.

5) Балаңыз телехабарлардың біріне қызығып отыр. Сіз не істейсіз?

  • а) Оған қызық нәрсе мен үшін қызық емес.
  • ә) «Саған бұл хабар ұнай ма?» деп сұраймын.
  • б) Ол бұл хабар туралы өзі бірдеңе айтар деп үміттенемін.
  • в) Біраз уақыт мазмұнын түсінуге тырысамын, кейін бірге талқылаймын.

6) Балаңыз дүниеге келгеннен бері «Біздің кезімізде бұлай болмаған» деп қанша рет айттыңыз?

  • а) 1–2 рет, бірақ бәрібір уақыт өзгеретінін мойындаймын.
  • ә) Қанша рет айтқаным есімде жоқ.
  • б) Аз ғана: қайталай бергеннен ештеңе өзгермейді.
  • в) Мен бұлай айтқан жоқпын.

Тест қорытындысы

Егер «а» жауабы 4–6 рет кездессе — сіз жақсы ата-анасыз. Сіз үшін сүйіспеншілік пен құрмет бірін-бірі толықтыратын құндылықтар.

Егер «а» жауабы 3 рет немесе одан аз болса — балаңызбен тығыз қарым-қатынас орнатуға назар аударыңыз. Оның қызығушылықтары мен достары туралы көбірек біліңіз.

VII. Есте қалған қызықты оқиға

Жылы естелік

Топ дөңгеленіп отырып, допты бір-біріне кезекпен береді. Доп кімнің қолына тисе, сол адам өз өмірінен есте қалған қызықты оқиғаны қысқаша айтып береді.

VIII. «Шапалақ» жаттығуы және қорытынды тілек

Қолдау және мотивация

Слайд көрсетілім жасалады. Соңында қатысушылар бір-біріне қол шапалақтап, қолдау білдіреді.

Тілек:

Барлық өмірлік істеріңізде сізге күш-қуат тілеймін!