Күлпаш Жаңа сабақ

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Тақырып

Бейімбет Майлин — «Күлпаш»

Сабақ түрі

Ашық сабақ (ана тілі пәні)

Технология

  • Жобалау-конструктивті технология
  • АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар)

Көрнекіліктер

  • Слайдтар
  • Дидактикалық материалдар
  • Бейнематериал
  • Рөлдік атрибуттар
  • Түрлі түсті қорапша, стикерлер

Сабақтың мақсаттары

1) Білімдік

Оқушыларға Б. Майлиннің «Күлпаш» әңгімесі арқылы қазақ халқының ашаршылық кезеңіндегі тұрмысы туралы мағлұмат беру. Сынып оқушыларының кемінде 80%-ы берілген тапсырмаларды топта нақты орындап, сұрақтарға мағыналы әрі толық жауап беріп, өз ойын қорытындылай алуы тиіс.

2) Дамытушылық

Өздігінен ізденіп жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту.

3) Тәрбиелік

Отансүйгіштікке, қайырымдылыққа, шыдамдылыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Сабақта оқушының белсенді қатысуын арттыру үшін бірнеше әдіс қатар қолданылады.

Кейс-стади Сұрақтары бар қорап «Сөйлей алатын қолдар» Деңгейлік тапсырмалар «Ақылдың алты қалпағы»

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың ұраны

5 болсын алар бағамыз, Біздер тату баламыз. Өнер-білім көп оқып, Өсе берсін санамыз.

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Сөйлетер сөзді шеберлеп, Өзің — ана тілімсің. Байыптап жақсы оқысаң, Негізі менде білімнің.

Сабақ басталар алдында оқушылар берілген суреттер арқылы топтарға бөлінеді. «Кіру парағы» толтырылады: смайликтер арқылы сабаққа дейінгі көңіл күйін білдіреді.

Үй тапсырмасын тексеру

«Азаттық жолында» мәтіні бойынша әр оқушыға сәйкестендіру тесті таратылып, түсінгені тексеріледі және бағаланады. Дұрыс жауаптар слайдта көрсетіліп, оқушылар арнайы бағалау парағына өзін-өзі бағасын қояды.

Тест сұрақтары (үлгі)

  • Тоқаш Бокинге қандай айып тағылды?
  • Тоқаштың анасының есімі кім?
  • Бекболат Әшекеев кім?
  • Айыптау қорытындысы не болды?

Ескерту: сәйкестендіру нұсқалары (мысалы, «Жетісу көтерілісінің басшысы», «Дарға асу», «Зейін Шашкин», т.б.) слайдта беріледі.

Жаңа сабаққа дайындық

Ой қозғау

Тауда туған құлынның Екі көзі таста болар. Ашаршылықта туған баланың Екі көзі аста болар.

«Қандай заманда туған баланың?» деген сұрақ арқылы оқушылардың бастапқы білімін анықтау: ашаршылық дегеніміз не?

Бейнематериал

Ашаршылық туралы қысқаша видео көрсетіледі (шамамен 2 минут). Видеодан кейін мұғалім түсініктеме береді.

Дерек (слайдтан)

1930–1932 жылдары Қазақстан халқының саны 6 миллионнан асқан болса, соның 2 миллионнан астамы аштықтан қырылды.

«Жырлағаным — кедейдің жыры, сырлағаным — кедейдің сыры…» деген жолдар арқылы оқушыларды Бейімбет Майлиннің тұлғасымен байланыстырып, автордың неге кедей тағдырын өз үніне айналдырғанын талқылау ұсынылады. Оқушылар үйден дайындап келген мәліметтерімен бөліседі.

Осы тақырыпта жазылған шығарманың атауы анықталады: «Күлпаш».

Жаңа сабақ: бағытталған оқу және кейс-стади

Мәтін бөліктері топтарға бөлініп беріледі. Оқушылар 3 минут ішінде үзіндімен танысып, талдап, қарсы топтарға қоятын сұрақтарын дайындайды.

Топ ішіндегі рөлдер

  • Сарапшы: мазмұнның дұрыс баяндалуын, сұрақ-жауаптың нақтылығын қадағалайды, қажет жерде түзетеді.
  • Баяндаушы: өз үзіндісін басқа топқа түсінікті етіп әңгімелейді.
  • Қарсы сұрақ қоюшы: жауап берген оқушыларға тереңдететін қосымша сұрақ дайындайды.
  • Жол сілтеуші: топты ұйымдастырып, ойды жүйелеуге және дұрыс бағыт беруге көмектеседі.

Сұрақ-жауап үлгісі

Сұрақ: Үйдің іші қандай еді?

Жауап: Үй суық. Жыртық терезеден кірген ызғырық шекеден шыққандай.

Нақтылау: «Шекеден шыққандай» тіркесі қандай мағына береді?

Сергіту сәті

«Сөйлей алатын қолдар» әдісі арқылы оқушыларды қозғалысқа келтіріп, назарын қайта шоғырландыру.

Бекіту кезеңі

Сөздікпен жұмыс

Өрім-өрім
тозған, жыртылған
Бөкебай
басқа жабатын шәлі
Ызғырық
суық жел
Өлмелі кедей
өте кедей адам

Сараланған тапсырмалар

  • Қолдауды қажет ететін оқушыға: оқулықтағы сурет бойынша шағын әңгіме құрастыру.
  • «Сұрақтары бар қорап»: бірнеше сұрақ таратылады, «Ақылдың алты қалпағы» әдісі бойынша талқыланады.
  • Дарынды оқушыға (логикалық/математикалық): егер қазіргі қазақ халқы 16 миллион болса, ашаршылықта 2 миллион адам қырылмаса, қазір халық саны қанша болар еді?

Қорытынды және бағалау

Қорытындылау

Жобалау-конструктивті технология арқылы берілген сызба бойынша бүгінгі тақырып жүйеленіп, негізгі ойлар қорытындыланады.

Үй тапсырмасы

  • Мәтін мазмұнын өз сөзімен баяндау
  • Суретін салу
  • Бөлімдерге ат қою

Өзін-өзі бағалау: «Баспалдақ» тәсілі

Оқушы өз түсіну деңгейін және үй тапсырмасын орындауын бағалайды.

  • 5 Жақсы түсіндім, тапсырмаларды дұрыс орындадым.
  • 4 Орташа түсіндім, кей тұста қателестім.
  • 3 Нашар түсіндім, көп қолдау қажет.
  • 2 Мүлде түсінбедім, қайта түсіндіру керек.